Семейдің халықаралық әуежайына ресми түрде қазақтың бас ақынының есімі берілді. Таяуда қаланың басты әуе қақпасы маңдайшасындағы ескі атауы жедел түрде алынып тасталды, оның орнына АBAI деген жаңа атау пайда болды. Мекеме журналистерге бүгінде әуежай ресми түрде, құжат жүзінде «Абай атындағы халықаралық әуежай» ЖШС деген атау алғанын растады. 2019 жылғы қарашада Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы Семей әуежайын Абай атымен қайта атау туралы шешім қабылдағаны мәлім. Тиісті ұсыныс былтырғы күзде семейліктерден келіп түсіпті. Ол бастаманы алдымен облыстық ономастикалық комиссия және Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттары мақұлдады. Бұл шара халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде кеңінен мерекеленетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында іске асырылып отыр. Айтқандай, сол бастама аясында қала тұрғындары шаһардағы білім ордалары атауында көрнекті тұлғалар есімін ұлықтауды да ұсынған. Осыған сәйкес, №49 мектебіне – Абай, №3 мектеп-кешеніне – Мұхтар Әуэзов, №2 орта мектепке – Қаныш Сәтпаев, №34 мектепке – Бауыржан Момышұлы, №37 мектеп-гимназиясына – Ыбырай Алтынсарин, №39 мектебіне – Әлихан Бөкейханов, №47 мектебіне – Ахмет Байтұрсынов, Қаламаңы орта мектебіне Жүсіпбек Аймауытов есімі беріледі. Семей ұлы ақынымыздың мерейтойлық жылы аясында осылай қазақылануда.