Күніне 6 балаға қатысты қылмыс тіркеледі
Күніне 6 балаға қатысты қылмыс тіркеледі
334
оқылды
Баласы бардың басында батпан қайғы. Соңғы кез­дері балалардың зорлық-зомбылық көріп, пе­дофил­дердің құрбаны болғаны жайлы хабар қаптап кетті. Жамбыл облысында 3-сынып оқушылары зор­лан­ғаны жайлы дерек тарады. Ізін ала Алматыдағы жекеменшік мектептер­дің бірінде жоғары сынып оқушылары бала зорлағаны айтылды. Қоғам ішін­де бүлдіршіндерін ойлап, алаңдаған ата-ана жетерлік. Ал бұл мәселе ел­де неге көбейді? – Елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық, педофилия тым көбейіп кеткен тәрізді. Әр ай сайын осындай оқиғаларға байланысты ақпараттар шығып жатыр. Салдарын көріп отырмыз, ал бұл мәселенің себебін қалай түсіндіреміз? – Өкінішке қарай, балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті болып тұр. Тек 2021 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 2088 қылмыс, яғни күніне орта есеппен 6 балаға байланысты оқиға тіркелген. Ал жыныстық қол сұғуға қатысты 913 қылмыс жасалған. Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, балаларға қатысты қылмыстардың 70 пайызы жақын ортада, отбасының өз ішінде болады. Кәмелетке толмағандардың өзі 2021 жылы 24 зорлық жасаған. Жалпы алғанда, ең әуелі зорлық-зомбылықты болдырмауда психологтер маңызды рөл атқарады. Мамандар балалар арасындағы агрессияны, зорлық-зомбылық фактілерін уақытылы анықтап отыруы керек. Отбасы және балалар құқықта­рын қорғау кеңесі 2020 жылдан бас­тап мектеп психологтеріне арналған бірыңғай жүйелі әдіс-тәсілдердің жоқ екенін айтып келеді. Білікті кадр­лар жетпейді, кейбір психологтер сауалнама жүргізсе де, оны талда­май­ды, сәйкесінше балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларын анық­­тамайды. Жақында қабылдан­ған Бала құқығын қорғау бойынша заң жоба­сында мектептегі психолог­тарға бірыңғай тәсіл енгізуді, сондай-ақ психологтардың жұмыс сапасын жақсартуға тиіс әдіснамалық сүйе­мел­деуді енгізетін түзетулер көз­дел­ген. Заң жобасында мектептердегі жәбірлеу, буллингтің алдын алу да қарастырылған. Бұл бағдарламаларды Білім және ғылым министрлігі әзірлейтін болады. Балалардың құқығын бұзуға, қай­ғылы оқиғаларға әкелетін тағы бір себеп – әлеуметтік проблемалар­дың ше­шілмеуі. Мұны болдырмаудың бір жолы – профилак­тика, оның ішінде отбасылармен, балалармен уақтылы жұмыс істеп, көмек көр­сеткен абзал. Біз әкімдіктер мен мемлекеттік органдар жұмысына жан-жақты тал­дау жасадық. 286 елді мекенді арала­дық. Содан шыққан қорытынды, басты мәселе – отбасы мен балаға атаулы көмек көрсетуді реттейтін бірыңғай құры­лымның жоқтығы. Қазақстанда 1 миллион 145 мың от­басы дағдарыс жағдайында тұрады. Қолайсыз жағдай бойынша есепте тұрған отбасыларда 12 мың бала тәр­биеленіп жатыр. Қолданыстағы жүйе қиын өмірлік жағ­дайдағы, қолай­сыз­дық пен аз қамтылған балалардың құ­қықтарын қорғаудың нақты қа­жет­­тіліктеріне жауап бермейді. Осылай біз іс жүзінде қалыптасқан тәжірибе бойынша салдарымен ғана күресеміз. Отбасылар мен балалар­дың әл-ауқатының деңгейін арттыру жөніндегі көптеген бағдарламалар мен қөмектер нағыз мұқтаж жандарға толық жетпей жатқанын көріп жүрміз. Жалпы, жергілікті әкімдіктер отбасы мен бала проблемаларын жүйе­лі шешуден алшақтаған. Іс жүзінде барлық өңірлер­дің алдағы бес жылға арналған аумақтарын дамыту жоспарлары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олар­дың құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту жөніндегі түйінді нысаналы индикаторларды мақсат етпейді. Сондықтан осындай құқық бұзушылық­тардың алдын алып, отбасы институтын күшейту үшін әкімдіктер­де отбасы басқар­маларын немесе Отбасы және бала­лар құқығын қорғау жөнін дегі бөлек министрлік ашу керек. Тағы бір себеп – зорлық-зом­былық мысалдары көр­сеті­летін бейнежазбалар. Мұндай контентке ел аумағында тыйым салынған, бірақ уәкілетті органдар оны анықтап, жойғанша біраз уақыт кетеді. Сон­дықтан ата-аналар балалардың интернетте не көретінін бақылап отыруы тиіс. – Балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарына көзделген жазаның жеңіл екенін айтып, сынау­шылар көп. Расымен жазаны одан әрі ауырлатуымыз керек пе? – Педофилдердің жазасы 2020 жылдан бастап қатаңдатылды. Атап айтқанда, зорлық-зомбылық орташа ауырлықтан ауыр қылмысқа өтті. Татуласу рәсімі мүлдем жойылды. Балаларға қарсы жасалған мұндай қылмыстар аса ауыр қылмыстарға жатқызылды. 14 жасқа толмаған ба­ла­ларға жасалған зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығы­нан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қол­да­нылады. Сонымен қатар қылмыс­тық жаза балаларға қатысты жыныс­тық зорлық-зомбы­лық фактілерін жасырған мамандан­дырыл­ған бала­лар мекемелерінің қызметкерлері мен басшы­лығына да қолданылады. Ата-аналар мен қамқоршыларға қатысты да осындай жауапкершілік көзделген. «AMANAT» партиясының жа­нында отбасы мен балалардың құқы­ғын қорғау үшін арнайы ашылған «111 Жедел қызметі» байланыс орта­лығының жұмыс істейтінін ескерген жөн. Кез келген адам қоңырау ша­лып, сұрағына жауап ала алады.