Билік пен халық екі жыл бойы тауқымет тарттырған пандемияны тез ұмытты. Негізі, жыл басында да індет өршіп тұрған еді. Мысалы, 2022 жылғы 20 қаңтарда, бір тәулікте COVID-19 жұқтырған сырқаттардың саны 16 441 адамға жетті. Алайда қасіретті қаңтар оқиғалары пандемия проблемаларын кейінгі орынға сырғытты. Бүгінде КВИ-дің беті қайтты: соңғы тәулікте бұл дертке 14 адам шалдыққан. Соған қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі биыл вакцинациялауға 27 миллиард теңгеден астам қаржы сұрайды. Бұл былтырғыдан көп. Мұның қандай қисыны бар?
ДДСҰ-дан Есмағамбетова батыл болғаны ма?
Биылғы қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі барлық елге карантин шектеулерін жұмсартуға ұсыным берді. Бірақ жаһандық ұйым 2020 жылғы 12 наурызда жариялаған пандемияның басталғаны туралы шешімінің күшін сол бойы жойған жоқ. Дамыған елдерде ресми жиын-кеңесте, көшеде бетперде таққан адамдарды кезіктіруге болады. Көрші Қытай карантин шараларын қайта күшейтті.
Қазақстанда Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова алдымен 21 қаңтардағы қаулысымен барлық шектеуді жұмсартты, кейін 25 наурыздағы №18 қаулысымен оларды тегіс жойды. 2022 жылғы 12 мамырдағы мәлімет бойынша елде 1 193 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Оның ішінде 68 пациент ауруханада жатыр. 1 125 науқас үйінде ем қабылдайды. 11 адамның жағдайы ауыр. Жағдайы өте ауыр науқас жоқ. 1 адам ӨЖЖ аппаратымен тыныстауға мәжбүр. Елдегі ковид-стационарлардың басым көпшілігі жабылған көрінеді. Республика бойынша Ashyq қосымшасының қолданысы тоқтатылды.
Шектеулердің жойылғаны сол-ақ екен, қазақстандықтар егілуді доғара бастады. Келушілердің аяғы саябырсыған соң егу пункттерінің көбі жабылды. 2022 жылғы 12 мамырдағы мәлімет бойынша вакцинаның I компонентін 9 490 372 адам, II компонентін 9 256 909 адам салғызған, ревакцинацияланғандар – 4 116 950 адам.
Салыстыра кетсек, биылғы 1 қаңтарда бір тәулікте 4 802 адам коронавирусқа қарсы егілді. Қаңтар оқиғалары жағдайды түбегейлі өзгертті. Денсаулығы түгіл өмірі үшін қауіптенген адамдар тәртіпсіздік жайлаған күндері ізінше барлық өңірде ТЖ жарияланғанда, егу пункттеріне баруды қойды. Ары қарай ел еңсесін көтеру үшін билік карантин шектеулерін босаңсытты, артынша алып тастады. Сөйтіп, қазір, негізінен шетелге шығатын немесе індеттен қауіп қылатын санаулы қазақстандық қана вакцина салғызып жүр.
Ресей вакцинасынан неге бас тарттық?
Мемлекет бүгінде бөле-жармай, қалаған адамның бәріне америкалық Рfizer екпесін егуге кірісті. Нәтижесінде, 12 мамырдағы жағдай бойынша «Комирнати» вакцинасының 1 компонентін жалпы саны 1 101 145 адам, ІІ компонентін 960 025 адам салғызды. Қазір егілушілердің басым көпшілігі Рfizer таңдайды. Отандық «ҚазВакқа» сұраныс төмен. Ал ресейлік «Спутник V»-ны сатып алуды Қазақстан толық тыйды. «Қарағанды фармацевтикалық кешен» АҚ да оның өндірісін доғаруға мәжбүр. Бұған қоса, Украинаға шапқыншылығы үшін Ресей санкцияға іліккендіктен, көршіде дайын вакцинаны құятын шыны құтылар да тапшы.
Қазақстан ресейлік «Спутник V» вакцинасын Қарағанды фармзауытында құтылауды тоқтатқанын биылғы 28 сәуірде бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетова жария етті.
