Кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Павел Казанцев, Саясат Нұрбек, Лариса Павловец, Динара Закиева 5 маусымда болатын жалпыхалықтық референдумның жайын түсіндіру мақсатында «Астана-Тазалық» ЖШС-ның еңбек ұжымымен кездесті. Бұл іс-шараны «AMANAT» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының филиалы ұйымдастырды. Алқалы топтың алдында алғашқы болып сөз алған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Павел Казанцев былай деді: «Қазақстанның саяси өмірін үлкен жаңашылдықтар күтіп тұр. Конституцияның үштен бірі өзгеріске ұшырайды. Әрине, мұндай шешімді Парламент арқылы да қабылдай салуға болар еді, бірақ Мемлекет басшысы бұл бүкілхалықтық референдум болуы керек деп шешті», – деді П.Казанцев. Депутат мұндай шешімге келуге қаралы қаңтар оқиғасының да әсері болғанын жасырмады. Төтеннен келген зауал ел азаматтарының ешбірін бейжай қалдырмады, мемлекеттің тағдыры, қоғам қауіпсіздігі қыл үстінде тұрды. Бірақ қазақ саналы ұлт екенін танытып, жағдайды тым ушықтырып жібермеуге күш салды. Президент қауіптің бетін қайтара отырып, қоғамды елдік мақсатқа біріктірді. Алайда осы оқиға көптеген проблемалардың бетін ашып берді. Қоғамдағы көп әділетсіздіктер әшкереленді, байлар мен кедейлердің арасы адам төзгісіздей тым алшақ жатқаны білінді. Осы келеңсіздіктердің бәрінен арылу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті «Жаңа Қазақстанды» құру туралы шешім қабылдады. «Президент қазір қолға алып жатқан саяси, экономикалық реформалардың барлығының іргетасы берік болуы тиіс, ол тек сонда ғана жемісті болады. Ал оның берік болуы қалың халықтың қызу қолдауына, яғни сіздерге байланысты», – деп сөзін түйіндеді депутат. Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбектің айтуынша, референдум аясында қолға алынғалы тұрған саяси реформаның бұған дейінгі өзгерістерден бір артықшылығы бар. «Өздеріңіз байқасаңыздар, осыған дейін 30 жыл бойы болған өзгерістердің бәрі билікті бір кісінің қолына шоғырландыруға бағытталды. Ал қазіргі саяси реформа керісінше, Президенттің басқарушылық пәрменін биліктің өзге тармақтарымен бөлісуге бағытталған,– деді Саясат Нұрбек. Президент «Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін» деп көптеген құзыреттен бас тартты. Өзі ғана емес, жақын туған-туыстарының да жоғары мемлекеттік қызметке, ұлттық компанияға орналасуына тыйым салды», – деп түйіндеді ол. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Динара Закиева мен Лариса Павловец конституциялық өзгерістерге жан-жақты тоқтала келіп, Парламенттің рөлінің кеңейтілетіні, мәслихаттың пәрмені артатыны, халықтың сайланбалы орган арқылы ел билеудегі рөлінің артатыны және конституциялық соттың құрылуы арқылы адам құқының қорғалуы күшейтілетіні туралы тәптіштеп әңгімелеп берді. Жұмысшылар кездесуге келген Парламент Мәжілісінің және қалалық мәслихаттың депутаттарымен, басқа да ресми өкілдермен еркін форматта әңгімелесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.