Инфляцияға ауыздық болмай тұр
Инфляцияға ауыздық болмай тұр
© коллаж: Елдар Қаба
273
оқылды
Сонау 2000 жылдары басталған инфляция мәселесі қазір ел экономикасының жазылмас бас ауруына айналғандай. Өткен айда Ұлттық банк өкілдері алдағы кезеңде инфляцияның өсетінін айтып, бір сілкіндірген еді. Жаңылыспаған екен, елде қымбатшылықтың қыспағы тимеген сала қалмапты. Тоқтайтын түрі де жоқ. Азық-түліктен бастап, автокөлік пе, құрылыс материалы мен баспана ма, бәрінің құны өсті. Сонымен инфляция алдағы кезеңде одан әрі өсе бере ме? Мамандар бұл жайлы қандай болжам айтады?   Жұмыртқадан басқаның бәрі қымбаттады Әуелі мәселенің мән-жайына қанығып алсақ. Биыл сәуірде Ұлт­тық банк төрағасының орын­басары Виталий Тутушкин Қа­зақстанда инфляция тағы өсетінін мәлімдеді. «Қазақстанның ин­фля­ция болжамы өсу жағында. Биыл наурызда Қазақстанда ин­фляция 12 пайызға дейін жедел­деп, 2016 жылғы қыркүйектен бас­тап ең жоғары межеге жетті», – деді ол. Айтуынша, азық-түлік инфляцияға ерекше әсер еткен, баға өсімі 15,4 пайызға дейін жеткен екен. Тутушкин бұл жағ­дайдың Ресейден импорттауға тыйым салу аясында бірқатар азық-түлік тауарының дефи­ци­тіне байланысты болғанын алға тартты. Соның әсерінен баға қым­баттап, кейін тұрақталғанын тілге тиек еткен. Бірақ бұл тұрақ­танудың жалпы инфляцияға еш қатысы жоқ. Осы айдың басында Ұлттық статистика бюросы Қа­зақ­станда жылдық инфляция деңгейі 13,2 пайызға өскенін жа­рия етті. Соңғы бір айда 2 пайыз, жыл басынан бері 7,3 пайыз бол­ған. Яғни, қарқын мүлде бәсең­демей келеді. Ведомство мәліметінше, соң­ғы 1 жыл ішінде азық-түлік 17,9 па­йызға қымбаттаған. Азық-тү­лік­ке жатпайтын тауарлардың ба­ғасы 11,1 пайызға, ақылы қыз­меттер 8,9 пайызға өскен. Өткен жылдың сәуір айымен салыстыр­ғанда қант, жаңа піскен көкөніс­тер, картоп және құс еті қым­бат­тап, бағасы өспеген жұмыртқа ғана қалыпты. Ал онсыз да елді алаңдатып жүрген автокөліктер 19,2 пайызға, тұрмыстық техника 18,1 пайыз, құрылыс материал­да­ры 14,7 пайыз, жиһаз және тұр­мыс­тық заттар 13 пайыз, тоқыма бұйымдар 8 пайыз, фармацевтика өнімдері 7,6 пайыз, қоғамдық та­мақтану қызметтері 13,9 пайызға қымбаттаған. Оның үстіне біз бірнеше саланы атамай кеттік. Тоқ етері, құны өспеген сала жоқ. Әрісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да та­риф­тер өсіп, бір жылда электр энергиясы құны 10,6 пайызға, қо­қыс шығару 7,8 пайызға, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ 3,2 пайызға артқан. Жасырары жоқ, шенділер көбіне қымбат­шы­лыққа сыртқы факторды кінә­лайды. Тіпті, әдетке айналды. Көп дүниеде өзге елдерге тәуелді екеніміз рас, бірақ ішкі факторлар да бар шығар?   Сыртқы фактор сылтауға айналған ба? Жауаптылар осы келеңсіздік­тің бәріне айналып келіп сыртқы факторлардың себеп екенін ар­гумент қылады. Әйткенмен бел­гілі бір деңгейде шенділердің де ісінде салмақ болғаны жөн еді. Ақталудың жолын іздеп, талай ақылға қонымсыз дәйектерді алға тартқан атқамінерлер де есте. Мәселен, былтыр Ұлттық банк төрағасы болып тұрған кезінде Ерболат Досаев «елімізде жала­қының өсуі инфляцияға кері әсер ететінін» айтып қалды. Бірақ ақшаның құнсыздануын айлық­тың өсуімен байланыстырған бас банкирдің пікірі экономистер тарапынан үлкен сынға ұшырады. Ал бұл жолғы инфляцияның өсуі­не нені айыптаймыз? – Алдымен сыртқы фак­тор­ларды айтсақ, пандемия кезінде елдер арасындағы жеткізу қызметі тежеліп, азық-түлік