Ерекше балалар тегін жүзеді
Ерекше балалар тегін жүзеді
241
оқылды
Қарағанды облысы республикада бірінші болып аутист балаларға арналған спорттық жобаны іске қосты. Ол үшін 10 жаттықтырушы арнайы оқытылып, «Бейімделген денешынықтыру» курсы бойынша сабақтар өткізіліп жатыр. – Жобаның жүзеге асырыла бастағанына 1 жыл болды. 10 жаттық­тырушы онлайн фор­матта Ресей академиясында оқытудан өтіп жатыр. Сонымен қатар осында жұмыс істей­ді. Бұған қоса, олардың 10 көмек­шісі бар. Мемлекеттік тапсырыс бойынша біз Қарағанды, Темір­тау және Саран қалаларында 80 баланы жинадық. Жоба аутизмі бар балалардың қоғамға бейім­делуіне бағытталған. Осы аз уақыт ішінде біз нәтижелерді көріп отырмыз, – деді аутизм және ментал­дық бұзылыстары бар бала­ларға ар­налған спорт­тық-сауықтыру жоба­сы­­ның жетекшісі Гаухар Акижанова. Сабақтар аптасына екі рет бір жарым сағаттан өтеді. Алды­мен балалар арнайы гимнастика және құрлықта бейімделген жаттығулар жасаса, кейін суда жүзе бастайды. Жоба жетекшісінің айтуын­ша, бейімделуден кейін апта­сына тағы бір сабақ қосу жоспар­ланған. – Осы бір айдың ішінде дос­тасып кеттік. Әр баланың икемін табу керек. Нәтижелерді көрген­де, бала барлығын ойдағыдай орындағанда қуанамыз, – деп бөлісті жаттықтыру­шы Елена Райнгардт. Балалардың жаттығуына ата-аналар да өте риза. – Менің ұлым 11 жаста. Біз жүзу бөлімі туралы білгенде өте қуандық. Сабақтар тегін. Балалар суды жақсы көреді, су оларды тыныштан­дырады. Біз ұйымдастырушыларға, жаттық­тыру­шыларға ризамыз, – дейді ерекше баланың анасы Қарлы­ғаш Жұмаділова. Бұл өңірдегі мүгедек адам­дарға спорт нысандарының қолжетімділігі үшін жасалып жатқан жалғыз жоба емес. Мемлекеттік тапсырыс бойын­ша жүзден астам ерекше бала таэк­вон­до және шахмат секция­ларында шұғылданады. Мектеп­те мүгедектер спорты бойынша жаттықтырушылар штаты ұлғай­тылды. Жұмыс істеп тұрған спорт нысан­дары мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделеді. Инклю­зия­ны ескере отырып, жаңа спорт алаңдары салынып жатыр.

Қарағанды облысы