Бұл реформа бұрынғыдан өзгерек
Бұл реформа бұрынғыдан өзгерек
230
оқылды
Кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Павел Казанцев, Саясат Нұрбек, Лариса Павловец, Динара Закиева 5 маусымда болатын жалпыхалықтық референдумның жайын түсіндіру мақсатында «Астана-Тазалық» ЖШС-ның еңбек ұжымымен кездесті. Бұл іс-шараны «AMANAT» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының филиалы ұйымдастырды. Алқалы топтың алдында ал­ғаш­­қы болып сөз алған Мәжіліс Тө­ра­ғасының орынбасары Павел Ка­занцев былай деді: «Қазақстанның саяси өмірін үл­кен жаңашылдықтар күтіп тұр. Конституцияның үштен бірі өз­геріс­ке ұшырайды. Әрине, мұн­дай шешімді Парламент арқылы да қабылдай салуға болар еді, бір­ақ Мемлекет басшысы бұл бү­кіл­халықтық референдум болуы ке­рек деп шешті», – деді П.Казанцев. Депутат мұндай шешімге ке­лу­ге қаралы қаңтар оқиғасының да әсері болғанын жасырмады. Тө­­­­теннен келген зауал ел аза­мат­та­ры­ның ешбірін бейжай қалдыр­ма­ды, мемлекеттің тағдыры, қо­ғам қауіпсіздігі қыл үстінде тұр­ды. Бір­­ақ қазақ саналы ұлт екенін та­­­нытып, жағдайды тым ушық­ты­рып жібермеуге күш салды. Пре­зидент қауіптің бетін қайтара оты­­рып, қоғамды елдік мақсатқа бірік­­тірді. Алайда осы оқиға көп­теген проблемалардың бетін ашып берді. Қоғамдағы көп әді­лет­сіз­діктер әшкереленді, байлар мен кедейлердің арасы адам төз­гісіздей тым алшақ жатқаны бі­лін­ді. Осы ке­леңсіздіктердің бәрі­нен арылу үшін Қасым-Жо­март Тоқаев әді­лет­ті «Жаңа Қазақстанды» құру туралы шешім қабылдады. «Президент қазір қолға алып жат­­қан саяси, экономикалық ре­фор­­малардың барлығының ірге­тасы берік болуы тиіс, ол тек сон­­­да ғана жемісті болады. Ал оның берік болуы қалың халық­тың қызу қолдауына, яғни сіздер­ге байланысты», – деп сөзін түйін­деді депутат. Парламент Мәжілісінің де­путаты Саясат Нұрбектің ай­туын­ша, референдум аясында қолға алын­ғалы тұрған саяси рефор­ма­ның бұған дейінгі өзгерістерден бір артықшылығы бар. «Өздеріңіз байқасаңыздар, осы­ған дейін 30 жыл бойы болған өзгерістердің бәрі билікті бір кісі­нің қолына шоғырландыруға ба­ғыт­­талды. Ал қазіргі саяси ре­фор­ма керісінше, Президенттің бас­қару­шылық пәрменін биліктің өзге тармақтарымен бөлісуге ба­ғыт­талған,– деді Саясат Нұрбек. Пре­зидент «Менің мақсатым – хал­қыма мейлінше еркіндік беру, де­мократия мен заң үстемдігін кү­шейту. Президент ретінде еш­қан­дай артықшылықтар мен жеңіл­діктерге құмар емеспін» деп көптеген құзыреттен бас тартты. Өзі ғана емес, жақын туған-туыс­тарының да жоғары мемлекеттік қыз­метке, ұлттық компанияға ор­наласуына тыйым салды», – деп түйіндеді ол. Сонымен қатар Мәжіліс депу­тат­тары Динара Закиева мен Ла­риса Павловец конституциялық өз­герістерге жан-жақты тоқтала ке­ліп, Парламенттің рөлінің кеңей­тілетіні, мәслихаттың пәр­ме­ні артатыны, халықтың сайлан­ба­лы орган арқылы ел билеудегі рө­лінің артатыны және конститу­ция­лық соттың құрылуы арқылы адам құқының қорғалуы күшей­ті­летіні туралы тәптіштеп әңгі­мелеп берді. Жұмысшылар кездесуге кел­ген Парламент Мәжілісінің және қа­лалық мәслихаттың депу­тат­тарымен, басқа да ресми өкіл­дер­мен еркін форматта әңгімелесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Бірқатар өзекті мәселелер­ді көтерді.