Астанада балконға ілініп қалған қызды құтқаруға көмектескен Сағи Жылқышиев марапатталды
Астанада Төтенше жағдайлар департаментінде досы Сәбит Шонтақбаевпен бірге қызды 8-қабаттың терезесінен құлап кетуден құтқаруға көмектескен батыр Сағи Жылқышиевті марапаттау рәсімі өтті.
Сағи Жылқышиев көрсеткен ерлігі үшін ҚР ТЖМ бұйрығымен "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісі және алғысхатпен марапатталды. Қолсағат сыйға берілді.
Астанада 11 мамыр күні Сәбит досымен бірге таңертең жұмысқа бара жатқан кезде 8-қабатта ілініп тұрған баланың айқайын естіп, құтқаруға ұмтылған. 7-қабаттағы көршінің үйі арқылы Сәбит досымен бірге қызды құтқарды. Сәбит балконның сыртына шығып, терезеге ілініп тұрған қызды құтқарған кезде Сағи бір қолымен досының аяғын, екінші қолымен терезені ұстап тұрды.
«Біз айқай-шуды естіп, ілініп тұрған баланы көрдік. Ойымыз тек баланы құтқару болды, ойланбастан жүгірдік», – деді Сағи Жылқышиев.
Екі дос санаулы минуттарда қызды құтқарып қалды.