Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Ұлттық банктің 2021 жылғы жұмысы туралы есебін тыңдауға арналған кеңес өтті, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Ұлттық қордан жасалған трансферттер 2020 жылы 4,8 триллион теңгені, ал 2021 жылы 4,5 триллион теңгені құрады. Биыл Үкімет тағы да 4,6 триллион теңге сұратып отыр. Бұл – өте қомақты қаржы. Республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға сүйенбеуі керек. Трансферттерді біртіндеп азайту қажет, – деді Президент.Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа акциялар нарығының өсуіне орай теңгерімді аллокацияға көшу жөнінде баяндалды. Бұл соңғы 3 жыл ішінде Қордың кірісін 10,75 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Үкіметке ірі жобаларды нарықтық механизмдер, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер, қарыз қаражаттары, республикалық бюджет қаржысын қайта бөлу есебінен жүзеге асыру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге, соның ішінде «Достық-Мойынты» теміржол учаскесі мен басқа да бірқатар мемлекетаралық теміржол дәлізін жаңғыртуға назар аударды. Сонымен қатар жиында Ұлттық қордың инвестициялық кірісін арттыру, активтерді тиімді басқару, алтынвалюта резервтерінің өтімділігі мен сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Кеңес барысында Президент төлем теңгерімінің тапшылығына қатысты мәселені көтерді және оны біртіндеп азайту қажет екенін атап өтті. Ұлттық банктің өкілдері ұлттық төлем жүйесін дамыту жұмыстарының нәтижелері туралы да айтты. 2021 жылы Ұлттық төлем жүйесінің Төлем карталарының банкаралық жүйесі мен Жедел төлем жүйесі сияқты компоненттері пилоттық режимде іске қосылған. Сондай-ақ цифрлық теңге платформасының прототипін әзірлеу жұмыстары аяқталған. Президент жиынды қорытындылай келе, Ұлттық банктің жылдық есебін мақұлдады.
– Әлемдегі қазіргідей күрделі кезеңде еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету өте маңызды. Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға баса мән беруі қажет және қаржы секторының әлеуетін мақсатты түрде күшейтуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.