Ұлы Отан соғысы ел тарихындағы үлкен бір ауыр кезеңнің сызаты ретінде есте қалды. Қазақ даласынан 1,5 миллионға жуық адам майданға аттанып, кескілескен ұрыстың ортасына түсті. Оның біразы қаза тапты, із-түзсіз жоғалды. Әлі күнге табылмай жатқандары көп. Дегенмен ерлердің есімін ел есінде қалдырғысы келіп, архив ақтарып, майданда із-түзсіз жоғалғандарды табуға тырысып жүргендер бар. Сол мақсатта бірнеше жыл бұрын «Ұмытылған қаһарман» жобасы қолға алынған. Сонымен, өткен ғасырдың ең үлкен қасіреті саналған майданда қанша қазақ қаза тапты, біз білмейтін қандай батырлар бар, олардың ерлігі жайлы не белгілі? Біз осы мәселе бойынша біраз тер төгіп, зерттеу жүргізген Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Берік Әбдіғалиұлымен тілдесіп көрдік. Ешкім де, ешнәрсе де ұмыт қалмайды – Бірер жыл бұрын Ұлы Отан соғысында із-түзсіз жоғалып кеткендерді табу мақсатында «Ұмытылған қаһармандар» атты жоба бастағаныңызды білеміз. Сол жоба арқылы майданда жоғалған қанша сарбазды анықтадыңыздар, нендей тың деректер шықты? Қазір осы істі әрі қарай жалғастырып жүрсіз бе? – Соғыста із-түзсіз жоғалып, қазірге дейін табылмаған қазақстандықтар әлі де жетерлік. Бірнеше жыл бұрын олардың ерлігіне лайықты құрмет көрсету мақсатында «Ұмытылған қаһармандар» атты жоба бастап, кітап та шығардық. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ әртүрлі себеппен осы лайықты марапатқа ие болмаған майдангерлердің есімдерін іздестіріп, халық жадында қалпына келтіруді ұйымдастыруға тырыстық. Көп жауынгерге қаhарман атағы қайтыс болған соң берілді. Ресей, Белоруссия, Украина және бүкіл Еуропа елдерінде миллиондаған белгісіз, аты сақталмаған жас батырлардың сүйегі қалды. Біразын іздестіріп, атын ел есіне қайтардық. Ол кітапқа Қаһарман атағына ұсынылған 133 майдангерді енгіздік. Көпшілігі жаяу әскер. 26 артиллерист, 14 пулеметші, 8 сапер, 5 танкист, 4 танкіге қарсы өздігінен жүретін атқыш, 5 снайпер, 4 санитар, 3 байланысшы, 2 кавалерист, 3 десантшы, 1 әуе десанты, 1 ұшқыш, 1 инженерлік әскер және ІІХК-нің 1 қызметкері бар. Сол жоба арқылы біз ерекше ерлік көрсеткен қазақтарды таптық. Оның ішінде 8 азамат «Кеңес Одағының Батыры» атағына 2 рет ұсынылған. Екеуі бір реттен алған. Олар біз білетін Сағадат Нұрмағамбетов пен Сейітхан Темірбаев. Ал қалған 6 қазақ екі реттен ұсынылса да атақты ала алмаған. Олардың арасында қатардағы сапер-жауынгер Құдайберген Жансеріков пен аға сержант Мінайқұл Сағындықов, атқыштар ротасының командирі, лейтенант Қабыш Көктаев, снайпер, 248 фашисттің көзін жойған аға сержант Зейтін Байжанов, майор В.Гутов пен лейтенант В.Гутовский бар. Әр қайсысының да ерлігі ерен. Мысалы, Зейтін Байжанов деген мергенді алайық. Байжановты негізі бәріміз білуіміз керек. Біз тек мергендерден ең көп фашист өлтірген Тілеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовті танимыз. Ал Байжанов фашисттерді көп өлтірмесе де, шәкірттері көп болған. Шәкірттерімен бірге 600 фашисттің көзін жойған. Соғыста жүріп, тек 3 айдың ішінде 50 снайперді дайындап шыққан. Полк снайперлерінің бір тобы 128 фашистік жауынгер мен офицерлерді жойыпты. 1943 жылдың 25 маусымында Байжанов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ тек «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Бұл да бір тың дерек. Біз шетелдік соғыс киноларын қызығып қараймыз ғой, ал бұлардың ерлігі сол тек кинодан көретін ерліктен де артық. Аты аңызға айналған ұшқыш Байтұрсын Есіркеповті көбі білмейді. 1945 жылы 7 маусымда Батыр атағына ұсынылған. Марапаттау парағында «Гвардия капитаны Есіркепов 1941 жылдың шілде айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін Отан соғысына қатысып, 174 рет ұшқан. Ол 76 жауынгерлік ұшуын бөлім жетекшісі ретінде жүргізді, 52 рет 9-дық құрамында және 46 жауынгерлік ұшуын жау әскерін барлау үшін жалғыз экипажымен жүргізді. Отан соғысының майдандарындағы шайқастарға қатысып, гвардия капитаны Есіркепов жауынгерлік миссияларды орындауда ерекше ерлік, батылдық пен ержүректік көрсетті» деп жазылған. 1941-1942 жылдары Минск, Гомель, Брянск үшін соғысқанда күніне 5-6 рет ұшқан екен. 1944 жылы 25 маусымда неміс жаяу әскер дивизиясының штабын, жанар-жағармай қоймасын жойған. Бұл жай бір күнгі ғана ерлігі. Ұшқыш әр күн сайын осындай нысандарды атқылап отырған. Сол үшін Есіркеповті «ең жоғарғы мемлекеттік марапат Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» делінген. Бірақ «Қызыл Ту» орденін алған. Айтжан Батырбеков атты санитар өткен. Соғыс кезінде санитарларға майдан шебінен жаралы сарбаздарды алып шығу міндеттеліпті. Оларға да орден тағып, марапат береді. Ал санитар жаралы сарбазды майдан шебінен қару-жарағымен бірге алып шықса, оларға ерекше мән берген. Батырбековтің ерлігіне қарап, тіптен таңғаласыз. Өртеніп жатқан танкті сөндіріп, ішінен 4 танкисті алып шыққан. Сөйтіп ол қару-жарақ пен танкті де, 4 сарбазды да аман алып қалған. Забожеондегі ұрыста бір өзі жаралы болса да автоматпен 8 неміс жауынгері мен офицерінің көзін жойған. Нағыз ерлік сол болатын. Алматының тумасы Мінайқұл Сағындықов атты сапердің де ерлігі ерен. 1944 жылдың 1 тамызында толассыз атылған оққа қарамай қайықпен қарсыластың лагері орналасқан жағаға бірінші болып жүзіп өткен. Бір түнде десантпен бірге өзеннің арғы жағасына жеті рет барып келген. 1922 жылы туған Қабыш Көктаев есімді гвардия лейтенанты, 1033 атқыштар полкінің 5 атқыштар ротасының командирін білмейтіндер бар. Батыр атағына алғаш рет 1944 жылы 9 тамызда Висла өзенін кесіп өткені үшін ұсынылған. Ұрыс даласында жазылған сирек жазбаларда Көктаевтың өз ротасымен бірге Висла өзенінің батыс жағасына бірінші болып өткенін айтады. Қарсыластың қайта шабуылы кезінде бекініп алып, неміс әскерлерінің 100-ге жуық жауынгері мен офицерін жойған, осылай Висла өзенінің батыс жағалауындағы плацдармның сәтті орналасуына септескен. 1945 жылы сәуірде Польшада қайтыс болды. Қазақтан шыққан атты әскерлердің ерліктері де тамсандырады. Дәулет Ағыбаев атты сержантты 1940 жылы Балқаш әскери комиссариатында майданға аттанып, 112 кавалерия дивизиясының 294 кавалериялық полкінің 1 эскадрондық бөлімшесінің командирі. Оның марапаттау парағында «30 кеңес жауынгерінің, оның ішінде сержант Д.Ағыбаевтың әскери тапсырмасы болды: биіктікке шығып, қорғаныстарды иемденіп, орынды қайтсе де ұстап қалу. Барлық топ мүшелері маңызды шабуыл операциясының сәттілігі олардың қабілеттеріне, батылдықтарына, табандылығына байланысты екенін анық білді. Сарбаздар тез арада немістер алынбайды деп бағалаған биіктікті алған соң «Бұл жолдан тек танк емес, бірде-бір тышқан өте алмасын» деген жауынгерлік тапсырма алды. Бұйрық орындалды» деп жазылған. 1943 жылдың 21-22 қаңтарында қатарында Ағыбаев бар 30 жауынгер 2 күнде 300 немісті, 3 танкті және брондалған автокөлікті жойыпты. «Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» делінген. Бірақ I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған екен. Міне, осындай тың деректер жетерлік. Қоғам осы тұлғаларды білуі керек. Мен бірнешеуін ғана атап отырмын, әйтпесе бірінің ерлігі бірінен өткен қазақтар өте көп. Барлығы ең жоғарғы марапатқа лайық болған. Сол себепті кеше ғана Төлеуғали Әбдібеков, Ыбырайым Сүлейменов пен Александр Несмяновқа Халық қаһарманы атағы берілді. Қалғандарын кейін де қолдап, есімдері ұлықтала беретіні айқын. Кезінде кітаптағы тізімді өңірлерге таратып, батырлардың ұрпақтарын іздедік. Өкініштісі сол, бұлар соғыстан елге оралды ма әлде келмеді ме, оны да білмейміз. Өңірлердегі жұмыстарға көңілім толмады. Әйтпесе әкімдіктерге жібердік. Бұл жобаны қазір Білім инновация лицейлерінің оқушыларына бердік. Әкімдіктер таба алмады, әскери бөлімшелерден қайыр болмады, мүмкін оқушылар табар деген үміт бар. – Кей деректерде Қазақстаннан аттанған 101 кавалерия дивизиясы Харьков түбінде түгел қырылып қалғаны жайлы айтылады. Жалпы алғанда, осыған ұқсас оқиғалар майданда көп болған ба? Онда қаза тапқандардың саны біз ойлағаннан артық тәрізді. – Ржев түбінде 101 бригада соғысты. Сол бригадада Мәншүк Мәметова, Ыбрайым Сүлейменов болды. Ал Харьковте кавалерия дивизиясы шайқасты. Шын мәнінде олар үлкен соққыға ұрынды. Харьковке барып, теміржол бекетінен түспей жатып қоршауға түсіп қалған. Сол кезде бәрі жан-жаққа қашып, біразы партизан болып, жоғалып кеткен. Әрине, көпшілігі қаза тапты. Қанша пайызы өлгенін айта алмаймын. Қағаз жүзінде дивизия жойылды. Кейбірі шегініп, басқа отрядтарға қосылды. Өте көп адам тұтқынға түсті. Бұл жерде әскери басшылардың дивизияны басқарудағы қателігі болған. Ол туралы мен Жамбылдағы бір ақсақалдан естігенмін. «Вокзалдан түскен беті қоршауда қалдық, үлкен жиын болды, сол жиында бір командир сөйлеп тұрып өз-өзін атып тастады» деп айтқан. Бұл әңгімені ол ақсақалдан 1987 жылы естідім. Біз ол кезде ондай қорқынышты тарихты білмейміз, бізге «бәрі керемет, жеңдік» деп айтып келген. Сол ақсақал «қару-жарақ жоғын, сарбаздардың қылышпен танкіге қарсы шапқанын» айтатын. Сарбаздар қолына снаряд ұстап, жау танкілерінің астына жатып, өз-өзін жаратын кездер болған. 