Ғасыр жасаған қария қазақстандықтарды мерекемен құттықтады
Ғасыр жасаған қария қазақстандықтарды мерекемен құттықтады
Полиция саласында қызмет еткен 98 жастағы қария, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. Мұны Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлімдеді. «Соғыстың алғашқы жылдары соғысқа қарсы рух беретін ән болды. Біз, кеңес халқының әскері жауды Отанға кіргізбедік. Бұл соғыс бізге ауыр тиді. Соғыста мыңдаған қазақстандық қаза тапты. Мен өскен ауылда 50 аула болды. Осы ауылдан соғыста 23 адам қаза тапты. Еліміздің шетінде жау болмасын, ішінде дау болмасын. Біздің мемлекет гүлдене берсін. Соғыс кезінде және соғыстан кейінгі жылдары болған ауыртпашылықты көрмесін», - деді Қамбар Сәрсенов. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен майдангер 1924 жылы Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Күнтімес ауылында дүниеге келген. 1942 жылы тамызда, он жеті жасында Меңдіқара РВК-мен Орал әскери округінің 3-ші жеке оқу бригадасы атқыштар мектебінің курсанты болып Қызыл армия қатарына шақырылды. 1943 жылдың маусымында жас жауынгер Калининнің 4-ші соққы Армиясының, содан кейін 1-ші Балтық және 3-ші Беларусь майдандарының 19-шы атқыштар полкінің құрамында майдан шебінде болды. Калинин және Псков облыстарын азат етті. 1944 жылдан бастап 51-ші Қызыл Ту, Суворов орденді, Витебск атқыштар дивизиясының 30-шы жеке барлау ротасында қызмет етті. Белоруссияны, Латвияны, Литваны, Польшаны, Кенинсберг қаласын азат етті. Қатты жараланған. Соғыстың соңғы айларында барлау-батырымыз тағы екі рет жараланып, Жеңіс күнін Кенинсбергте тойлап, Польшаға жіберілді.  Содан кейін ғана үш рет жараланған жауынгер демобилизацияланды. Қамбар Әмірұлын 1947 жылы аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы болып жұмыс істегеннен кейін Алматы қаласындағы КСРО ІІМ үш жылдық офицерлер мектебіне курсант болып оқуға түседі. Осы салада ұзақ жылдар еңбек етіп, Алматы қаласындағы стратегиялық нысандарды күзету бойынша Азаматтық қорғаныс жүйесінде жұмыс істеген. Отан алдындағы жанқиярлық қызметі және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін полковник Қ.Сәрсенов көптеген үкіметтік наградалармен марапатталған, «КСРО милициясының үздігі» төс белгісінің иегері.  Осы марапаттардың барлығы екі, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, ІІ және ІІІ дәрежелі “Даңқ” ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін», сосын «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен лайықты қатар жүреді.