Сенаторлар референдумды талқылады

сенаторлар

Сенат депутаттары елі­міздің аймақтарына аттанып, Конституцияға өзгерістер ен­гізу жөніндегі алдағы ре­ферендумның маңызы және Ата Заңға енгізілетін өзгеріс­тердің мән-жайы туралы ха­лыққа түсіндірді. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің жеке құрамымен кездесті.

Сенатор әскери мекеменің тыңдаушылары мен профес­сор­лық-оқытушылық құрамына Консти­туцияға өзгерістер енгізу жөніндегі алдағы референдум туралы айтып, түзетулер Негізгі заң баптарының үштен біріне әсер ететінін айтты.

Сенаттың Конституциялық заң­нама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Ал­маты қаласы мен Алматы облы­сында бірқатар кездесу өткізді. Сенатор Дінмұхамед Қонаев атын­дағы Еуразиялық заң акаде­мия­сының профессорлық-оқыту­шылық құрамымен, студент­терімен кездесті. Депутат сондай-ақ Қарасай ауданында болып, полиция, прокуратура қызмет­керлерімен және жастармен жүз­десіп, заң бі­лімі­нің сапасын арт­тыру тақыры­бын­да әңгімелесті.

Сенат депутаты Қанатбек Сафинов Алматыдағы кәсіби заң консультанттары палатасының өкілдерімен кездесті. Жүздесуде Конституцияға ұсынылып отыр­ған толықтырулар талқыланды және оларды республикалық ре­ферендум арқылы енгізудің маңы­зы атап өтілді.

Сенат депутаты Сергей Ершов «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның Алматы қаласында орналасқан филиалдарының бірінде болды. Сенатор осындағы филиалдың әкімшілік-басқару қызметкерлері­мен кездесті.

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Қонаев қаласының тұрғындары­мен кезде­сіп, облыс орталығын қайта атауға арналған салтанатты іс-шараға қа­тысты.Сенаторлар сондай-ақ алдағы референдумды және конститу­ция­лық реформа­ның негізгі бағыттарын талқы­лады.

Сенат депутаты Сағындық Лұқпа­нов жұмыс сапарымен Атырау облысында болды. Жоғары және орта оқу орындарында бол­ған се­натор олардың жұмысымен таны­сып, жаңа оқу аудиторияла­рын аралап көрді, сондай-ақ оқу орын­дарының оқытушылар құра­мымен және студенттерімен бір­қатар кездесу өткізді.

Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысындағы Әйте­ке би және Хромтау ауданда­ры­ның тұрғындарымен кездесті. Аурухана­лар, колледждер, кітап­ханалар мен музыкалық мектеп­тер­дің және бас­қа да әлеуметтік ны­сандардың ұжым­дарымен жүз­десудегі талқы­лаудың негізгі та­қырыбы ел Конс­ти­туциясына алдағы өзгерістер, сондай-ақ бү­кіл­халықтық референ­дум өткізу мәселелері болды.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына сапары барысында мегаполистегі Қаратау ауданының тұрғындары­мен және әкімімен кездесті. Сенатор кездесуде Қаратау ауда­ны­на жаңа­дан қосылған елді мекендерде тұ­ратын азаматтардың өтініштерін қарады. Депутат Қайнарбұлақ елді мекеніндегі электр желілерін жүр­гізу, газбен жаб­дықтау, тұрғын үй­лер­ді жарық­тан­дыру жұмыстарының барысы­мен танысты.

Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан об­лы­сы­ның аудандарында болды. Сенатор бірқатар әлеуметтік ны­сандарды аралап, халықпен кез­десу өткізді. Депутат сонымен қатар Бородулиха ауданының орталығын­да салынып жатқан спорттық-сауықтыру кеше­ніне, емхананың күрделі жөнделген бөлім­шелерінде болып, атқары­лып жатқан жұмыстармен таныс­ты және орталық емхана ұжы­мымен кездесті.

Сенат депутаты Ольга Булав­кина өңірге жұмыс сапары ая­сында Аманжолов атындағы универси­тет­тің оқытушыларымен және студент­терімен кездесті. Қазақстан Конс­ти­туциясына өз­герістер енгізу жө­нін­дегі референ­дум өткізу талқы­лаудың негізгі тақырыбы болды.

Сенат депутаты Сұлтан Дүй­сембинов Алматы облысы Ескелді ауданының тұрғындарымен, ау­дандық мәслихат депутаттарымен және мекеме басшыларымен кез­десті. Сенатор жүздесу барысында жерлестеріне конституциялық реформаның негізгі бағыттары ту­­ралы жан-жақты түсіндіріп, ма­ңыз­­­ды деген сұрақтарға жауап берді.

Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Қарасай аудандық ауруханасының қызметкерлерімен кездесті. Ол жүздесу барысында Конституцияға енгізілетін әрі елі­міздің қазіргі саяси жүйесін өз­гертуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты.

Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев Қордай ауданының бірқатар ауыл­дарын аралады және құрылыс алаң­дарында болып, өңір тұрғындарымен кездесті. Депутат кездесу барысында жер­лес­терімен алдағы конституция­лық реформа және 2022 жылғы 5 маусымда өтетін республикалық ре­ферендум­ға шығарылатын мә­селелерді ег­жей-тегжейлі талқы­лады.

Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бас­қармасының басшылығымен және қызметкерлерімен кездесті. Депутат кездесу барысында бас­қарманың қызметі мен материал­дық жабдық­талуы барысын зер­деледі. Мекеме басшылығы де­путатты жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының халқын жұмыспен қамту саласындағы мем­лекеттік сая­сатты іске асыру барысы ту­ралы хабардар етті.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.