1987 жылы бұндай оқиғалар болғанын ешкім айтпайтын еді. Тыйым болды. Сол ақсақал бәрін маған айтатын. Соғыс шығынсыз болмайды – Фашизмге қарсы күреске 1,3 миллионнан астам қазақстандық қатысқаны айтылады. Олардың жартысына жуығы, дәлірек айтқанда 602 мыңнан астамы майданнан оралмаған екен. Мен осы тұста қазақтарға жеке тоқталғым келеді. Түрлі дереккөздерде 1941-1945 жылғы соғыста 130 мың қазақ қаза тапқаны айтылады. Бұл тым аз емес пе? Себебі бұл дерекке күмәнмен қараушылар көп. – Мені осы мәселе көптен бері мазалап жүр. Соғыста қаза тапқан қазақтардың саны 130 мыңнан астам деп көрсетілген. Неге 130 мың? Мен кезінде талай сұрау салдым. Сөйтсем, соғысқа қатысты «Боздақтар» деген кітап шықты, сонда жазылған екен. Статистика қайдан шықты десем, әскери бөлімшелердің бұрынғы «қаза тапты» деген тізімінен алыныпты. Менің ойымша, 130 мың деген аз. Ал деректе «қазақтар барлық қаза тапқан кеңес әскерінің 1,5 пайызын құрады» деп жазылған. Ең көп әскер жоғалтқан орыстар (66,4%), украиндар (15,8%), белорустар (2,9%), татарлар (2,1%) және еврейлер (1,6%) екен. Алдағы уақытта осы мәселеге қайта ден қойып, зерттегім келіп жүр. Жоғарыда айтылған статистикаға күмәнданамын. 3-4 жыл бұрын Жамбыл облысына бардым. Сонда архивтегі мамандар әскери бөлімшелердің архивтегі жұмыстармен айналыспайтынын айтты. Бірақ бұл дүние олардың тікелей жұмысы емес екені анық. Онсыз да әскери қызметпен әлек болып жүреді. Мамандар әскери бөлімшенің архивіне кірген кезде қаптаған құжаттарды, тіпті, соғыс кезінде таратылмаған бір қап-қара қағаздарды көрген. Сондықтан біз деректерді қайта тексеруіміз керек. Архивтің мамандары маған тізімге қосылмағандардың әлі де көп екенін, соғыста қаза тапқандардың артып жатқанын жеткізді. Яғни, бүкіл облыстың әскери бөлімшелеріндегі архивті тексерту қажет болып тұр. Соғыста көз жұмғандардың тізімін қайта қарастырған абзал. 130 мыңнан әлдеқайда көп екені анық. Қазір із-түзсіз жоғалғандар ақырындап табылып жатыр. «Боздақтар» деген кітапты қарайсыз, аты-жөні тұрады, жанына «із-түссіз жоғалған» деп жазылған, алайда ол соғыс біткенде елге оралған болып шығады. – Соғыста көз жұмған жауынгерлердің сүйегін іздеп жүретін белгілі топтар бар. Кейде тың деректерді ашып жатады. Сол іздеуші топтар мемлекет тарапынан қолдау тауып жүр ме? – Көрші Ресейдің Қорғаныс министрлігі қазір бүкіл құжаттарды сайтқа салып жатыр. Ірілі-ұсақты іздеуші топтары бар, үлкен жұмыстар атқарып жүр. Қазақстанда да ондай ерікті іздеушілер өте көп. Әсіресе, әлеуметтік желіде сұрау салып, белсенділік танытады. Ол да бір қуантарлық жағдай. Із-түзсіз жоғалғандар жайлы біздегі Президент архивінде база жасақтап жатыр. Бізде іздеуші топтарға мемлекеттік деп айтуға келмес, грант беру арқылы қолдау бар. Бірақ ерікті жастар, студенттер, оқушылар барады. Мысалы, Ресейде, Украинада, Белоруссияда барғанымда көргенім, оларда осы соғыс тақырыбымен айналысу үшін министрліктер ішінен басқармалар құрылған. Әр әскери бөлімде соғыс құрбандарын зерттейтін бір маман бар. Сол елдерде жүріп көп бейітті көрдім. Аттары жазылмаған. Қағаз жүзінде ғана бар, біразына атын жаздырдық. Ресейдің Ржев қаласында болдым. Онда да бейіт көп. Кезінде сол қаланың түбінде соғысып, қаза тапқан қазақ бригадаларының есімдері жазылмаған. Тарихтың ақтаңдақ тұстары – Германия жағында тұтқында болған, азаптаудан жан тапсырған жауынгерлер де. Бірақ олардың да саны жайлы нақты дерек жоқ. Олар жөнінде не айта аласыз? – Қазір бізде де тұтқында болғандарға қатысты арнайы зерттеу жүріп жатыр. Бір қиыны, тұтқында болып, жау қолында қаза тапқандар да