Алматыда 1-сынып оқушысы зорланған "Мәриям" жекеменшік мектебінің мұғалімі Наталья Канаева оқиғаға қатысты пікір білдірді. Журналистер мектеп басшылығымен кездесуді көп күткенімен оларға мұғалім шығып, жауап берген.
"Адам өзін ересек адам секілді ұстауы керек. Бірінші сынып оқушылары қыдыруға шықты. Неге қоршауды қағып тұрсыңдар", – деді ол журналистерге.Наталья Канаеваның айтуынша, құқық қорғаушы Дина Смаилова баланың әкесімен бірігіп, оқиғаны бұрмалап жіберген. Сондықтан, мұғалім тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
"Мен мұнда көп жыл жұмыс істеген ұстаз ретінде айтарым, біз оқушыларды қараусыз қалдырмаймыз. Егер осындай жағдайдан кейін бала келсе, саған не болды деп сұрамайды дейсіздер ме? Бұл жерде олар тек саусақтарын ғана жарақаттайды, дәрі-дәрмек қорабын алып шығамыз", – дейді мұғалім.Наталья Канаева сонымен қатар полиция тергеп жатқан зорланған оқушыға қатысты өз пікірін де айтты.
"Мен бұл баланы білемін. Менің сыныбымның оқушыларымен араласады. Олар бұл оқушыға қатысты талай шағымданған. Бұл бала боқтап сөйлейді, әдепсіз. Ата-анасы қандай болса, баласы да сондай. Әсіресе бірінші сынып оқушылары. Біз балалардан көз алмаймыз. Бейнекамера арқылы да бақылауға болады", – дейді ол.Мұғалімнің айтуынша, мектеп басшылығы таңертеңнен бері полиция департаментінде түсініктеме беріп жатыр. Бейнежазба да сол жақта. Бұған дейін зорланған 1-сынып оқушысының әкесі оқиғаға қатысты мән-жайды айтқанын хабарлаған болатынбыз.