Әшімбаев Тәжікстанға ресми сапармен барды
Әшімбаев Тәжікстанға ресми сапармен барды
219
оқылды
Қазақстан Парламенті Се­на­­тының төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Респуб­ли­­касына ресми сапармен барды. Сапар аясында Қазақстан Рес­публикасының Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисінің Милли Мажлисі ара­сын­дағы ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның алғашқы отырысы өтті. Комиссия жұмысы екі ел Пар­ламенттері палаталарының пар­ламентаралық ынтымақтастығын нығайтуды және осы бағыттағы нақты істерді қолға алуды көздейді. Осыған байланысты отырыс бары­сында депутаттар бірқатар перспек­тивалық бағыттарға назар аударды. Атап айтқанда, екі ел депутат­та­рының мәдени-гуманитарлық, сау­да-экономикалық және инвес­ти­циялық салалардағы мәселелерді шешуге ықпал етуі туралы уағдалас­тыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ көші-қон саясаты бойынша да өзара жәрдемдесу мәселесі сөз болды. Комиссия отырысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы страте­гиялық серк­тес­тікті одан әрі ке­ңей­тудің және ны­ғайтудың маңыз­ды екенін айт­ты. Сенат Төрағасы бұл ретте екі елдің Президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонның өзара қа­рым-қатынасы мен келісім­дерінің айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Өз сөзінде Мәу­лен Әшім­баев аталған келіссөздерді іске асы­ру бағытында парламен­тара­лық бай­­ланысты барынша арт­тыру Пар­ламент депутаттары­ның міндеті еке­нін жеткізді. Ол таяуда құрыл­ған Ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның бірінші отырысы со­ның нақты нәтижесі екенін де тілге тиек етті. «Бүгін біз Парламентаралық ын­тымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол кар­тасына қол қойдық. Осыған орай алдағы уақытта біздің палата­лардағы тиісті комитеттердің де­легациялары өзара тәжірибе ал­масуы екіжақты байланысты арт­тыруға игі әсерін тигізеді. Соның ішінде жастар және сараптамалық құрылымдар бойын­ша ынтымақ­тастықтың келешегі зор. Бұл ретте Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Милли Мажлис жанын­дағы Жастар Пар­ламенті арасында байланыс орнату­дың берері мол деп есептейміз. Одан бөлек, алдағы уақытта су ресурс­тарын тиімді пай­далану, өңірдегі қауіпсіздікті қам­тамасыз ету және басқа да мәсе­лелер бойынша пар­ламентшілер арасында бірқатар «дөңгелек үстелдер» мен іс-шаралар өткізуге болады. Оның бәрі өзара пар­ламентаралық ынтымақтас­тықты нығайтып, нақты нәтижені арттыра түседі», – деді Сенат Төрағасы. Ресми сапар барысында Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Рес­пуб­ли­касының Президенті Эмо­мали Рахмонмен кездесті. Сенат Төрағасы Тәжікстан басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен бауырлас елдің халқына игі тілегін жеткізді. Сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстанда қоғамдық-саяси бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі реформаларға да тоқталып өтті. «Қазақстанда қаңтар айында болған қайғылы оқиғалар елде жүйе­лі және елеулі өзгерістер қажет екенін көрсетіп берді. Таяуда Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 5 маусымда ел Конс­титуциясына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу жөнінде рес­пуб­ликалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Біздің Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер елдің саяси жүйесін ай­тарлықтай өзгертуді көздейді», – деді Сенат Төрағасы. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомалимен ке­ліссөздер жүргізді. Кездесуде Сенат Спикері Қазақстан Пар­ламентінің Сенаты Тәжікстанның Милли Мажлисімен ынтымақ­тас­тықты одан әрі арттыруға мүд­делі еке­ніне тағы бір мәрте назар аудар­ды. Тараптар де­путаттардың эко­ло­гия, трансше­ка­ра­лық өзен­дердің суларын пайда­лану және басқа да ортақ пробле­маларды бір­лесіп ше­шуге қатысты мәселелерді талқы­лады. Сенат Төрағасы Тәжікстан Рес­публикасы Оли Мажлисі на­моян­дагон Мажлисінің төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен де кез­десті. Сондай-ақ тәжік-ауған шека­ра­сында ерлікпен қаза тапқан қа­зақстандық жауынгерлердің ру­хына тағзым етіп, біздің шекара­шыларға арналған ескерткішке гүл шоғын қойды.

М.ХАҚНАЗАР