Жақсы барлау – жеңістің кепілі
Жақсы барлау – жеңістің кепілі
342
оқылды
Жеңіс. Осы сөздің мәнін, қадірін, қасиетін өмір мен өлімге бетпе-бет тура келіп қан майданға қатысқандардан артық түсінетін жан болуы мүмкін емес. Мен келін болып түскен әулеттен бір үйден әкесі Бұғышиев Сарсенбай мен баласы Сарсенбаев Айбек екеуі майданға аттанған. Ұлы Жеңісті көзімен көріп, Берлиннен 1949 жылы екеуі де туған топыраққа аман-есен оралған. Сарсенбай атаны көзім көрген емес, Айбек атамыз Катюшаны бар даусымен рахаттанып айтып отыратын. Айбек атамыздан соғыс туралы сұрай қалсаң болды « Айтпа құрсын несі жақсы дейсің» деп қайырып тастайтын. Созақ ауданында мал дәрігері болып қызмет істеп, 1987 жылы көзі тірісінде II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен наградталды.    width= Менің бірден-бір қалыптасуыма септігін тигізген Ұлы Отан соғысының ардагері Балтабай Нұрлыбеков атамыз. Балтабай ата Сарсенбай атаның ағасының жалғыз ұлы. Әулеттің ішіндегі сол кездегі көзі ашығы Балтабай ата өте тұйық, артық сөйлемейтін ақылды кісі болатын. Созақтық ағайындар оқымысты ата деп пір тұтатын. Балтабай ата мен Мәкен апамен 1979 жылы отау құрған жылы бір үйде тұрдық. Сол бір жыл мен үшін үлкен өмір сабағы болды. Бір бөлме толы кітап. Макаренко туралы көп оқитын, тәрбиелік мәні туралы шай үстінде айтып отыратын. Ата сол жылдары Шымкенттегі педагогикалық институтта оқытушы болып қызмет ететін. Бірден-бір мықты педагогика ғылымдарының кандидаты. Үйде сымдай тәртіп. Соғыс басталган жылы Балтабай ата облыстық партия комитетінің кадр бөлімінде жауапты қызмет атқарып жүрген болатын. 1942 жылдың 12 қыркүйегінде Балтабай атаға да «шақыру қағазы» келеді. Алдымен Әскери академияда оқиды. Көзі ашық азамат қатардағы тыңдаушыдан бастаса, кәдімгі ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласы 1943 жылдың 5 шілдесіне дейін рота командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болған. Берлинге дейін жетіп, жеңісті неміс жерінде тойлаған. Қолымда Балтабай атаның Шымкент әскери комиссариатынан берілген №08261 Г-311242 әскери билеті. Штабтық қызметте лейтенант шенінде оперуполномоченный «Смерш» деп жазылыпты. Әскери билетте Қарсы Барлау басқармасының 1946 жылдың 22 тамыздағы №32 бұйрығы бойынша лейтенант шенінде запасқа шығарылған. Көптеген медальдармен 1985 жылы II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен наградталған.    width= Жұбайы Мәкен апа екеуі көршілес Өзбекстандағы Шымқорғаннан бір колхозда тұратын қандастарымыздың елге оралуына атсалысқан. Қазір Шұбарсу елді мекенінде халық тұрады. Барлығы дерлік қандастарымыз. Шұбарсудағы халық саны – 27 700. Осы еңбегі ескеріліп Шұбарсу елді мекеніндегі орта мектепке Балтабай Нұрлыбеков есімі берілді. Сырын ешкімге шашпайтын біртоға адамның үлкен жүрегі ел деп соқса да, берген сертке адал азамат атқарған жанқиярлық отаншылдығы туралы бір жанға ауыз айтпай-ақ өмірден өтті. «Смерште» немен айналысты оны қанша сұрасақ та айтқан емес. «Өтіп кетті ғой өткенге оралып қайтеміз» деп жай ғана жымиып қоятын. Жарияға жар салмаса да «Смершке» қатысқан әрбір қазақтың жеңіске қосқан үлесі шексіз. Мұрағаттар тіл қатады, құжаттар сөйлейді. «Смерштің» бел ортасында тер төккен осындай отаншыл шынайы патриот адамнан тәрбие алғаныма қуанамын. Барлау қызметінде жұмыс жасаған әр қазақ аты аталмаған батыр емей кім? Түйін сөз. Жақсы барлау бар жерде нақты жеңіс бар.

 Калыйма ЖАНТӨРЕЕВА, AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты