Мың тағзым саған, майдангер!
Мың тағзым саған, майдангер!
373
оқылды
Жеңіс күні қарсаңында көзі тірі майдангерлерге құрмет көрсету жыл­дағы үрдіс. Өңір-өңірде, үл­кенді-кішілі ұжымдарда бейбіт күнді орнату үшін жастығын қан майданға берген ардагерлерге ардақталып жатады. Сол секілді мемлекет тара­пынан да соғыс және тыл ардагер­ле­ріне сыйақы беріледі. Біздегі қа­зақ­стандық ардагерлерге берілетін бірреттік мерекелік сыйақының кө­лемі ТМД-ның өзге елдерімен са­лыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бүгінде елімізде бейбітшілік үшін күрескен 381 соғыс ардагері және Жеңіске жетуге үлес қосқан 97 758 азамат бар. Олардың ішінде қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 92, концлагерь­лер­дің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 212, соғыста қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері) – 3 221, соғыс уақы­тында қаза тапқандардың жесірлері – 6, тыл еңбеккерлері – 74 116, соғысқа қа­ты­су­шылар мен мүгедектерге теңестірілген 20 111 адам есепке алынған.   Ардагерлерге құрмет айрықша Егемен елімізде ерлердің еңбегі ешқашан еленбей қалған емес. Жыл сайын Жеңіс күнінде ардагерлердің аты ар­дақ­талып-ақ келеді. Хал-қарекетінше қаражат бөлініп, сый-сияпат жасалып жүр. Биыл да қаржылық қиындыққа қарамастан қан майданға қатысқандар мен тылда еңбек еткендер елеп-ескерілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеевтің айтуынша, Тәуелсіз­діктің 30 жылында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мем­лекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының біріне айналған. «Бірін­ші­ден, жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеу­меттік төлемдер көлемі ұлғаюда. Аза­мат­тардың 20 санатына өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекет­тік жәрдемақы төленеді. Биыл ардагерлер­дің ай сайын алатын әлеуметтік төлемде­рінің орташа жиынтық мөлшері соғысқа қатысқандарға – 193 714, мүгедек болып қалғандарға 201 615 теңге тағайындалған. Тыл еңбеккерлеріне 132 060 теңге бөлінеді. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағын­дағы соғыс қимылдарына қатысқан арда­герлерге де 205 041 теңге беріледі. Екінші дү­­ние­жүзілік соғысқа қатысушыларға теңес­тірілген тұлғалар 161 174 теңгеден алады», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Руслан Сәкеев. Бұдан бөлек, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары да тұрақты көрсетіледі. Әскери қызметші­лер­ге қолданылатын құқықтар мен ке­піл­діктері, салық салу бойынша жеңіл­діктерді пай­да­ланады. Тегін ем алып, са­наторлық-ку­рорттық емдеу орында­рына да жі­беріледі. Оған қоса, жергілікті атқарушы орган­дар бюджет пен демеушілердің есебінен тартылған қаражатқа қиын өмірлік жағ­дайда қалған ардагерлерге материалдық көмек жасайды. Жыл сайын біржолғы материалдық көмек те дәстүрге айналған. «Биыл да Жеңіс күні қарсаңында жергі­лікті атқарушы органдар 5,4 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсетуді қолға алып отыр. Барлық өңірде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектері үшін біржолғы материалдық көмек кемінде 1 миллион теңгені құрайды. Кейбір өңірлерде 2 миллион теңгеден берілмек. Концлагерьлердің бұрынғы кә­мелетке толмаған тұтқындарына да ке­мінде 100 мың теңге бөлінсе, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне кем дегенде 60 мың, тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңге тағайындалды. Қалған санаттар бойынша төлемдер 9 мамырға дейін аяқталады», – деп атап өтті Руслан Сәкеев. Айтуынша, қаржылай сыйа­қылардың сыртында Жеңістің 77 жыл­дығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ әлеуметтік заңнаманы жетілдіру бойын­ша тұрақты негізде шаралар қабылданып жатыр.   