Депутаттардың жауапкершілігі артады
Депутаттардың жауапкершілігі артады
340
оқылды
Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміз үшін, халық үшін өте маңызды. Сайлау жүйесіне қатысты түзетулерді алатын болсақ, депутаттарды халық өзі сайлап, өздері мандатынан айыра алатын мүмкіндік қарастырып жатыр. Мәселен, сайлауға түсетін депу­таттар партия тізімінде емес, бір мандаттық округтер бойынша бағдарламасымен таныстырып, алдағы жос­парымен бөлісе алады. Сайлау жүйесінің аралас жүйеге ауысуы демократияланудың даңғыл жолына түсу­дің алғашқы қадамы. Халық әділ жолмен сайлап алған депутаттарына сенім арту арқылы билікке талап-тілегін жеткізуге жол ашылады. Айталық, оның ішінде пропор­ционалды-мажоритарлық жүйе республикалық және өңірлік деңгейлерде де сайлаушылардың мүдде­лерін көрсетуге мүмкіндік беретіні көптің көкейіндегі­сіне дөп түсіп отыр. Себебі депутаттардың 70 пайызы пар­тиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты ау­мақтық сайлау округтері арқылы сайланбақ. Облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат де­пу­таттары 50/50 аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Ал қазіргі мәслихат депутаттары саяси партиялардың ар­қа­сында тізімге енеді. Бұл дұрыс емес. Өйткені кез кел­ген дамыған ел­дер­дің барлығында халық атынан сөй­лейтін адамды ха­лық өздері сайлайды. Сайлаудың жаңа жүйесі осы се­беп­ті тиімді. Аудан мен қала депу­тат­тары өз бағдар­ламаларымен шығады. Сөзінің сал­мақ­тылығымен, іске мықтылығымен танылған адамдар ара­сында бәсе­келестік пайда болады. Нағыз бәсеке­лестік болған жерде шын мықтыларды таңдау қиындық тудырмайды. Сонымен бірге Президенттен бастап саяси ше­неу­ніктер, мемлекеттік қызметтегі лауазым иелері еш­қандай партияда болмайды. Бұл да сайлаудың әділ өтуіне жол ашады. Бір мандатты округ арқылы өткен депутаттар жұмысын дұрыс істемейтін болса, оны кері қайтару мүм­кіндігін халықтың өзіне қалдырып отыр. Бұдан бөлек, байқаушылардың статусы да заңмен рет­телмек. Тағы бір жаңалық, ауыл, аудан, қала, облыс әкім­дері мен депутаттары қызметінен шеттетілсе не бол­маса жағ­дайына байланысты жұмыстан шыққан жағдайда аймақтық сайлау комиссиялары тұрақты түрде жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, Конституцияға енгізіліп отыр­ған өзгерістер әрбір азаматтың құқығын қорғауға жағдай жасайды. Референдум өткізу туралы ұсыныс Прези­денттің жауапкершілігі жоғары қадамға барып отырға­нын көрсетеді. Сондықтан дәл қазіргі сәтте кемел келе­шекті құру үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қолдай алсақ құба-құп.