«Айман-Шолпанды» жырлады
«Айман-Шолпанды» жырлады
452
оқылды
Биыл ұлтымыздың рухани құндылығына айналған «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанның дүниеге келгеніне – 210 жыл. Елорда төрінде 3-4 мамыр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, белгілі әнші, жыршы, айтыс­тың ақтаңгері атанған Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанын жырлады. Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігі­нің Музыкалық жас көрер­мен театрының сахнасында бір сағат жарым тоқтау­сыз жыр төккен Х.Бердіғалиев кө­рер­меннің қолқасын қалдырмай ән-термелер де орындап берді. Шығармашылыққа жарты ғасыр ғұмырын арнаған Хатим­ол­ла Берді­ғалиевке Мәдениет және спорт ми­нистрі Д.Абаев­тың құттықтау хатын вице-министр Н.Дауешов табыс етті. Эпосты сөйлетудің керемет үлгі­сін көрсеткен Хатимолла ағамызға әлем таныған дүлдүл әншіміз Димаш­тың атасы Құдайберген Айтбаев бастаған аға буын ақ батасын беріп, Н.Өнербаев, М.Ильясова, С.Айт­баева бастаған өнер қайрат­керлері шапан жауып, тілектерін білдірді. Сонау 80-жылдардың аяғын­да қазақ айтысының жар­қын үлгісін жасаған Хати­молла Бердіғалиев пен Баян Өлгей аймағынан келген Егеухан Мұхамедияқызы­ның жыр сайы­сы – әлі күнге ел жадында. Егеухан апамызға Хатимолла ағамыз­дың «Қара­кер» дом­бырасын сыйлауы, шекара асқан киелі домбыраның араға жылдар салып қасиеті одан әрі жаңғырып атажұртқа, еліміздің рухани кеңістігіне белгілі ақын әрі әдебиетші-ғалым, өнер қайраткері Дәулет­керей Кәпұлы (Егеухан апа­ның ұлы) болып оралуы­ның аста­рында –ұлттық тағылым мен өнеге жатыр. Егеухан апа да кешке арнайы келіп, «Қаракер домбыра» туралы жазған поэма-кітабын тарту етті. Х.Бердіғалиев – шәкірттер тәрбиелеген ұстаз. Сондықтан Музыкалық жас көрермен театрының әртістерімен екі күн бойы шеберлік шыңдау дәрісін өткізіп, кәсіби шығармашылық тәжірибесімен бөлісті.