Жеңіс күні қарсаңында үш «ұмытылған қаһарманға» қатысты тарихи әділдік орнады - Әшімбаев
Жеңіс күні қарсаңында үш «ұмытылған қаһарманға» қатысты тарихи әділдік орнады - Әшімбаев
243
оқылды
Жеңіс күні біз мәңгілік даңққа бөлеген Екінші дүниежүзілік соғыс батырларын ризашылықпен еске аламыз. Қазақстан даласынан майданға 1 млн 360 мыңнан астам қазақстандық аттанды. 600 мыңға жуық отандасымыз ұрыс даласында мәңгі қалды. 500 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Бұл деректерді Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. «Дегенмен, әртүрлі себептермен лайықты марапатқа ие болмаған «ұмытылған қаһармандар» бар. Олар туралы архивтік мәліметтерді ғалым және қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы жинақтап, 2019 жылы Nur Otan партиясының қолдауымен жарыққа шығарды», - деді Сенат спикері мерекемен құттықтауында. «Ұмытылған қаһармандар – Забытые герои» кітабында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ ала алмаған 133 қазақстандықтың тарихы мен мұрағаттық құжаттары жинақталған. Осы «ұмытылған қаһармандардың» алтауы екі рет ұсынылған. Ал Шығыс қазақстан облысы Зырян қаласының тумасы Александр Несмиянов үш рет ұсынылып, үшеуінде де елеусіз қалған. Осы даңқты батырлардың есімдері және олардың ерліктері қазақстандықтардың көпшілігіне таныс емес, деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. Жеңіс күні қарсаңында үш «ұмытылған қаһарманға» қатысты тарихи әділдік орнады. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін «Халық Қаһарманы» атағы мергендер Төлеуғали Әбдібековке, Ыбырайым Сүлейменовке және атқыштар батальонының командирі Александр Несмияновқа қайтыс болғаннан кейін берілді.