Азаматтардың құқығы басты назарда
Азаматтардың құқығы басты назарда
Конституциялық өзгерістер мен толықтыруларды көз­дейтін жобада негізгі конституциялық мәселелерге ғана қатысты сұрақтар көтерілгенін байқап отырмыз. Негізгі мәселелер дегеніміз не? Ең әуелі мемлекеттің халыққа тиесілі екені. Жер, су, қоршаған орта, бәрі халыққа тиесілі деген норманы енгізгелі отыр. Құқықтануда екі меншіктің ғана түрі бар. Жекеменшік немесе мемлекеттік. Тиесілі деген сөз меншік иесі дегенді біл­дірмейді. Халықтың атынан меншік иесі атанатын мемлекет деп көрсетіледі. Бұл – нақтылаушы норма, мемлекет біржақты әрекет ете алмайды. Яғни, халық мемлекет меншігіне қатысты процестерді референдум арқылы жүргізеді. Екіншіден, «ешкім де өлім жазасына тартылмайды» деген гуманистік норма өте орынды. 15 жыл бұрын бізде 17 қылмыс түрі бойынша өлім жаза­сына тартылатын. Соның 11-і саяси жария құқықтық мүдделерді бұзғанға байла­нысты болатын. Осындай амал адам құқығын қорғаймыз деген қоғамның дұрыс ахуалын қалыптастырады. Үшіншіден, Сенаттың неғұрлым өкілді орган ретіндегі бейнесі көріне түскендей. Мәжіліс заң шығарушы орган ретінде функция атқарады, ал Сенат жоғары өкілді орган ретіндегі функциясын сақтайды. Әрине, Мәжіліс те жоғары өкілді заң шығарушы орган. Бірлескен отырыстарда Сенаттың да, Мәжілістің де конституциялық заң шығаруға құзыреті бар. Сенаттан біржола заң шығарушы функция ажыратылып тасталды деп айтуға болмайды. Мәжілістің 30 пайызы бір мандатта сайлау округі бойынша қалыптасайын деп отыр. Яғни, жекелеген адамдар өзінің кандидатурасын ұсына алады. Еш партиясыз тікелей сайлауға түсе алады. Әр облыс пен үлкен қалалардан 1-2 адамнан шығады. Бір сөзбен айтқанда, Мәжіліс әкімшілік ау­мақтық мүдделерді білдіруші орган болмақ. Ал дәл осы функция Сенатта да бар. Онда да аймақтардан тағайындайды. Әрі қарай жүргізсек, мемлекеттік биліктің концепциясына сәйкес, Президент ешқандай билік тармағына жатпайды. Арбитр ретінде қаралады, ішкі және сыртқы саясатты жүргізетін тұлға. Кезінде Конституциялық Сот бізде болған. 1995 жылы тарқап кетті. Енді 11 судья енетін болып, қалпына келтірілгелі отыр. Оның төрағасын Президент Сенатпен кеңесіп отырып тағайындайды. Меніңше, дұрыс та болуы ықтимал. Бұл – өте күрделі мәселе. Мүшелердің саны тақ болуы керек, сол үшін 11 судья бар, мен үшін 13 болса да артық емес еді. Өйткені Қазақстанда Конституциялық Сот қажет қоғамдық қатынастар өте көп. Соттың құқықтық позицияларын айқындау арқылы жаңадан сот практикасын қалыптастыру керек. Жаңа нормалар түзілуі қажет. Енді Парламент қана емес, сот билігі де құқық нормаларын түзетін субъектіге айналады.