«Қазақстанда COVID-19 вакциналарының 4 миллионнан астам дозасы түрінде үлкен қор бар. Бұл вакцинациялауға да, ревакцинациялауға да жеткілікті. Осыған байланысты екпелерді қосымша өндіру және сатып алу әзірше жоспарланып отырған жоқ. Біз вакциналардың қалай пайдаланылып жатқанын, тұтынушылардың келу қарқынын бақылап отырмыз. «Спутник V»-ны Ресейден сатып алмаймыз. Қарағанды фармкешені былтыр вакцина өндірісі басталғанға дейін шығарып келген басқа дәрілік препараттарын одан ары өндіре береді», – деді ол.
Ресей клиникалық зерттеулері әлі күнге аяқталмаған және қорытынды есебі түпкілікті жарияланбаған вакцинасының алғашқы партиясын Қазақстанға 2021 жылғы 21 қаңтарда жеткізді. Маусым айына дейін ел Үкіметі Ресейден 10 млн 280 мыңнан астам дозасын сатып алды. 2021 жылғы ақпанда Қарағанды фармкешенінде «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») ресейлік ковид вакцинасының алғашқы 90 мың дозасы өндірілді. Бұл зауыттың тең қожайындарының бірі белгілі олигарх Қайрат Боранбаев болатын. Биылғы 17 наурызда Қаржылық мониторинг агенттігі бизнесменге қатысты қылмыстық істі тергеу басталғанын жариялады. Қ.Боранбаев тұтқындалғаннан кейін Қазақстанда халықты жаппай иммундауға Pfizer/BioNTech вакцинасын пайдалануға мүмкіндік берілді. Оған дейін «Комирнати» тек жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін аналарға ғана қолжетімді болатын. Дегенмен Үкімет басшысының орынбасары, ВАК жетекшісі Ералы Тоғжанов бұлардың арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтады.
«Қайрат Боранбаевтың ұсталуының Pfizer препаратының кең қолданысқа жіберілуіне еш қатысы жоқ. Ол адамның компаниясы ресейлік вакцинаны шығарумен айналысты. Оның Pfizer-мен ешқандай байланысы жоқ. Елімізде 2 миллион дозадан артық «Комирнати» вакцинасы бар. Оларды қажетке жарату үшін халықтың барлық тобына сонымен егілуге мүмкіндік беруге ұйғарылды. Бұған қоса, 2 миллион дозадай қытай вакцинасы қалды. QazVaс отандық вакцинасының өндіріс қуаттылығы айына 500 мың дозаны құрайды», – деді Е.Тоғжанов.
Жалпы алғанда, Денсаулық сақтау министрлігі былтыр Қарағанды фармзауытынан ресейлік 5 миллион доза вакцинаны сатып алуды қарастыратын келісімге қол қойған болатын.
Вакцинаға қажеттілік тек арта береді
Қазір коронавирусты күніне 15-ке жуық адам жұқтырады, 250-дей адам ғана екпе еккізеді. Онда неге ДСМ вакцинациялауға биыл қомақты қаражат сұратып отыр?
Бұл сауал Мәжілісте биылғы жылдың нақтыланған бюджетінің жобасын қарау кезінде депутаттарды да мазалады. Себебі «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасында «вакциналарды сатып алуға қосымша 6,7 млрд теңге» бөлінетіні көрсетілген. Бұған қоса, Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт ақшадан Pfizer вакциналарының 4 миллион дозасын сатып алуға қосымша 20,6 миллиард теңге қаражат бағытталады. Мұның мәнісі неде? Әлде Қазақстан күзде пандемияның жаңа толқынына әзірленіп жатыр ма?
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың түсіндіруінше, былтыр бюджет түзілгенде ДСМ екпе сатып алуға 6,7 миллиард теңге сұратыпты. Бірақ Республикалық бюджеттік комиссия қолдамады. Ол қаржы КВИ вакцинасын емес, қыздарға арналған «адам папилломасы вирусына» (АПВ) қарсы вакцинаны сатып алу үшін қажет болыпты.
