Теміржолшылар ардагерлерді ардақтайды
Теміржолшылар ардагерлерді ардақтайды
335
оқылды
Павлодарлық теміржолшылар Ұлы Отан соғысының ардагері мен концлагердің бұрынғы тұтқынын мерекемен құттықтады. Жеңіс күні қарсаңында қалыптасқан дәстүр бойынша теміржолшылар әрбір өңірде ҰОС ардагерлеріне, сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары ғұмырын болат жолды дамытуға арнаған тыл еңбеккерлеріне құрмет-қошемет көрсетеді. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Павлодар бөлімшесінің директоры Мұхтар Жамбылов пен кәсіподақ ұйымдарының төрағасы Айгүл Махметова ҰОС ардагері Василий Григорашты және фашистік лагердің тұтқыны Прасковья Казинскаяны үйлеріне барып құттықтады. Оларға сыйлық себеттері тарту етілді. «Біз аға ұрпаққа жеңіс қаншалықты қымбатқа түскенін әрдайым есте сақтайтын боламыз. Оларды мақтан тұтамыз. Олар әрқашан еліміздің патриоты болып қала береді. Оларға денсаулық, қуаныш, отбасыларына бақ-береке тілейміз», – деді Мұхтар Жамбылов. Прасковья Павловна соғыс заманына тап келген ауыр балалық шағын еске алуды ұнатпайды. Тек балаларға соғыс кезінде ертерек есеюге тура келгенін айтады. «Ең бастысы, төздік, еңсердік, сеніміміз бен абыройымызды сақтадық, әлемді фашизмнен азат еттік. Біз, концлагерлердің тұтқындары, өз халқымыздың қайғысына да, Жеңісіне де ортақтастық», – дейді кейуана. Василий Григораш майдан шебіне туған жері Алтай өлкесінің Бурлинка ауылынан 1943 жылы аттаныпты. Байкал маңы майданында соғысқан. Сондай-ақ Солтүстік-Шығыс Қытайды жапон басқыншыларынан азат ету үшін Манчжур операциясына да қатысқан. 1950 жылы елге оралды. Сол кезден бастап зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Павлодар стансасының локомотив депосында алдымен от жағушы, содан соң паровоз бен тепловоз машинистінің көмекшісі, кейін машинист болып еңбек еткен. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. «Біздің бата-тілегіміз біреу ғана: соғыс болмасын! Біздің немере-шөберелеріміз біздің тағдырымызды қайталамасын, білмесін. Әрдайым бейбітшілікте, татулықта, келісімде, бақуатты өмір сүрсін!», – деді ардагер ағынан жарылып. Осындай іс-шаралар теміржолдың барлық бөлімшесінде өткізіліп жатыр. ҰОС ауыр кезеңіндегі Түркістан–Сібір магистралінің жұмысы туралы, болашақ жеңімпаз халқымыз қатарлы 4 жыл бойы «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» қағидатымен өмір сүрген қарапайым теміржолшылардың қаһармандығы жайында барша біледі. Олар майдан даласындағы жанқиярлық ерлігімен, тылдағы ерен еңбегімен жеңіске сүбелі, құнды үлес қосты. Басты желісі Түрксіб болып есептелетін ҚазКСР теміржолдары жұмыскерлерінің күші қалай жұмылдырылғанын және қандай тиімділік әкелгенін соғыстан кейін көптеген басылым жазды. Күркіреп өткен қан-қасап со­ғыс­қа қатысқан және сұрапыл жылдардағы тар жол, тайғақ кешті тіршілікке куә болған 2 908 темір­жолшы бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның есебінде тұр. Оның ішінде 22-сі – Ұлы Отан соғысының ардагері, 5-еуі – жол қатынастары халық комиссариатарының өкілі, 2 881-і – тыл еңбеккерлері. Бүкіл еліміз бойынша теміржол волонтерлері осы күндері майдангерлердің үйіне бас сұғып, қал-жағдайларын біліп, мерекемен құттықтады. Әрбір жүздесу жүректерге жылулық пен мейірім шуағын құйды, естеліктермен әдіптелді. Сала ардагерлерінің және тыл еңбеккерлерінің көбі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының орталық залында ұйымдастырылған мерекелік жиналыс пен концертке қатыса алды. Ардагерлердің мойындауынша, олар қамқорлықты өте жақсы бағалайды және бұл «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның басты басымдықтарының бірі екенін біледі. –Біз ардагерлерімізді мақтан тұтамыз. Олардың ерлігі, жанкештілігі мен қайсарлығы біздің ұрпақ үшін айбын мен отаншылдықтың шынайы символына айналды. Ардагерлеріміздің қолдауды сезінгені, өздеріне шексіз риза екенімізді білгені біз үшін өте маңызды. Менің атам Шәкір Жабағин барлық майдан жолдарын басып өтті. Әлі күнге есімде, осы мерекені әрдайым үлкен қуанышпен қарсы алатын. Ұрпағы ешқашан соғыс дегеннің не екенін білмегенін армандайтын, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Сәуле Истлеева. Компанияның Әлеуметтік саясат департаменті жеңістің кезекті межесінің құрметіне орай оны мерекелеудің арнайы тұжырымдамасын әзірледі. Бағдарлама компания жұмыскерлерінің күшімен ұйымдастырылған тақырыптық концерттен, сонымен қатар «Отан Ана» монументі алдына гүл шоқтарын қою рәсімінен, ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және сала ардагерлеріне арналған мерекелік салтанатты дастарқан жаюдан, «Ардагер жақын жерде тұрады!», «Мәңгілік сарбаздар» акцияларынан және басқа шаралардан тұрады. Компанияның сайтында қызметкерлердің жақын адамдарының – Ұлы Отан соғысына қатысушылардың фотосуреттері орнатылды. Бұл бөлім үнемі толықтырылып тұрады.