LRT арқылы 5,7 млрд ұрлады
LRT арқылы 5,7 млрд ұрлады
200
оқылды
Бас қаладағы LRT құрылысы барысында мемлекет қаржысын талан-тараж еткендерге қатысты тергеу аяқталды. Бұл мәлімет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында жария етілді. Алайда оған жауапты биік лауазымды тұлғалардың ешқайсысы қамалмаған. Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке эстакадада жүретін жеңіл рельсті көлік жобасы арқылы миллиардтаған теңгені ұрлады деп күдік тағылған үш тұлғаға іздеу жарияланды. Олар шетелге қашып үлгерген екен. Ал өзге орындаушылар тұтқындалмаған, олар тергеушілермен мәмілеге отырып, тергеуге көмектесіпті. Әрқайсысының жазасын сот анықтауға тиіс. «LRT құрылысы кезіндегі ұрлықты қылмыстық тергеу аяқталды. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуды бастады. Жасырынған қылмыс­керлерді іздеу шаралары жал­ғасуда. Жоба аясында келті­рілген шығын сомасы 5,7 мил­лиард теңгені құрайды, – деді антикоррупциялық агенттіктің екінші департаментінің бас­шысы Сергей Перов. Ведомство мәліметінше, бұл іс аясында барлығы 10 тұлға күдікке ілікті. Оның үшеуі елден тысқары жерде. «Іздеу шаралары Интерпол желісі бойынша да, сондай-ақ олар жасырынды деп тұспал­данып отырған мемлекеттермен арамызда да жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін олардың қайда екенін жария ете алмай­мын», – деді С.Перов. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі материалдармен танысу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданатынын жеткізді. «Сот отырысы ашық өтеді», – деді Сергей Перов. Жалпы, басы дауға шатылған бұл квазимемлекеттік сектор кәсіпорнында басқа да түйткіл­дер әшкереленді. Мысалы, оның бұрынғы қызметкері «Ас­тана LRT» АҚ басшылы­ғының ірі іс-шараларды ұйымдастыруға ақша тапсыруға мәжбүрлейтінін айтып, жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Алик Шпек­баевқа шағымданған. «Бұл 2018 және 2019 жылда да жүзеге асырылды. Мысалы, Көлік қызметкерлері күні мере­кесіне орай барлық жұмыскер­лерге сыйақы беріледі, алайда қолға ала салысымен әрбір қыз­меткер міндетті түрде ақшалай жарна енгізуі тиіс. 2018 жылы жарна көлемі 15 мың теңге бол­са, былтырғы тамызда 18 мың теңгеге жетті. Жаңажылдық кор­поративке 25 мың теңгеден тапсыруға тура келді. Бұл ретте жарна жиналуының кейбір гәптері назар аудартады. Бірін­шіден, қызметкерлерге мұндай соманың қандай есеп-қисап не­гізінде алынғаны туралы ақ­па­рат ұсынылмады. Екіншіден, оны тіпті іс-шараға қатыспаса да, барлығы тапсыруы міндет. Үшіншіден, ұйымдастыру коми­теті ол ақшаның не мақсатта шығындалғаны туралы есеп бермейді», – дейді Ә.Әбдіқа­лы­қова. Қазіргі кезде ол компа­ния­дағы жұмыстан шығып кетіпті. Бірақ штаттағы әріптестерінің сұрауымен шағым жазғанын айтады.   Ерік ЕРДЕНОВ