Қаһарман қандастар қалтарыста қалмасын!
Қаһарман қандастар қалтарыста қалмасын!
390
оқылды
Уақыт өткен сайын арда­гер­­лермен бірге Екінші дү­ние­жүзілік соғыс тақырыбы да санамыздан өшіп бара жатқандай. Бүгінгі ұрпаққа со­ғыс кино мен шығарма­ларда айтылатын аңыз ғана. Ал оны көргендер мен қан майданда қару алып жауға қарсы күрескендер үшін бұл кешегі шындық. Біз жыл сайын қазақтан шыққан қан­ша­ма соғыс ардагерлерін ұлық­тап, еске алсақ та, өзге топы­рақта дүниеге келіп, батыр­лығымен талай жанды мойындатқан қазақтар­ды елеусіз қалдырады екен­біз. Бұл жатсынғанымыздан емес, тарихты жақсы білмегенімізден, батырларымыздың ерлігіне қы­зығып, түгендемегенімізден де шы­ғар. Әйтпесе, өмірге өзге то­пырақта қазақ болып келіп, батыр болып кеткен боздақтарымыз бар­шылық. Осынау соғыста бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгерлер, командирлер, қол­басшылар, партизандар, қара­пайым халық өкілдері 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы құрмет – Кеңес Одағының Батыры ата­ғын иеленді. Солардың қатарында қазақтан шыққан 103 қаһарман бар. Біз ізденген дерек бойынша, олар­дың 13-і көршілес мемлекет­тердің атынан соғысқа аттанған. Айталық Ресейдің Таулы Алтай, Астрахан, Омбы мен Орынбор облыстарынан шыққан 7 батыр, Өзбекстанда туған 5 қазақ, Түрік­менстаннан 1 қандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағын иеле­ніпті. Соғыс тақырыбын зерттеген журналист Бекен Қайраттың айтуынша, батырларымыз өзге елдің топырағында дүниеге келсе де, олардың ерлігі қазақ халқына үлгі, рухына қолдау. – Бар қазақтың Отаны, құйы­лып жатқан алтын бұлағы, теңізі – Қазақстан. Шетелдегі қазақ ба­тырлары ұлтымыздың өкілі ре­тінде әрбір қазақтың мақтанышы болуы керек. Сондықтан өзге то­­пырақта дүниеге келіп, соғыста батыр атанған майдангерлердің ерлігін жан-жақты зерттеуіміз қажет. Өйткені олар басқа қоғам­ның мүшесі болса да, «кімсің?» де­ген сұраққа «қазақпын» деп жауап береді,– дейді Бекен Қайрат.   Өзбекке телінген қазақ батыры Қазақ батырларының қадірін өзіміз біліп, төрімізге шығара алмай жүргенде көрші ағайын өз­деріне теліп үлгерген. Ұзақ жыл­дар бойы өзбек халқы Орта­лық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовты өз­де­рінің ұлттық батыры, өзбектен шыққан тұңғыш генерал деп құр­меттеп келді. Есімін де тілдеріне бейімдеп Собир Рахимов деп жазды. Батырға арнап елінде ескерткіштер орнатты, есімін Ташкенттегі метро стансасына, ау­дандарға, көшелерге, мектеп­тер­ге берді. 1949 жылы өзбек жа­зу­шысы Камиль Яшен «Генерал Рахимов» пьесасын жазды, 1967 жылы «Өзбекфильм» киностудия­сы «Генерал Рахимов» атты көр­кем фильм түсірді. С.Рақымов өмір­дерегін 70-жылдары Шым­кент педагогика институтында ұстаздық еткен, филология ғы­лым­дарының кандидаты Әсілхан Оспанұлы, Л.Юсупов, 90-жыл­дары Е.Дүйсебеков, танымал журналист, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ зерттеп, С.Рақымов­тың өзбекстандық қазақ екенін дәлелдеген. С.