Сұрмерген Сүлейменов – Халық Қаһарманы
Сұрмерген Сүлейменов – Халық Қаһарманы
Күні кеше тарихи әділдік орнап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай мерген Ыбырайым Сүлейменовке «Халық Қаһарманы» атағы берілуін жамбылдық жұртшылық асқан ықыласпен қабылдады. Сұрмерген Сүлейменов 1911 жылы Жамбыл облысы Байқадам ауылында дүниеге келген. Әскери атағы – старшина. 100 жеке атқыштар бригадасының 2 жеке атқыштар батальонында снайпер-бақылаушы болған. Әскер қатарына 1942 жылы қараша айында шақырылып, бір жылдың ішінде жаудың 239 жауынгері мен офицерінің көзін жойған. 1943 жылдың 16 қарашасында қаһарман ұл қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге Невел қаласы Изоча стансасындағы 173,3 биіктікте жаумен үлкен қиян-кескі шайқасқа түседі. Мерген жаудың екі шабуылын тойтарып, 12 фашисті мерт қылады. Осы тұста кеңес әскерінің оқ-дәрісі таусылып, шегінуге мәжбүр болады. Алайда Ыбырайым мен Мәншүк биік басында қалып, қаруластарының қауіпсіз жерге шегінуін қамтамасыз етеді. Мәншүктің пулеметі үнсіз қалғанда Сүлейменовтің де оғы таусылып, ол жалаң қолмен жауға қарай жүгіреді. Осы сәтте оған оқ тиіп, окоптың біріне құлайды. Сол жерден винтовка тауып алған мерген тұра келіп, жауға қайта оқ жаудырады. Осылайша, соңғы демін алғанша 289 фашистің көзін жойған Ыбырайым Сүлейменов пен Мәншүк Мәметова кейіннен «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылады. Алайда Мәншүк Мәметоваға «Кеңес Одағының Батыры» атағын беріледі де, Сүлейменовтің ерлігі «Ленин» орденіне ғана лайық деп танылады. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы осы бір әділетсіздік көптен қоғам талқысына салынып келген-ді. Мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед «Өш­пес ерлік» атты мақаласымен Ыбырайым Сүлейменовтің көзсіз ерлігін егжей-тегжейлі көрсетіп жазса, Ұлы Жеңістің 50, 60, 70 жылдығы қарсаңында жамбылдық зиялы қауым өкілдері де мергенге «Халық Қаһарманы» атағын беруді ұсынды. Батырдың немере қарындасы Айткүл Сүлейменова ағасы үшін бұл атақты 30 жыл күткенін жеткізді. – «Халық Қаһарманы» атағы берілсе, батыр ағамның рухының алдында бір парызым өтелгендей болар еді деп көп ойланатынмын. Мерген ағама атақ беру мәселесі 30 жылға жуық уақыттан бері көтеріліп келеді. Кезінде өзінің замандас қаруластары Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов көтерді. Елбасына дейін ашықхат жазылды. Әрине, ештен кеш жақсы. Ұзақ жыл сарыла күткен лайықты марапаты батырға енді берілсе, бұл бізге ғана емес, Жамбыл халқы үшін үлкен қуаныш. Ыбырайым ағадан жалғыз тұяқ Алмагүл есімді қыз қалған. Алайда ол бұл күнді көре алмады. Осыдан 20 жыл бұрын өмірден озып кетті. Мен Ыбырайымның туған ағасы Сүйіндіктің қызымын. Ыбырайым ағамды майданға өзім шығарып салғанмын. Сол сәт әлі есімде. Жамбылдағы Ленин атындағы мектептен сарбаздарды соғысқа шығарып салатын орын дайындалды. Сол жерден бір үйден бес бала майданға аттанды. Негізі, Ыбырайым ағам отбасында 8 ағайынды болды. 7-і ұл болса, 1-і қыз. Осы 7 ұлдан соғысқа аттанған 5 баланың біреуі ғана тірі оралды. Үшеуі із-түзсіз жоғалып кеткендер тізімінде кетті. Ағам соғысқа кеткенде 31 жаста болатын. Оның ерлігін елеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділ бағасын бергені үшін шексіз ризамын. Қуанышым қойныма сыймай отыр. Ұсыныс жасап, оны ұлы қуанышқа ұластырған барша жанашырға алғыс айтамын, – дейді Айткүл әже. Иә, ерліктің еленіп, әділ бағасын алғаны – бұл әрине батыр рухының алдындағы парызымыз. Қазір Тараз қаласы мен Сарысу ауданындағы Ыбырайым Сүлейменовтің атымен аталады. Одан бөлек, Тараз қаласы мен Жамбыл ауданында батырдың есімі берілген көшелер бар. Арада 80 жылға жуық уақыт өткенде Ыбырайым Сүлейменовке «Халық Қаһар­маны» атағының берілуі батыр атын келер ұрпақ санасында жаңғыртудың қарышты қадамына айналмақ.

Саятхан ЖАПАРҰЛЫ, Жамбыл облысы