«Ол қаражат қоғамда қыздарға АПВ екпесін егуге қарсы әлеуметтік наразылықтың болуына байланысты бөлінбеді. Қазір біз 6,7 миллиард теңгені қайтадан сұратып отырмыз. Сома ұқсас, бірақ оның бағыты өзгеше. Бұл соманың 3,4 млрд теңгесі дифтерияға, полиомиелитке, көкжөтел-коклюшке және гемофильдік инфекцияға қарсы вакцинаға, балаларға арналған пентавакцина құнының қымбаттауын өтеуге жұмсалады. Вакцина бағасы өсті. Біз биыл 700 мыңнан астам баланы вакцинациялауға тиіспіз. Қалған 2,4 миллиард теңге ұлттық күнтізбе аясындағы барлық вакцинаны сатып алу үшін валюта бағамының айырмасын өтеуге кетеді», – дейді Ажар Ғиният.
Оның мәліметінше, пентавакцинаның 1 дозасы былтыр 6 мың теңге тұрыпты, биыл 12 мың теңгеге дейін көтерілген. Министр Pfizer вакцинасының жаңа дозалары сатып алынбайтынына сендірді.
«Коронавирус вакцинасына келсек, 20,6 миллиард теңге жаңасын сатып алуға бағытталмайды. Былтыр Pfizer вакцинасын алғанда, біз оған «СҚ-Фармацияның» қаражатын жұмсадық. Өйткені 2021 жылдың бюджеті мамырда нақтыланып бекітілді. Ал Pfizer компаниясымен тек қазанда ғана келісімшарт бекіте алдық. Тиісінше, ол қаражат былтырғы бюджетте болмады. Уағдаластық бойынша өткен күзде вакцинаның құнын 100 пайыз төлеуге тиіс болдық. «СҚ-Фармация» ол соманы өтеді. Қазір «СҚ-Фармация» алдындағы қарызымызды өтеуіміз қажет. Егер мамырда осы қарызымызды уақытылы қайтармасақ, онда Бірыңғай дистрибьютор дәрілік препараттарды жеткізушілермен арадағы міндеттемелерін орындай алмай қалады», – деді Денсаулық сақтау министрлігі.
Осылайша, жұртшылық Pfizer екпесі Қазақстанға 20,6 миллиард теңгеге түскенін білді. Егер қазақстандықтар қазіргі қарқынмен (күніне 250-дей адам) егілуін жалғастырса, 2021 жылы алынған америкалық вакцинаның үлкен көлемінің мерзімі бітіп, жарамсыз болып қалуы мүмкін.
Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың түсіндіруінше, бұл қаржыны былтыр Үкіметтің резервінен ала алмапты: «Резервте ақша таусылды деуге болады, 2021 жыл бойында коронавирусқа қарсы іс-шараларға біз резервтен 100 миллиард теңгеден астам қаржы шығындадық, – деді министр.
Малға да вакцина керек
Негізі, бүгінде үй жануарларын дерттен қорғау мәселесі де өткір тұр. Жануарлардың жұқпалы ауруларының жиілеп кеткені ерекше алаңдаушылық тудырады: кейбір елді мекенде мал қырылып жатыр. Халық қолындағы малын союға мәжбүр. Елде төрт түлік азаюда. Ауылдықтар ветеринарлардың емдеу және вакцинация шараларын уақытылы жүргізбейтініне шағымданады. Мал дәрігерлері бюджеттен тиісті қаржы бөлінбейтініне сілтейді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, Қазақстан аумағында малдың 68-ден аса қауіпті ауруы тіркелген, оның 45-і бойынша елдегі ахуал тұрақты, саламатты, 2022 жылдың үш айында ол аурулардың ошақтары тіркелмеген.
«Жануар ауруының 23 түрі тіркелген ошақтарда қажетті іс-шаралар дер кезінде атқарылып жатыр. Осы мақсаттарға биылғы бюджетте 21,2 млрд теңге қарастырылған. Оның 3,5 млрд теңгесі диагностикалық зерттеулерге көзделген. 70 миллион теңгені зерттеулерге жоспарлап отырмыз. 7,7 млрд 145 млн теңге вакцинация салуға қарастырылған. Осы 21,2 млрд теңге жеткілікті болғандықтан, біз бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаржы сұратқан жоқпыз. Қаражат жеткілікті, жұмыс атқарылып жатыр», – дейді АШМ басшысы.
Халықаралық сарапшылар әлемде жыл өткен сайын жаңа індет-вирус түрлері өршуі мүмкін деп отыр. Ендеше вакцинациялау тақырыбы өзекті болып қала беретінге ұқсайды.