Рақымовтың қа­зақ­тығы қазақ баспасөзінде біраз жыл­дардан бері көтеріліп кел­генімен билік оны кейінгі жылда­ры ғана мойындай бастады. Ба­тырдың жары Құралай Натуллаева өмірден озғанша жұбайының қазақ екенін «Сабыр – Ұлы жүз­дің баласы, Суанның ішіндегі руы қанбағыс, Мәмбетбек датқаның немересі» деп айтумен өтті. Са­быр өзімен бірге майданда болған жұбайы Құралайға «Менің ар­маным – қазақ болып өлу» деп үнемі айтып жүреді екен. Құралай апамыз жұбайын қайта қазақ қы­лу үшін 50 жылдай ізденіп, Сабыр оқыған әскери училищенің, Қазығұрттың мұрағаттарынан «Сабыр Омарқұлұлы», «ұлты қазақ» деген құжаттар тапқан. 1996 жылы халықаралық сотқа шағымданып, ерінің аманатын 50 жылдан кейін орындап 2006 жы­лы өмірден озады. Батыр генерал­ға қазақтардың «ортақтасуы» өз­бектерге ұнамасы анық. Май­дан­ға бірнеше рет концертпен бар­ғанда генералмен кездескен әнші Роза Бағланова да С.Рақы­мовты ұлты қазақ деп өтті. Дегенмен қа­зақтың тұңғыш генералын ұлтына қайтаруға сол кездегі қазақтың тарихшы ғалымдарының ешқай­сысы әрекет жасамаған. Мүмкін «ұлтшыл» атанудан қауіптенді ме екен? Ал биыл тұңғыш қазақ ге­нера­лының туғанына 120 жыл толады.   Атақсыз абырой жинаған Соғыс тақырыбына қалам тер­беу екінің бірінің қолынан кел­мейді. Өйткені өзге елдердің архивтерін қопару, қатталып қалған тарихты қайта қорту – машақаты көп жұмыс. Солай бола тұра, бұл тақырыпты зерттегендер бар. Ал өзге топырақта дүниеге келіп, батыр атанған қазақтарды іздегендер аз. Шеттегі батырла­ры­мызды түгендеген белгілі жур­налист Жанболат Аупбаевтың пікірінше, Кеңес Одағы соғыс тақырыбын жазуға тек майданға қатысқан жазушыларға рұқсат берген. Тек 1965 жылдан кейін ға­на өзге журналистер бұл тақы­рыпта қалам тербеген. – Шеттегі қазақ батырларын түгендеген журналистердің ал­ғаш­қысы «Правда» газетінен Тельман Жанұзақов еді. Ол 3 мың­ға жуық батыр атағына ұсы­нылған, алғаш партизан болған қазақтар жайлы газетке «Қаһар­ман» сериясымен мақалалар жариялады. Одан кейін Қалаубек Тұрсынқұлов Белоруссиядағы батырлардың ішінен қазақтың есімдерін көріп, «Алыста қалған ағалар» атты еңбек жазды,– дейді Жанболат Аупбаев. Оның айтуынша, Кеңес Ода­ғының Батыры атағын алмаса да, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскен қазақ ба­тыр­лары көп болыпты. Ал олар­дың есімі көп жерде көрсетіліп, айтыла бермейді. Жанболат Ауп­баев шетте туған батырларымызды түгендеу үшін Ресейдің бірнеше облысына барған. Осылайша, Омбыдан шыққан қазақ батыры Төлеу Сәрсенбаевтың есімімен танысады. Төлеу Сәрсенбаев – өзінің жанқиярлық ерлігімен көз­ге түсіп, Кеңес Одағының Баты­ры атағына ұсынылған ұш­қыш-радист. Кеңес Одағының Батыры М.М.Воронковтың авиаэскадрильясында қызмет еткен қазақ батыры ауылда қалған Қайролла деген інісіне: «Өртенген ұшақты жерге қондырып, әрең дегенде аман қалдық», – деп бір рет хат жазыпты. Ұрыс алаңының аспанында жарық жұлдыздай жарқ еткен Сәрсенбаев қысқа ғұмырында Кеңес Одағының Батыры атағын алып үлгермеді. Омбыдан шыққан Лұғат Сағын­дықов пен Дүйсеке Мүсетов те – Ұлы Отан соғысына қатысқан жандар. Майдан дала­сындағы от кешуден оралған соң Лұғат Мүсетов Омбы облысының Нововоршавский ауданындағы «Черлакский» кеңшарында шо­пан болып еңбек етеді де, Дүйсеке Мүсетов Любинский ауда­нын­дағы «Северолюбинский» кең­ша­рында диқаншылықпен айна­лы­сады. Айтайын дегеніміз, кешегі майдангер екеуінің бертінгі бей­біт өмірде бағы жанып, Ресейдегі санаулы қазақтар арасында Со­циа­листік Еңбек Ері деген жоғары атаққа алғашқылардың бірі бо­лып қол жеткізгені. Сол кезде «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған азаматтар Кеңес Одағының Батыры атағы­мен бірдей дәрежеге ие болатын. Омбыдан осындай атақ алған ба­тырдың бірі – Әлмұқ Майе­меров. Ол 1942-1943 жылдары 54- армияның құрамындағы генерал И.Федюнинскийдің әс­кері сапында Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысады. Волхов қаласы үшін болған қырғындағы асқан ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденін иеленеді. Арада бір жыл өткенде жоғарыдағы мара­паттың ІІ дәрежесін де алады. Оған бұл награда 1944 жылы Рига аумағындағы батыл да тапқыр іс-әрекетіне байланысты берілген еді. Содан арада жыл өткен соң Германияның Ауст қаласына кіре­берісте зеңбірекпен жау колонна­сын талқандаған ерлігіне байла­нысты Әлмұқ Майемеров І дәре­желі Даңқ орденімен марапат­талады. Қазақтан шығып, Моңғолия мен Қытайда генерал атанған батырлар да бар. Айталық, Ста­лин­нің қолынан жеке марапат алып, шет жерде жүрсе де ерлігі­мен және білгірлігімен көзге түс­кен, Монғолияның тұңғыш қазақ генералы атанған Зайса­нов Мүдәрістің тағдыры осыған мы­сал. Ол соғыс жылдары генерал ше­ніне дейін көтерілген Моңғо­лия­­ның алғашқы қазақ генерал Зайса­нов Мүдәріс 1945 жылы азат­тық майданына қатысып, Ішкі Қытай өлкесінің Манжурия­ға дейінгі жерін Жапон басқын­шы­ларынан тазартуға атсалысса, 1947 жылы 3 маусымнан Бәйтік тауы маңындағы болған жойқан ұрыста ұшағының бензин багына оқ тигенде, ұшағын шеберлікпен жерге қондырады. Ал Бай-өлке аймағында дүниеге келген Ікей Мәзімұлы соғыста көрсеткен ер­лігі үшін Моңғолия Халық Баты­ры атағын алған алғашқы қазақ. Қытайдағы қазақтардан шыққан әскери генерал Хасен Рүстемұлы да Екінші дүниежүзілік соғыста полк басқарып, жапон басқын­шыларына қарсы соғысқан. Дегенмен жат жерде жүріп ерлігімен танылған батырлардың есімін біз әлі де толыққанды біл­мейміз. Жиі-жиі еске алып тұр­масақ ұмытылып та кетуі әбден мүмкін. Өйткені, оларды іздейтін, батырлығын еске алатын ұрпақ­тары Қазақстанда емес. Отанында жоқтайтұғын жақыны болмаған соң қазақ батырлары жайлы ай­тылар әңгіме де аз. Айталық, Пе­тро­павлдың тумасы Әбу Сүлей­менов Ресейдің Қорған облысына көшіп барып, сол жақта оқып, майданға аттанған. Бірақ Қа­зақ­стандағы туыстары Ә.Сүлейме­новтің ерлігін айтып жүріп, із­деніп батырға мектеп пен көше­нің атын бергізді. Ал Қорған об­лысы Кеңес Одағының Баты­рына бірде-бір құрмет көрсетпей отыр. Ендеше қазақтан шыққан ба­тырларды түгендеу, лайықты дең­гейде құрмет көрсету мәселесі мемлекеттік деңгейде үлкен мін­белерде шешілуі керек. Өйткені барлық қазақ батырының даңқын жоқтайтын жақыны жоқ.