бағасы өсті. Екіншіден, көрші Ресейдің қазіргі санкцияға толы жағдайы. Қазақ­стан экономикасының сол елге 40 пайыздан астам импорттық тә­уел­ділігі бар. Осы нәрселер бізде қосымша инфляцияның туын­дауына әкелді, – дейді экономист Бауыр­жан Ысқақов. Маман ішкі факторларға кел­генде ең әуелі бюджет шығында­рының теңгерімсіз өсуін атап отыр. Кірісімізден шығысымыз көп. Сонымен қатар импорттың қымбаттауы мен өндірістің мүлде аз болуы да бар. – Ұлттық банк интервенция жа­сау арқылы мәселені шешкісі ке­леді. Бірақ бұл онымен шешіле қояр проблема емес. Үкімет пен Ұлттық банк қоян-қолтық жұмыс істеген кезде ғана жағдай оңала­ды. Үкімет ішкі қажеттілікті им­порт есебінен емес, ел ішіндегі өн­ді­ріс­тен өтеу жолдарын іздей бас­тауы тиіс. Ең бірінші азық-тү­лік инфля­циясының алдын алу ке­рек. Ха­лықтың табысы автокө­лік, киім-кешектен бұрын күнде­лік­ті аз­ған­тай қажеттілігіне де жет­пей жа­тыр. Сондықтан елдегі азық-түлік өндірісіне көңіл бө­ліп, ло­гис­ти­ка­лық жолдарды ке­ңінен қарас­тыр­ған жөн. Бізде азық сақ­тай­тын қоймалардың өзінің тап­шы­лы­ғы 70-90 пайыз аралығын­да. Егер қоймалар қа­жет­тілік дең­ге­йін жеткілікті дә­ре­жеде сақ­тай ал­ған­да инфля­ция­ны сәл де болса ауыз­дықтар едік, – деді Б.Ысқақов. Экономистің айтуынша, ба­ғаның қалыптасуына ең бірінші кезекте мемлекет араласуы тиіс. Әйтпесе өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар да инфля­цияға әсерін тигізіп отыр. Белгілі бір дәрежеде елдегі қымбатшы­лық­қа кәсіпкерлер-делдалдардың қатысы бары анық. Әлемде гео­саяси ушыққалы бері доллардың теңгеге шаққандағы құны 500 тең­геден асқанда лезде азық-түлік пен басқа да тауарлардың құны шарықтап шыға келді. Бірақ дол­лар бағамы қайта тұрақтанды, ал тауарлардың бағасы сол қымбат­таған қалпында қалды. Міне, бізде тек баға қымбаттау жағына қарай ғана жылжи беретінінің айғағы. Мұны қоғамдық психо­ло­гиямен байланыстырушылар да бар. Жалпы, инфляцияны тоқ­та­ту проблемасына келгенде эко­номистердің көбі базалық мөл­шерлемені көтеру әдісін ұсынып жүр. Себебі бағаның ретсіз көте­рілуін сол арқылы тоқтатуға бо­лады-мыс. Иә, базалық мөлшер­леме өскенде елде несие пайызы да қоса көтеріледі. Сонда арзан несиенің зияны болғаны ма? Эко­номист Айдархан Құсайынов «арзан несие болғанда тауарларға сұраныс көбейеді, яғни, сатушы тауар құнын ретсіз қымбаттатып жібереді» дейді. – Ресейде базалық мөлшер­лемені бірден 20 пайызға көтерді де, жағдай реттелген соң қазір ақырындап түсіріп келеді. 2021 жылы осы шараны қолға алғанда инфляцияны тұншықтырып тас­тауға болатын. 3-4 ай көлемінде біз жоғары базалық мөлшерле­мемен өмір сүруімізге тура келер, алайда инфляция анағұрлым тө­мен болар еді. Қазір базалық мөл­шерлемені көтеруден қорқа бер­геннен кейін инфляцияны тоқ­тату қиынға соғады. Инфляция осындай тұрақсыз сипат алған кезде оған кез келген фактор кері әсер етеді. Халық бағаның шексіз өсе беретініне көзі жеткенде кез келген ақпарат инфляцияны жеделдетеді. Сондықтан баға бағамға бола емес, дүрбелеңге байланысты өсіп жатыр, – дейді Құсайынов. Қорыта айтқанда, сан түрлі пікір бар. Бірақ алда инфляция деңгейі төмендеп, қымбатшы­лық­тың тоқтайтынына дәмелену қиын. Үкімет те қарап жатпай, шаралар қабылдап, жауаптыларды «сыбап» та жатыр. Сыртқы фак­тор­лардың әсері бар екені жар­тылай болса да шындық. Шамасы, қымбатшылық синдромының емін жақын арада таба қоймаспыз.