Биыл ұлтымыздың рухани құндылығына айналған «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанның дүниеге келгеніне – 210 жыл. Елорда төрінде 3-4 мамыр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, белгілі әнші, жыршы, айтыстың ақтаңгері атанған Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанын жырлады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында бір сағат жарым тоқтаусыз жыр төккен Х.Бердіғалиев көрерменнің қолқасын қалдырмай ән-термелер де орындап берді. Шығармашылыққа жарты ғасыр ғұмырын арнаған Хатимолла Бердіғалиевке Мәдениет және спорт министрі Д.Абаевтың құттықтау хатын вице-министр Н.Дауешов табыс етті. Эпосты сөйлетудің керемет үлгісін көрсеткен Хатимолла ағамызға әлем таныған дүлдүл әншіміз Димаштың атасы Құдайберген Айтбаев бастаған аға буын ақ батасын беріп, Н.Өнербаев, М.Ильясова, С.Айтбаева бастаған өнер қайраткерлері шапан жауып, тілектерін білдірді. Сонау 80-жылдардың аяғында қазақ айтысының жарқын үлгісін жасаған Хатимолла Бердіғалиев пен Баян Өлгей аймағынан келген Егеухан Мұхамедияқызының жыр сайысы – әлі күнге ел жадында. Егеухан апамызға Хатимолла ағамыздың «Қаракер» домбырасын сыйлауы, шекара асқан киелі домбыраның араға жылдар салып қасиеті одан әрі жаңғырып атажұртқа, еліміздің рухани кеңістігіне белгілі ақын әрі әдебиетші-ғалым, өнер қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы (Егеухан апаның ұлы) болып оралуының астарында –ұлттық тағылым мен өнеге жатыр. Егеухан апа да кешке арнайы келіп, «Қаракер домбыра» туралы жазған поэма-кітабын тарту етті. Х.Бердіғалиев – шәкірттер тәрбиелеген ұстаз. Сондықтан Музыкалық жас көрермен театрының әртістерімен екі күн бойы шеберлік шыңдау дәрісін өткізіп, кәсіби шығармашылық тәжірибесімен бөлісті.