Түркістан облысында тұратын соғыс ардагері Айсара Баймұратова 103 жасқа толды
Түркістан облысында тұратын соғыс ардагері Айсара Баймұратова 103 жасқа толды
Фото: inform.kz
Түркістан облысы Жетісай ауданы Жаңа ауыл ауылдық округінің тұрғыны Айсара Баймұратова Екінші дүниежүзілік соғыс пен жапон соғысына куәгер болған, тылда жүріп еңбек еткен. 1919 жылы дүние есігін ашқан Айсара Баймұратова балалар үйінде тәрбиеленген, –– деп жазады  ҚазАқпарат. Екінші дүниежүзілік және Жапон соғыстарына қатысқан. Жылқымен жүріп солдаттарға су мен тамақ тасыған. Бос уақытында тігін тіккен. Ал соғыстан кейінгі жылдары тың игеруге белсене атсалысып, канал қазу жұмыстарына қатысқан. Отбасын құрып, 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді, 40-тан астам немере және 70-ке жуық шөбере сүйіп, 4 шөпшегінің қызығын көріп отыр. «Атамыз жұбайын қатты қызғанған екен. Сөйтіп орден-медальдарын өртеп жіберген. Содан ешқандай марапаттары қалмаған. Мен 1983 жылы осы отбасына келін болып түстім. Апамыздан үйренгенім көп. Тәлім-тәрбиесін алып, өсиетін тыңдап өстік. Қазір өсіп-өнген үлкен әулетке айналып отырмыз», – дейді келіні Мариям. Ақжаулықты әжейдің 2 қызы және 2 келіні «Батыр ана» атағын алған.