Екіжылдық ғұмыры қалды
Екіжылдық ғұмыры қалды
199
оқылды
Жуырда «Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң» қабылданды. Осы заңның шеңберінде пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жұмысына өзгеріс енгі­зі­ле­ді. Мысалы, биылдан бас­тап ПИК-тердің орнына Мү­ліктің меншік иелері бір­лестігі (MМИБ) түрінде ком­мерциялық емес ұйымдар құрылып, «бір үй – бір бір­лестік – бір шот» прин­ци­пімен жұмыс істейді. Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскен­баевтың айтуынша, заң бойынша ПИК-тің орнына көппәтерлі тұр­ғын үйді басқару үшін құры­латын МMИБ – заңды тұлға ре­тінде де, жай серіктестік (заңды тұл­ға құрмай-ақ) ретінде де құ­рылуына болады. «Бұған дейін ПИК жұмыс­та­рына қатысты шағым өте көп түсетін. Сондықтан мүлік иесі мен ПИК құқының аражігін ажыра­тып алу керек болды. Осыған бай­ланысты әр үйдің өз шоты бо­луы керек деген шешімге кел­дік. Яғни, жаңа жүйе бір шот – бір үй – бір басқару органы бойынша құрылады», – деді ол. Енді бір тұр­ғын үйдің тұрғындарынан жи­налған қаржы сол үйді күтіп-ұс­тауға ғана жұмсалады. Жаңа заңда тұрғын үйлерді күрделі жөндеу тәртібіне де жаңа норма енгізілді.
«Бүгінгі таңда сіздерге ағым­дық және жинақтаушы шот ке­леді. Яғни, ағымдық шот арқылы сіз өзіңізге көрсетіліп жатқан қыз­мет үшін ақы төлесеңіз, жи­нақтаушы шот – сіздің үйіңіздің зейнетақы жинағы іспетті. Ж­и­нақтаушы шоттың ақшасы үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін ғана жұмсалады. Біз қазір тиісті заңнамалық ережелер мен акті­лерді дайындап жатырмыз. Соған сәйкес жергілікті әкімдік респуб­ликалық бюджеттен бөлінетін қаражат пен өз бюджетінен шы­ғаратын қаражатты қосып, сіз тұрған көппәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізеді», – дейді вице-министр.
Оның айтуынша, бұл бағытта алдағы екі жылға республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Жергілікті атқа­рушы органдар күрделі жөндеуді талап ететін үйлердің жобалық-сме­талық құжаттарды әзірлеуі керек. Одан кейін бюджет қара­жаты есебінен жергілікті атқа­ру­шы орган күрделі жөндеу жүргі­зі­летін үйдің тұрғындарымен ке­лі­сім жасайды. Сол келісімге сәйкес тұрғындардың жинақтаушы шот­қа жиналған ақшасы күрделі жөндеуге кетеді. Яғни, ол қаржы 8 жыл өткеннен кейін жинақ­таушы шотқа жиналған ақша жүргізілген жұмыс үшін әкімдікке беріледі. Ал егер жинақтаушы шоттағы ақша жетпесе, Тұрғын үй жинақ банкі қалған қарыз бо­йынша 2 пайызбен несие береді. Бұл механизм бойынша жұмыс биыл басталады. Айта кетейік, жаңа заңға сәй­кес тұрғын үйлердің бірінші қа­батындағы дүкендер, салондар мен мейрамханалар иелері де тұр­ғын­дар секілді кондоминиум мүшесі саналатын. Сондықтан тұрғындар шешімі бойынша олар­ға қосымша төлем жүктеледі. Мү­ліктің меншік иелері бірлестігі құ­рылып, жұмы­сы бір жүйеге түс­кен соң, яғни 2022 жылдың 1 шіл­десінен бастап ПИК-тердің жұ­мысы тоқ­татыла­ды. Қысқасы, ПИК-тердің екі­жыл­­дық ғұмыры қалды.   Айдана БЕГІМ