Батырдың аманаты немесе қараусыз қалған қабір
Батырдың аманаты немесе қараусыз қалған қабір
Талғат Бигелдинов екі мәр­те «Кеңестер Одағы Баты­ры» атағын алған жалғыз қа­зақ. Әрі ол екі мәрте «Батыр» ата­ғын алған жалғыз қазақ ұш­қыш. Әскери тапсырмамен әуеде 305 рет ұшқан, 305 рет өліммен бетпе-бет келген қа­һарман. Сол бір соғыстың сұрапыл күн­дері туралы өзі де: «Мінсіз ұшақ бол­майды. Бірақ та сен ұшатын ұшақты жақсы көруің керек. Ол жақсы зат болса да, саған да өз сүйіс­­пеншілігін береді. Машина­ның жаны сірі болды. Кейде тіпті бүтін жері қалмайтын, бірақ сонда ұшақ жұмыс істеп тұрды. Оны тағы да «ұшатын ұшақ» немесе «қара өлім» деп аталған. Бірақ та нұсқау­шы­лардың арқасында ғана емес, он­да отырып соғысқан, өлген, жең­ген­дердің арқасында ұшақ сондай қауіпті қару болған» деп жазған екен. Талғат Бигелдинов жайында аңыз да, ақиқат та көп. Батыр ұл­дың әуедегі көзсіз ерлігі туралы талай рет жазылған. Тіпті, ол тура­лы де­рек­ті фильм де түсірілген. Май­ба­лықта дүниеге келген бала­ның даң­қын аспандатқан да асқақ рухы еді. Үш жүз бес рет жауынгерлік тап­сырмамен ұшып, ұрыс салып, жауы­на атойлап қарсы шықты деп айта салу оңай. Жан алысып, жан беріс­кен сол бір жанталастарда жеңіп шығу мақсат болса, батыр өз мақса­тына жете білді. Үш жүз бес рет өлім­­мен бетпе-бет келді. Үш жүз бес рет өмірге қайта келді. «Бала шағым­да мені шексіз сүйген жал­ғыз адам болды. Ол менің әжем. Әз әжем 101 жыл өмір сүр­ген. Мен аэро­­клубта оқып жүрген кезімде бір күні әжем іздеп келіп, маған былай деп айтты: «Ұлым менің, саған бір дұға үйре­тейін. Жаң­быр жауса, най­зағай жалп етсе, соны оқы, сонда найзағай са­ған түспей, қасыңнан өтіп кете­ді» деген еді. Майданда жүр­­генде де осы сөзін естен шығар­май, дұға­сын іштей қайталап оқып жүрдім» деп жазады өз естелік­терінде. «Аспан адамына» айналған аңыз тұлғаның Кеңсайдағы зира­тына барған жан бар ма? Бізге қоңырау шалған кейіпкер (есімін атағысы келмеді - ред) көкке қол созған көк күмбездердің жанында батыр зираты елеусіз қалғанын айтады. «Жан-жағы сыммен қор­шалған, шағын ғана құлпытас тұр. Бигелдиновтің қайтыс болғанына – сегіз жыл. Сегіз жылда батырдың басын дұрыстап қарайта алмаға­нымыз ба? Жауапты органдар бұған неге мән бермеген? Қоршау­ды кеңейтіп, тіпті басына ескерт­кішін қоюға да болар еді» дейді кейіп­керіміз. «Тірісінде аты аңызға айналған тұлғаның қабірі шынымен қарау­сыз қалды» деп қамығады қоңырау шал­ған бейтаныс жан. Алматыға барған сапарымызда ақпараттың анық-қа­нығын білмекке Кеңсай­дағы батыр бейітіне арнайы бет бұрдық. Жақын­дап келіп, анықтап қара­масаңыз, расын­да Бигелди­новтің қабірі екенін аңғармай қа­луыңыз мүмкін. Батыр Бауыржан Момыш­ұлы­ның бейіті жанында елеусіз жер­де тұр. Жан-жағы сым қоршау­мен