із-түзсіз жоғалғандар қатарына еніп кеткен. Сол жағы белгісіз. Жоғалғандардың қайсысы тұтқында болды, қаза тапты ма әлде басқалай жолмен кетті ме, беймәлім. Сондықтан Германия жерінде тұтқында болғандардың толық тізімі бар деп айта алмаймын. Еуропадағы архивтер енді ашылып жатыр, мамандармен байланыс орнатып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта тың деректер табылып қалар деген үміт бар. – Қазақстанда 1941-1945 жылдардағы соғысты жалпылама Ұлы Отан соғысы деп атайды. Соңғы уақытта көп азаматтар осы атауға байланысты түрлі пікір айтып жүр. Біреулер «совет-герман соғысы» деп атаса, келесілер «Екінші дүниежүзілік соғыс» екенін алға тартады? Соғыстың атауына байланысты көзқарасыңыз қандай? – «Ұлы Отан соғысы» деп идеологиялық тұрғыдан айтылған. Академиялық ғылым жағынан қарағанда «Екінші дүниежүзілік соғыс» болып есептеледі. Бүкіл әлем елдерінде Екінші дүниежүзілік соғыс ретінде аталады. Иә, «Ұлы Отан соғысы» деген атаудан кейбіреулер бас тартып жатыр. Бұл мәселе әр мемлекеттің идеологиялық ұстанымына байланысты. Елімізде ресми түрде екі атау да бірге жүреді. Бір жағынан «Ұлы Отан соғысы» деген атауға әбден үйреніп қалғанымыз да рас. – Енді тақырыптан сәл ауытқысақ. Сізді көпшілік тарихшы ретінде жақсы таниды. Біз Ұлы Отан соғысын сөз еттік, оның алдында да небір майдандар өткенін білеміз. Мәселен, жапон-қытай соғысындағы қазақтардың рөлі назардан тыс қалатын секілді? Өткен ғасырдың 30-40-жылдары Қытай жерінде көптеген майдан болды. Шыңжаң түбіндегі қарсылықта қазақтар қырылды. – Бұл тақырыптың расымен де Ұлы Отан соғысына қатысы жоқ. Ол кезеңде Кеңес әскері Шығыс Түркістанға байланысты операция жасаған. Оған азаматтық киіммен қазақ полкі жіберіледі. Кейін олар майданға да кетеді. Өкінішке қарай, ол туралы бізде де көп айтпайды. Барлығы ішінде қазақ, ұйғыр ұлтының өкілдері бар мұсылман көтерілісіне байланысты болған. Бір жағынан біздікілер көмек бергісі келген. Бірақ кейіннен Қытай бәрін қайтарып, көтеріліске қатысқандарды қудалап, жазаға тартады. – Мектептерде Қазақстан тарихы пәні оқытылады. Дегенмен онда ауған, иран, теріскейдегі Астрахань мен Омбы қазақтарының тарихы айтылмай қалатын сияқты. Тарихқа қатысты оқулықтарға өзгеріс енгізу қажет деп ойлайсыз ба? – Қазір Білім және ғылым министрлігі тарихты толығырақ қамтуды мақсат етіп, бұл мәселеге шындап кірісті. Сонымен қатар Қазақстан тарихының көптомдығы дайындалып жатыр. Бірнеше жиын өтті. Әуелде 7 томдық болады деп жоспарланған. Енді одан да асып кетті. Сол жерде Қазақстан тарихын, қазақ тарихын кеңінен қамтып, жаңа деректерді қосу көзделіп отыр. Әрине, шетелдегі қазақтардың тарихы қамтылуы керек. Олардың біразы Ауғанстан, Иран, Өзбекстан, Моңғолия секілді шет жерлерге көшіп кеткен. Кейбірі ата-бабамыз мекен еткен жер болған. Ашаршылықтың да әсері бар. Қазақстан тарихы пәнінде бұл мәселелер қамтылмайды демеймін. Қазақстан тарихының 80 пайызы айналып келгенде қазақ тарихы ғой. Арнайы бөлімдер арқылы оқытылады. Жалпы, елімізде қандастарға байланысты саясаттың қарқыны жақсы. Оларды көшіріп алып келу жұмыстары іске асып жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!