Депутаттардың жауапкершілігі артады

Депутаттардың жауапкершілігі артады

– Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміз үшін, халық үшін өте маңызды. Сайлау жүйесіне қатысты түзетулерді алатын болсақ, депутаттарды халық өзі сайлап, өздері мандатынан айыра алатын мүмкіндік қарастырып жатыр. Мәселен, сайлауға түсетін депу­таттар партия тізімінде емес, бір мандаттық округтер бойынша бағдарламасымен таныстырып, алдағы жос­парымен бөлісе алады. Сайлау жүйесінің аралас жүйеге ауысуы демократияланудың даңғыл жолына түсу­дің алғашқы қадамы. Халық әділ жолмен сайлап алған депутаттарына сенім арту арқылы билікке талап-тілегін жеткізуге жол ашылады. Айталық, оның ішінде пропор­ционалды-мажоритарлық жүйе республикалық және өңірлік деңгейлерде де сайлаушылардың мүдде­лерін көрсетуге мүмкіндік беретіні көптің көкейіндегі­сіне дөп түсіп отыр. Себебі депутаттардың 70 пайызы пар­тиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты ау­мақтық сайлау округтері арқылы сайланбақ. Облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат де­пу­таттары 50/50 аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Ал қазіргі мәслихат депутаттары саяси партиялардың ар­қа­сында тізімге енеді. Бұл дұрыс емес. Өйткені кез кел­ген дамыған ел­дер­дің барлығында халық атынан сөй­лейтін адамды ха­лық өздері сайлайды. Сайлаудың жаңа жүйесі осы се­беп­ті тиімді. Аудан мен қала депу­тат­тары өз бағдар­ламаларымен шығады. Сөзінің сал­мақ­тылығымен, іске мықтылығымен танылған адамдар ара­сында бәсе­келестік пайда болады. Нағыз бәсеке­лестік болған жерде шын мықтыларды таңдау қиындық тудырмайды. Сонымен бірге Президенттен бастап саяси ше­неу­ніктер, мемлекеттік қызметтегі лауазым иелері еш­қандай партияда болмайды. Бұл да сайлаудың әділ өтуіне жол ашады. Бір мандатты округ арқылы өткен депутаттар жұмысын дұрыс істемейтін болса, оны кері қайтару мүм­кіндігін халықтың өзіне қалдырып отыр. Бұдан бөлек, байқаушылардың статусы да заңмен рет­телмек. Тағы бір жаңалық, ауыл, аудан, қала, облыс әкім­дері мен депутаттары қызметінен шеттетілсе не бол­маса жағ­дайына байланысты жұмыстан шыққан жағдайда аймақтық сайлау комиссиялары тұрақты түрде жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, Конституцияға енгізіліп отыр­ған өзгерістер әрбір азаматтың құқығын қорғауға жағдай жасайды. Референдум өткізу туралы ұсыныс Прези­денттің жауапкершілігі жоғары қадамға барып отырға­нын көрсетеді. Сондықтан дәл қазіргі сәтте кемел келе­шекті құру үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қолдай алсақ құба-құп.