қоршалған. Ба­сында Бигелди­новтікі екенін әйгі­леп, шағын құл­пытас тұр. Алыптар­дың қасында аңыз адамның моласы да жетімсіреп тұрғандай әсер етті. Талғат Бигел­диновті өмірден өт­кеннен кейін ұмыт қалдырғаны­мыз ба? Бейітінің басын қарайтып, ес­керткішін қоюға не кедергі? Біз бұл сауа­­лымызды батырдың жары Орын­­­дыбике Бигелдиноваға қой­дық. «Өмірден өткен адамдарға даңқ та, атақ та керек емес. Аруаққа ке­регі біздің дұғамыз ғана. Аталарың өте қарапайым адам болды. Өзінің аманаты да сондай еді. Сол қара­пайым қалса екен деген ойы болған шығар. «Қабірімнің төбесін таспен жауып тастамасын. Қайың ағашы мыңжылдық, сол қайың ағашымен жабыңдар», – деді. Талғат ағала­рыңмен жиырма жыл отастым. Тура жиырма жыл толғанда қай­тыс бол­ды. Үш рет Меккеге бар­ды. Басына қойған тасын Аш­хабадтан ал­дырдым. Биыл туға­нына жүз жыл толды. Жүз жылды­ғына жан-жағын үлкейтіп, гранит құйса деп ойлап қоямын. Биыл үш томдық кітабын шығарайын де отырмыз. Қазақ ті­лін­де шыққан кітабы болмаған. Ал­ғаш рет қа­зақ­ша басылайын деп отыр. Шамам келгенше басына жиі барып тұра­мын. Жан-жағын тазар­тып, гүл қойып кетемін. Мәңгілік өмі­рі жұмақ болсын деп тілей­мін», – дейді Орынбике апай. Қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанованың есімі Атырау әуежайына берілді. Мәншүк Мәме­тованың да есімі Орал әуежайында тұр. Талғат Бигелдинов қайтыс болғаннан кейін қоғам белсенділері тарапынан «Алматы әуежайына батыр атамыздың есімі берілсе» деген ұсыныс айтылған еді. Өкі­нішке қарай, ол да аяқсыз қалды. Одан бері де сегіз жыл өтті. Бигел­динов есімі әуежайға берілген жоқ. Тіпті, қабірінің басын да дұрыстап қарайта алмай отырмыз. Көкпен таласқан күмбез салу міндет емес шығар. Бірақ аңыз адамға, «аспан адамына» лайық ескерткіш орна­тылуы тиіс. Біздің қазақта қайтқан кісінің «басын қарайту» деген ежелден келе жатқан үрдіс бар. Ел есіндегі есті кісілердің қабіріне зиярат жа­сау үшін де керек нәрсе. «Кеңсайға» барсаңыз байдың да, бағланның да неше түрлі құлпытасы, зәулім ке­сенесі тұр. Аруақ жарыстырғаннан аулақпыз. Әйтсе де, Жеңіс күні қар­саңында Талғат Бигелдиновтің қабір басын көріп, екі мәрте «Ба­тыр» атанған жанға ел мен мем­лекет тарапынан символикалық бір ес­керт­кіш тұрғызудың қажетті­гін зер­делі азаматтардың қаперіне салып отырған жайымыз бар. Ерлік есеппен жасалмайды! Ер-азамат – елдің қорғаны мен айбары! Күні ертең шет мемлекеттен қазақтың екі мәрте батырының мо­ласын көрейік, тағзым етейік деп меймандар келіп жатса, елді­гімізге сын емес пе?! Президент кеше үш бірдей сұр мергенге «Халық Қаһарманы» ата­ғын берді. Тарихи әділет қал­пына келді. Біздің ойымызша, «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген тағылымды сөз нақты әрекетпен қуатталуы тиіс!

Айым БЕКТҰР