Парламентаралық форумға қатысты
Парламентаралық форумға қатысты
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Түрікменстанға барды. Сапар барысында Сенат Спикері алғаш рет ұйымдастырылған «Орталық Азия-Ресей» парламентаралық форумына қатысты. Іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатқан кездесудің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев әлемде бұрын-соңды болмаған геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған қазігі кезеңде парламентаралық ынтымақтастықтың маңызды екенін айтты. Бұл орайда Қазақстанның ұстанымы өзгеріссіз қалады. Ол қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігіне және халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттары негізінде халықаралық проблемаларды бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ екеніне табан тірейді. Сондықтан Қазақстан келіссөздер жүргізу процесін ілгерілету бойынша кез келген бастаманы қолдайды. «Біз Орталық Азияның бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеу өңірі болып қалуына мүдделіміз. Өкінішке қарай, өңірде Ауғанстандағы жағдайға, есірткі трафигіне, шекара маңындағы келеңсіздіктерге, су ресурстарының шектеулігіне және экологияға байланысты бірқатар өзекті проблема мен сын-қатерлер бар. Парламентаралық диалог аясында осы және басқа да мәселелерді талқылап, оларды шешу бойынша ортақ конструктивті тәсілдерді қолға алуға мүмкіндік туады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ Сенат Төрағасы форумға қатысушы әріптестеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы кеңінен айтып берді. «Қазақстанда қолға алынған конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға арналған. Осыған орай Конституцияның үштен біріне түзетулер енгізу және жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылдау көзделіп отыр. Ал алдағы референдум әрбір азаматқа конституциялық реформаға тікелей қатысуға мүмкіндік беріп, демократияландыру жолындағы бағдарымызды нығайта түседі», – деді Сенат Төрағасы. Форумда қатысушылар медициналық дипломатия тақырыбын кеңінен талқылады. Бұл соңғы жылдарда өзектілігі арта түскен жаңа бағыттардың бірі екені белгілі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметтері бойынша, өткен жылдың соңына қарай пандемияға байланысты әлемдік экономиканың жалпы шығыны 7 трлн доллар болған. Салдарынан қайтыс болғандардың саны 6,2 миллионнан асты. Мәулен Әшімбаев қазір пандемиядан дұрыс қорытынды шығару және болашақта жаңа сын-қатерлерге дайын болудың маңызды екеніне назар аударды. «Келесі жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының негізгі құжаттарының бірі – Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл толады. Соған байланысты 2023 жылы парламентшілердің қатысуымен медициналық дипломатия бойынша дөңгелек үстел өткізудің берері мол деп есептейміз», – деді Сенат Төрағасы. Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев әріптестерін өңірдің экологиялық проблемаларын шешу үшін ынтымақтаса отырып, жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе, ол Аралға байланысты экологиялық мәселені еңсеру үшін тізе қосып әрекет етудің және өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқарудың өте маңызды екеніне тоқталды. Форумнан соң Сенат спикері Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен және Түрікменстан Халк Маслахаты Милли Генгешінің төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Онда Парламент бойынша Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және дамыту басымдықтары сөз болды. Түрікменстан сапарынан кейін Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Маджлиси милли Маджлиси Олиі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысына қатысу үшін Душанбеге аттанды.

Ш. АТЫХАНҰЛЫ