Естелік тақта ашылып, ерлердің ерлігі еленді Мереке қарсаңында биыл бір ғана Алматы қаласының өзінде 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылады. Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов «ардагерлерге құрмет айрықша» екенін алға тартады. Қаладағы аудандық әкімдіктер түрлі концерт өткізіп, «Батырларға тағзым» акциясын ұйымдас­тыруды қолға алған. Мемлекеттік деңгей­дегі әскери шеру болмаса да, әскери ша­тырлар мен заманауи қазақстандық әскери техника, қару-жарақ қойылып, тұрғын­дардың Жеңіс туының желбіреуі үшін ардагерлердің жан алысып, жан беріскенін сезінуге мүмкіндік бермек. «1943 жылдың 1 қаңтарында соғысқа аттанып, 3 Беларусь майданының 5 армиясы 13 минометтік полкінде қызмет ат­қар­дым. Сол жылдың 12 наурызында оң жақ бетіме снарядтың ұшқыны тиіп, Мәс­кеудегі госпитальға жатқызды. Жазылып шыққан соң қайтадан соғысқа кірістім. Госпитальдан келген соң «Ерлігі үшін» медалі берілді. Битевск қаласындағы 22-жеке құпия катюша бригадасына көздеуші болдым. Сөйтіп, тағы сол қолыма бом­баның ұшқыны тиіп, далалық госпитальда емделіп, қайтадан соғыс алаңына оралдым. Сол жылы желтоқсанда «За боевые заслуги» медалін берді», – деп еске алады жасы жүзге жуықтап қалған соғыс ардагері Жақан Сейсебаев. Қан майданда көр­сеткен ерлігін ескерген бүгінгі билікке зор алғысын білдірген ол: «Осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан көріп жатқан қолдау көп. Әлеуметтік-ме­ди­циналық кепілдіктері мен түрлі жеңіл­ді­гін қоса алып жатырмын. Ай сайын жәр­­­де­мақысын, мереке сайын сый-сияпат жасап жатыр. Сыйақыларының мөлшері де жыл сайын өсіп келеді. Елорданың қақ төрінен екі бөлмелі пәтерді де тегін берді», – дейді ардагер.   Әлем елдері қалай ұлықтайды? Армениядағы соғыс ардагерлері мем­лекет беретін кепілдіктердің көңілге медет болмай жатқанын, ай сайынғы төленетін жәрдемақылары жыртыққа жамау болмай жүргенін айтып келеді. Ал Ресейде соғыс ардагерлері Жеңіс күнінде 10 мың рубль көлемінде жыл сайынғы жәрдемақы ала­ды. Беларусь мемлекеті биыл соғыс ар­дагерлеріне – 535, Өзбекстан шамамен – 1 350, Әзербайжан 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысушыларға 882 доллар та­ғайын­даған. Ал Қырғыз Республикасы – 1 218, Тәжікстан 240 доллардан сыйақы бермек. Алып құрлық АҚШ-та ардагерлерін біздегідей мемлекет қамқорлығына алған. Алайда бұл елде соғыс ардагерлері комму­нал­дық төлемдерден босатылмайды. Бірақ мүгедектіктігі бар америкалық ардагер­лердің ай сайын алатын жәрдемақы көлемі 3 800 долларды құрайды. Ұлыбританиядағы да жағдай осы. Түркияда да майдангерлер ай сайынғы жәрдемақы беріледі. Оларға баспана алу үшін пайызсыз ипотекалар қарастырылған. Әрі соғыс ардагерлерінің балалары жоғары оқу орындарында тегін білім алады. Қорыта айтар болсақ, қариясын қазынаға балайтын бізден асып ардагерін ардақтап, құрметке бөлеп жүрген елдер некен-саяқ. Керісінше, бейбіт өмірді алып берген батырларды өскелең ұрпаққа өнеге көрсететін Қазақстан өзге елдерге үлгі-өнеге.