Жекеменшікпен әріптестіктің жетілмей жатқан тұсы қайсы?
Жекеменшікпен әріптестіктің жетілмей жатқан тұсы қайсы?
© коллаж: Әсел Балтақызы
203
оқылды
Былтыр Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобалары бойынша 1,3 трлн теңге инвестиция салынды. Бұл механизм кәсіпкерлік сектордың тәжірибесін, технологиясын және қаржысын мемлекеттің жауапкершілігіндегі салаларға жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ұлттық жоспарға сәйкес, Қазақстан мемлекеттік-же­кеменшік әріптестікті дамытуды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар МЖӘ жобаларында мемлекеттік бюджеттің емес, жеке инвестицияның көлемін ұлғайтуға ниетті. Өткен жылдың ең ірі МЖӘ жобасы – Үлкен Алматы ай­нал­ма автожолына 511 млрд теңге ақша салынса, оның 204,5 млрд теңге­сі – жекеменшіктің қаржысы. Қаржыландыру көлемі бо­йынша екінші орында 499 млрд теңгеге жобаланған Түркістан облысындағы төрт жолақты автожол құрылысы тұр. Жобаны 2024 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. Дегенмен оған әзірге инвестор табылмай отыр­ған сыңайлы. Үздік үштікті Көкшетаудағы ЖЭО түйіндейді. Оның құры­лы­сына 258 млрд теңге қажет. Жоба толықтай жеке инвестордың қаржысына салынып, 2024 жы­лы пайдалануға берілуі тиіс.   Әріптестік шарт тиімді болуы тиіс «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік екі тараптың тәуекел­дер мен жауапкершілікті өзара бөлісуіне әкеліп, ол инфра­құ­рылымдық жобалардың сәтті жү­зеге асырылуына тікелей ық­пал етеді. Дегенмен инфрақұ­ры­лымның негізгі инвесторы және жеке секторды жұмылдырушы орган болғандықтан бұл салада басты рөл мемлекеттің өзінде болады»,– дейді Республика­лық бюджеттің атқарылуын ба­қы­лау жөніндегі Есеп комите­ті­нің төра­йымы Наталья Годунова. Оның айтуынша, мемле­кет­тік міндеттемелерді азайтып, оның көлемін сырттан жұмыл­дырылған инвестиция мөлше­рімен сәйкестендіру қажет. Сон­дай-ақ мемлекет пен жекеменшік әріптестердің арасындағы жа­уапкершілікті де, тәуекелдерді де теңдей бөліскен абзал. Ал қазіргі жағдайда көптеген жобалар бо­йынша мемлекет оған кеткен шығынды толықтай өтеп отыр. Тіпті, кейбір бастамалардың өте­мі оған кеткен шығыннан да асып түскен. Мәселен, Атырау облысы­ның Құлсары қаласында желілік жарықтандыру құрылысына 2,4 млрд теңге жұмсалып, ол үшін бюджеттен 2,7 млрд теңге қайта­рылған. Жергілікті атқарушы органның дерегіне сүйенсек, бұл жерде мемлекеттің міндеттемесі 3,4 млрд теңгеге жеткен. «Бұл заңды тұрғыдан МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік қолдаудың және субъектілер шығынын өтеу бойынша шектеу шараларының нақты регла­мен­тінің жоқтығына байланысты. Сол себепті жергілікті деңгейде МЖӘ шарттарын бекіткенде талдауды күшейтіп, жүзеге асы­рылатын жобалардың негізгі капиталдағы инвестицияның артуына әсерін ескеру қажет»,– деп санайды Есеп комитетінің төрайымы. «Атамекен» ҰКП ақпаратына сүйенсек, қазіргі күні елімізде МЖӘ-ге қатысты атқарылуы әр түрлі кезеңді қамтитын 32 жоба тұр. Оның 22 бойынша келісім­шарт бекітілген. Осы жобалар бойынша жергілікті бюджеттен төленетін мемлекеттік міндет­теменің көлемі 3,5 млрд теңгені құрайды. Жобалардың бесеуі денсаулық сақтау саласында (мем­лекеттік міндеттеме – 1,8 млрд теңге), екеуі жол құры­лы­сына қатысты (мемлекеттік мін­деттеме – 1,6 млрд теңге), біреуі ветеринария бойынша (мемле­кеттік мін­деттеме – 80 млн тең­ге) тіркел­ген. Сондай-ақ білім беру сала­сына арналған 13 жоба, денсау­лық сақтау саласына ар­нал­ған 1 жоба бойынша мемле­кет­тік міндеттеме төлемі белгі­лен­беген. Бұл жобалардың атқа­рылу мер­зімі әр сала бойынша 2018-2028 жылдар аралығын қамтиды. Ал 2022 жылы 10 жоба жоспарлау және құжаттарды әзірлеу саты­сында жатыр. Әдетте басқа салалармен са­лыстырғанда білім беру ісіне қатысты МЖӘ жобалары көптеу болып келеді. Одан кейінгі орын­дарда денсаулық сақтау мен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық секторлары тұр. Ал көлік пен инфрақұрылым секто­рын­дағы жобалар басқаларға қара­ғанда саны жағынан аз болғаны­мен, ауқымы жағынан анағұры­лым ірі . Өйткені оларды жүзеге асыру айтарлықтай көп қар­жыны қажет етеді, сондықтан ол қанша жерден тиімді болса да мұндай тәуекелге мемлекеттің өзі көп жағдайда бар бермеуі мүмкін. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы мен туризм саласында жүзеге асырылған жобалар да там-тұм. Бұл осы салаларға қа­тыс­ты заңнамалық негіздің же­тілмегендігін және салалық ор­гандардың дайын емес екенін білдірсе керек.   Заңның жетілмеген тұстары бар «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институты – әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыту үшін жекеменшік инвестицияны тартуға бағытталған тамаша ме­ханизм. Оның салааралық үй­ле­сімділігін, әдістемелік бас­шы­лығын және МЖӘ шартта­рын мониторингтау мен орындалуын Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Әйтсе де оның ескерілмей жатқан кемшіліктері де жоқ емес»,– деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депу­та­ты, Экономиканы реформалау және өңірлік даму жөніндегі комитет мүшесі Самат Акишев. Мәжілісменнің айтуынша, тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу процедурасын айна­лып өту үшін МЖӘ механизмін жиі қолданатын көрінеді. Ол Алматыда жолдар мен тротуар­ларды төсеу, қаланы абаттандыру ісі, көше жарықтарын жаңарту және тағы басқа көптеген жо­балар өндірісті құрмай немесе активтерді сатып алмай, осы әдіспен жүзеге асырылып жат­қанын жеткізді. Мұндай мысал­дар Көкшетау, Щучинск, Кен­тау т.б қалаларда да көптеп кезде­сетін көрінеді. Одан бөлек, жергілікті әкім­діктер зияткерлік меншік құқын жамылып, МЖӘ шартын еш­қан­дай конкурс өткізбей-ақ өзара бекіте беру тәжірибесі етек алған. Мұндай мысалдардың қатарына қалаларда бейнебай­ланыс жүйесін орнату, көше жа­рығын жетілдіру, мемлекеттік мүлікті конкурссыз пайдалануға беру сияқты шараларды жатқы­зуға болады. Осындай әдіспен тіпті тұтас спорт кешені немесе жедел жәрдем стансасы бойын­ша мәміле жасалған. Мұндай жобалардың бірқатары астанада да іске асырылған. Сөйте тұра, әкімдіктер жекеменшік компа­ниялардың барлық шығындарын өтеп қана қоймай, сонымен қа­тар бюджет қаражатынан таза табыс та төлейді. Бұл жерде әл­гін­дей күмәнді шарт жасасқан жергілікті билік пен жекеменшік фирмалардың арасында жең ұшынан жалғасқан жемқор­лық­тың құлағы қылтиятыны анық. Біз бұдан жекеменшік компа­ниялардың жеңіл жолмен табыс табуына қолайлы жағдай жа­салып отырғанын көреміз. Со­ның салдарынан әлеуметтік инфра­құрылымдар мен өмірлік маңызы бар жүйені жаңғыртуға арналған жобалардың бірқатары Үкіметке нақты бағасынан әлде­қайда қымбатқа түсіп отыр. Мәжілісмен Самат Ақышев алдағы уақытта МЖӘ жобаларын тиімді жүзеге асыру және ол бо­йынша мемлекеттік міндет­те­ме­нің шамадан тыс қымбаттауына жол бермес үшін келесідей ұсы­ныс айтады: «МЖӘ-тің республикалық жобаларын жүзеге асырғанда жеке бастамалар бойынша тіке­лей келіссөз жүргізу механизмі жойылуы тиіс. Зияткерлік мен­шікті тікелей келіссөз өткізуге негіз болатын мысал ретінде қарастыратын нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қа­жет. Ол конкурстық процедураны айналып өтуге мүмкіндік береді. МЖӘ жобаларын жоспарлағанда оған қоғамдық бақылау инс­титуттарының қатысуын қарас­тырған жөн. Оның құрамына жергілікті өзін-өзі реттеу ұйым­дарының, депутаттардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тартқан дұрыс»,– дейді мәжілісмен.