Арманым – «балауыз мүсіндер» музейін ашу – Айдос Есмағамбетов

Айдос мүсін

Оның шеберханасына кіріп барсаңыз, қараңғылау бөлмеден төрде отырған немесе тұрған адамдардың сұлбасын байқар едіңіз. Ал жарықты қосқан кезде олар құдды тірі адамдай бір нүктеге қадала қарап тапжылмай тұрар еді. Иә, тура жанына барып қарасаңыз да дәл солай! Оларды тірі адам екен деген ойдан арыла алмай, міне-міне сізге мойнын бұрып, қолын созардай екіұдай таңданысты күй кешесіз. Ал ол мүсіндер – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Америка президенті Барак Обама, әнші бұлбұлымыз Роза Бағланова, жыр алыбы Жамбыл Жабаев болғасын жерде бұл сезімдер еселене түседі. Біздің ең бірінші әсеріміз осындай болды. Сөйтсек, бұл біздің сұхбаттасымыз гиперреалист-мүсінші Айдос Есмағамбетов үшін еңбегіне берілген ең үлкен баға екен!

Арманым – «балауыз мүсіндер» музейін ашу – Айдос Есмағамбетов

– Айдос, туындыларыңызды көрген алғашқы әсерден әлі арыла алмай отырмын. Сондықтан да сізге қояр сұрақ көп. Бірақ өзіңіз рет-ретімен айта беріңізші. Ең бірінші кезекте айнымайтындай етіп қалай жасағансыз?

– Мен насихаттап жүрген мүсін өнерінің жанрын – гиперреализм деп атайды. Тіркелей аудармасы, өте-мөте шынайы деген сөз. Оған жаңа өзіңіздің де көзіңіз жетіп отыр ғой. Сізге көп рақмет! Шын таңданысыңызды жасырмай, ақтарылып айтып жатырсыз. Бұл – біз үшін үлкен баға. Әрбір көрерменіміздің осындай риясыз көңілі бізге шабыт береді. Ондайда біз бұл туындыларды жасаудағы көрген қиын­шылық­тарымызды ұмытып кетеміз. Мұнда айларға созылған орасан еңбек жатыр. Әрбір ең ұсақ деген детальдарға мән береміз. Қан тамырлары, әжімдері, тыртықтары, тері тесіктері мен қатпарлары, көзінің қиығы, әр тал шашы, мұрт-сақалы – бәрі-бәрі тірнектеп отырып жасалады. Мүлт кетуге болмайды. Биологиялық-анатомиялық заңдылықтар қатаң сақталуы тиіс. Мәселен, егер, адам қолын төмен түсіріп ұстар болса, қанның бәрі жердің тартылыс күшімен төменге сырғиды да, оның қан тамырлары білеуленіп көрініп тұрады. Ал қолын жоғары ұстар болса, айталық, домбыра тартып, ту көтеріп тұрса, онда ол тамырларға салмақ түспейді, сондықтан аса қатты көрінбейді. Одан да басқа ньюанс өте көп. Күліп тұрса, тістерін жасаймын, оны да мұқият зерттеп аламын. Бұл жерде айта кететіні, мүсін жасайтын материалдар да соған лайық болуы керек. Мен мәселен өте ыңғайлы болған­дықтан, силиконды пайда­лана­мын. Ги­пер­реализм дегені­міз осы – мүсінді көр­генде тірі адам­ды көр­ген­дей өте-мөте ұқ­сату.

Арманым – «балауыз мүсіндер» музейін ашу – Айдос Есмағамбетов

– Былайғы жұрт бұл өнерді «балауыз мүсін» деп атайды. Сонда бұл оның тарихи атауы ғана болып тұр ғой. Сіз мү­сін­дерді тек си­ли­коннан жасай­ды екенсіз.

– Иә, мен көп ретте мүсіндерді суреттер арқылы жасаймын. Оны музейлерден, тағы да басқа жерлерден сұрастырамын. Көп ешкімде жоқ, сирек, бірақ сапалы суреттерін іздестіріп табамын да, бірнеше нұсқаны қатар қойып, кейіпкерімді зерттеймін. Бойы қанша болған, шашы мен көзі қандай түсті, биологиялық ерекшеліктері деген сияқты параметрлерін айқындап аламын. Сосын осының барлығын әуелі мүсінге арналған пластилинмен жасап шығамын. Өйткені дұрыс болмай бара жатса, ермексазды бұзып, қайта түзеу оңай. Осылайша, «заготовка» дайын болған соң оны силикон-қалып етіп құйып аламын. Силиконның ең үлкен артықшылығы – ол адамның бетіндегі әрбір әжім, тыртық, тері тесіктеріне дейін сол күйі қайталайды. Оның екі түрі болады: қалып жасауға және мүсіннің өзін жасауға арналған. Гипстен астауша дайындап, оған пластилин мүсінді қабырғаларына тимейтіндей етіп салып бекітемін де, арасына қалыпқа арналған силиконды құямын. Осылайша, ол кепкеннен кейін қалып дайын болады, оны желке жақ тұсынан бастап қиып, босатып аламын.

