Ұлттық тәрбиені ұлықтаған ғалым
Ұлттық тәрбиені ұлықтаған ғалым
328
оқылды
Ұрпақ тәрбиесі әуелі ата-ананың үлгі-өнегесіне тікелей қатысты болса, одан кейінгі рөлді мектеп, яғни мұғалім атқаратыны сөзсіз. Ал ұстаз атаулыға ғылыми тұрғыда бағыт-бағдар беру – ғалымдардың еншісіндегі мәселе. Ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәрбиені ғылыми тұжырымдау елдің ертеңіне деген сенімнің іргетасын орнықтырады. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Рымшаш Төлеубекова осы бағытта біраз жылдан бері еңбек етіп келеді. Ғалымның өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі ерекше. Кеңес Одағы тұсында ұрпақты ұлттық тәрбиеден ажыратып, жастарды коммунистік рухта тәрбиелеуге басымдық берілді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін халықтық тәрбиеге қайта оралып, жоғымызды түгендеуге мүмкіндік туды. Рымшаш Кәмешқызының «Бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеуде халықтық педагогиканың озық дәстүрін пайдалану» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайтыны да осы тұста. Кейін осы тақырып аясын кеңейте түсіп, «Жоғары сынып оқушыларын жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда адамгершілікке тәрбиелеудің ғылыми педагогикалық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Иә, ұрпақ тәрбиесі – үздіксіз жүзеге асатын үдеріс. Тәрбие саласындағы ғылыми зерттеу де уақыт талабына сай ізденісті талап етеді. Қоғамдағы өзгерістер де өз кезегінде ғылыми тұрғыдан жан-жақты білімді жетілдіріп, біліктілікті арттырып отыруды қажет ететіні сөзсіз. Осы жағынан алғанда ғалым-педагог Рымшаш Төлеубекованың қалыптасқан өз ұстанымы бар. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымшаш Кәмешқызын педагогика саласында үлкен ғалым, білікті ұстаз ретінде бұрын сырттай білгеніммен, ол кісімен таныстығымыз 2013 жылы басталды. Ұзақ жылдар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет атқарған әріптесіміз отбасымен елордаға қоныс аударып, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қызметке орналасты. Міне, осы кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» кафедрасында бірге қызмет атқарып келеміз. Профессор Рымшаш Кәмешқызы болашақ мамандарға білім берумен қатар, оларды ғылымға баулуда да өзінің елеулі үлесін қосып келеді. Өйткені, ғалым болашақ магистрлерге, философия докторларына ғылыми жетекшілік жасаумен қатар, әр жылдарда диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, төрайымның орынбасары және кеңестің төрайымы міндеттерін атқарды. Осы жылдары байқағаным, Рымшаш Кәмешқызы – ұстаздық қызметке адал, бар білгенін, өмірлік тәжірибесін білім алушыларға сарқып беруге дайын тұратын ғалымдардың бірі. Әр сабағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ұстаз, білім алушыларынан да сондай жауапкершілікті талап етеді. Бізге, яғни педагогтерге тән қасиеттердің бірі – байқағыштық. Осы жерде айтқым келгені, апайға сабақ бойынша өзінің жұмыстарын тапсыруға келген студенттер болсын, диплом жұмысын немесе магистрлік, докторлық диссертация жазып жүрген білімалушылар болсын, өзіне қажетті кеңесті толықтай алатынын байқайтынмын. Ерінбей, жалықпай мәселенің түп-тамырына дейін түсіндіріп, әр білімалушымен ұзақ уақыт пікірлесетініне талай мәрте куә болдым. Бір көргенде түсі суық көрінетіндіктен бе, алғашында білімгерлер одан қаймығып тұрады, кейіннен апаймен біршама уақыт араласқан соң ол кісінің мейірімділігіне тәнті болады. Әр шәкіртін өзінің баласындай көріп, олардың ерекшеліктерін, жетістіктерін сыртынан мақтанышпен айтып отырады. Берген тапсырманы уақытылы орындамаған шәкіртіне ренішін білдіргенмен, әп-сәтте ол ренішін ұмытып жайбарақат сөйлесіп отырғанын көргенде апайдың ерекше мейірімділігіне тәнті боласың. Осындайда адамгершілік тәрбие мәселесі бойынша зерттеу жүргізіп келе жатқан ғалымның әрбір іс-әрекетінен де өзінің зерттеген тақырыбына деген адалдығы аңғарылады. Рымшаш Кәмешқызы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Білім беру» бағытында философия докторы (PhD) дәрежесін беру бойынша (кейінгі жылдары «Педагогика және психология», «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандарын даярлау» кадрлар даярлау бағыттары деп аталады) диссертациялық кеңестің төрайымы болған кезде мен кеңестің ғалым хатшысы едім. Бұл диссертациялық кеңеске Еуразия ұлттық университетінің бітіруші докторанттарымен қатар, диссертацияларын қорғауға Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарының түлектері келді. Олардың барлығы да ғылыми еңбектерін сәтті қорғап, бүгінде еліміздің білімі мен ғылымының дамуына өз үлестерін қосып жүр. Ғылыми еңбектерін қорғау үшін кеңеске құжат тапсырған болашақ докторларға қойылатын талап бірдей болды. Диссертациялық кеңестің «үштігі», яғни кеңестің төрайымы, профессор Рымшаш Кәмешқызы, төрайымының орынбасары, профессор Қамарияш Райханқызы және мен ғалым-хатшы ретінде үшеуміз бірлесе отырып жұмыс істедік. Әр докторанттың қорғауға дейінгі процедурасының және қорғау кезінде бәрі талапқа сай болуын қамтамасыз ету жолында көп жұмыс жүргізілді. Рымшаш Кәмешқызы кеңестің төрайымы болған кезеңде жалпы саны 42 жұмыс қорғалып, олардың барлығы да уақытылы бекіді. Кеңестің төрайымы ретінде келіп түскен жұмыстарды қабылдауда мейлінше мұқият болуымызды, жұмыстың сапасына мән беруімізді талап ететін. Ғылыми кадрларды даярлаудағы білікті ғалымның қосқан үлесі осындай. Сонымен қатар Рымшаш Кәмешқызы ғылыми еңбектер жазуға да уақыт тауып, оның ұрпақ тәрбиесі бойынша жазған еңбектерін жоғары оқу орнының студенттері пайдаланып жүр. «Жанұяда балаларды халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу» (түрік тілінде), «Қоғам дамуының жаңа кезеңіндегі адамгершілік тәрбиесінің теориялық-әдіснамалық негізі», «Курс этнопедагогики. Пособие для преподавателей и студентов», «Этнопедагогика» және тағы басқа да еңбектері жоғары оқу орындарындағы болашақ мамандарға ұлттық тәрбие берудегі негізі құралдардың бірі. Рымшаш Кәмешқызы 230-дан аса ғылыми еңбектің авторы. Елімізде ғылымның дамуына, болашақ мамандардың кәсіби даярлығына елеулі үлес қосып келе жатқан Рымшаш Төлеубекованың педагогика саласындағы еңбегі де лайықты бағасын алды. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен, педагогика саласындағы ең үздік ғылыми зерттеулер үшін Ы.Алтынсарин атындағы медалімен, ғылымды дамытудағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарымен марапатталуы ғалымның отандық ғылымды дамытуға қосқан өзіндік үлесінің лайықты бағасы деп айтуға тұрарлық. Білікті ғалыммен қатар еңбек ету әріптестері үшін де үлкен мақтаныш.

Перизат СЕЙІТҚАЗЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы