Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады. Бұл туралы Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында жазды.
Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын!
Бұл – нағыз қаһармандық пен қайсарлықтың мерекесі. Бүгін осы атаулы датаға орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірге «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым еттік.
Жеңіс күніне орай ұлтымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының ескерткішіне де арнайы бардым. Бәукең – қазақ үшін ерлік пен өрліктің символы. Аты аңызға айналған батырдың тұлғасын біз қашанда ардақ тұтамыз.
Еңселі елдік – ерен ерліктің нәтижесі. Сондықтан аталарымыз бен әкелеріміздің даңқты жолын әрдайым ұлықтау – біздің перзенттік борышымыз. Сол себепті таяуда ғана Мемлекет басшысы ерлігі уақытында ескерілмеген батырлар Төлеуғали Әбдібековке, Александр Несмияновқа және Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын берді. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтірудің жарқын көрінісі.
Бейбітшілік пен береке-бірліктің қадірін арттыратын мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін! Әрдайым қастерлі Тәуелсіздігімізді бағалай білейік.
Жеңіс күні құтты болсын!