Арманым – «балауыз мүсіндер» музейін ашу – Айдос Есмағамбетов

Пластилин мүсін одан кейін керек емес, оны сөреге алып қоямын. Ал силикон-қалыптың сыртындағы гипске болашақ мүсіннің сим­метриясы бұзы­лып кетпесін деп тимеймін. Ендігі кезек – мүсіннің өзін құю. Оны құя­тын силикон бөлек деп айттым ғой: мұрт-сақал, қас-шаш қадалатындықтан, құлағы ұстағанда иілгіш боп, көз ұясы тартылып тұратындықтан, ол жұмсақ, серіппелі болып келеді. Бұл жолы қалып-силиконның ішіне қабырғаларына тимейтіндей етіп арнайы дайындалған добал нәрсе салынады, екі арасындағы қуысқа мүсінге арналған силикон құйылады. Сөйтіп, ол кепкенде мүсініміз дайын болады. Егер әжімдері, тыртықтары, терісіндегі тесіктер пластилин мүсінге салынатын болса, мұрт-сақал, қас-шаштары бір талдап отырып силикон мүсінге қадалалады. Оның да өзінің тігіншілік әдісі бар. Силикон, бояғыш, қатырғыш, еріткіш сияқты заттарды шелек-шелегімен дистрибьюторлар арқылы Америкадан алдырамын. Ондай арнайы сапалы шикізаттарды басқа жақтардан табу қиын. Ал көз, тырнақ, қас-кірпіктерге керек пластиктерді табу оңай. Шаш пен мұрт-сақалды қодас деген жануардың қылы мен түбітінен жасаймын. Оны Моңғолиядан алдыруға болады. Мүсін дайын болған соң кеудесіне жеңіл болуы үшін пластик, әлде мырышталған тұрбадан қаңқа жасап, денесін резеңке көпіршікпен толтырып, киім мен аяқкиім кигіземіз.

 

Арманым – «балауыз мүсіндер» музейін ашу – Айдос Есмағамбетов

Бұл өнер әу баста ағылшындардан шыққан ғой. Тарихта «Мадам Тюссо музейі» атымен қалған. Сол кезде мүсіндер балауыз­дан жасалғаны рас. Бірақ табиғи материал болғандықтан, балауыз ыстықта еріп, аязда шытынап сынып кетеді. Адамдар қолмен ұстағанда тырнағының ізі қалады. Сондықтан да технологиялардын дамуына орай, қазір бар­лық жерде гиперреализм өнеріне силикон қол­данылады. Әлемге әйгілі Рон Муек, Эйвн Пени деген гиперреалистер бар. Олар мүсіннің түр-түрін жасайды. Силиконның тағы бір артықшылығы сол – соққыға да, ауа температурасының ауытқушылығына да өте төзімді, тіпті ұзақ жылдарға шыдайды.

Арманым – «балауыз мүсіндер» музейін ашу – Айдос Есмағамбетов

– Осы уақытқа дейін қанша адамды «тірілттіңіз»? Бір адамды «тірілтуге» қанша уақыт кетеді? Дәл қазір жасап жатқан мүсін кімдікі? Сізге біреулер тапсырыс бере ме, әлде бұл бір шығармашылық шабыт болып келе ме?

– Дәл қазір Жамбыл атамыздың мүсінін жасап жатырмын. Музейден көптеген суретін тауып, салыстыра отырып зерт­тедім. Бұйырса, екі-үш айда дайын болып қалуы тиіс. Жалпы, бір мүсінге үш айдан алты айға дейін уақыт кетеді. Қиындығына қарай бір жылға да созылып кететін кездері болады. Бәрі мүсіннің күрделілігіне, тапсырыс берушінің талабына, материал­дардың толық болуына және тағы да басқа жайттарға байланысты. Тапсырыспен де, өз бетіммен де жұмыс істей беремін. Жамбыл атаның мүсінің өзім қолға алып жасап жатырмын. Бұл ойды маған былтыр 175 жылдығын атап өткен кезде қазір өзім қызмет етіп жатқан «Қазақ­концерттегі» ұжымдастарым салған еді. Сол сияқты өз қалауыммен жасаған Абай атамыздың, Абылайхан мен Роза Бағланова апайымыз­дың мүсіні осы «Қазақконцерт» залының фоесінде тұр. Арасында арнайы тапсырыс­пен де жасаймын. Бағасы әртүрлі. Күрделі­лігі­не қарай орташа 9-10 миллион теңгенің жобасында болады. Мәселен, Елбасының үш мүсінін жасадым. Оның біреуі өз қалауыммен, екеуі тапсырыспен жасалды. Сағадат Нұрмағамбетовтың мүсіні бар. Абылайхан мүсінінің екеуін жасадым. Алматыда Абылай­хан атындағы университет­те тақта отырған нұсқасы бар. Соңғы жұмы­сым – Болған ана мүсіні. Оны жасайтын кезде маған археолог-антропологтер көп көмектесті. Жалпы қосқанда, он беске жуық мүсін жасадым.

Арманым – «балауыз мүсіндер» музейін ашу – Айдос Есмағамбетов

– Өзіңіз қай жақтың тумасысыз? Бұл өнер­ді қалай үйрендіңіз? Болашақ жоспар-арман­дарыңыз қандай?

– Өзім Арқалық қаласының тумасымын. Сол жақта туып-өсіп, мектеп бітіріп, университетте көркемсуреттен білім алдым. Сурет салуға, мүсін жасауға бала жастан үйір едім. Гиперреализмге де өзім үйрену арқылы келдім. Өзімді-өзім жетілдіріп, дамыттым. Ешкім үйреткен жоқ. Өзімнің талантыммен, еңбегіммен жеттім. Болашаққа жоспар көп. Қиындығына қарамастан осы өнерді өркендете бергім келеді. Бірақ ендігі арманым – тарихи атауымен айтқанда, «балауыз мүсіндер» музейін ашу. Шәкірт тәрбиелеу. Қазақстанда дарынды жастар көп. Соларды баулығым келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.