Қу кетті, іс бітпеді
Қу кетті, іс бітпеді
Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде осыдан үш жыл бұрын іргесі қаланған ау­рухана ғимаратының құ­ры­­лысы аяқсыз қалды. Се­бебі құрылысқа бөлінген қы­руар қаржы ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузын­да кеткен. Соның салдарынан кент тұрғындары емделу үшін аудан орталығына қаты­науға мәжбүр. Бүгінде 20 мыңнан астам тұр­ғыны бар кентте сапалы меди­ци­налық көмек алу мұңға айналған. Басы ауырып, балтыры сыздаса, 60 шақырым жердегі Арал қала­сына қатынайды. Алғашында жаңа да жайлы аурухана салына­тыны тұрғындарды зор қуанышқа бөлеген еді. Жол азабын тартқан сырқат жандар кенттің өзінен заман талабына сай жаңа ауру­хананың ашылатын сәтін асыға күтті. Алайда іргетасы құйылып, төрт қабырғасы ғана қаланған ғи­марат құрылысы тұралап қал­ды. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын аяқсыз қалдырды. Кейіннен құрылысқа бөлінген қаржының талан-таражға түскені белгілі болды. Ал кент тұрғындары дертіне шипа іздеп аудан орталы­ғына қатынаудан шаршағанын айтады. «Негізінен, кентке бір емдеу мекемесі ауадай қажет. Бұрынғы аурухананың тозығы жеткен. Жаңбыр жауса, төбесінен су сор­ғалап, онсыз да сырқаттанып жат­қан жандардың денсаулығына кері әсер етеді. Ешқандай талапқа сай емес. Сондықтан заманауи ау­руханада ем аламыз деп зор үміт­пен қараған едік. Бірақ құры­лыс жұмыстары сиырқұйымшақ­та­нып кетті. Бүгін емхана ғимара­тының төрт қабырғасы ғана тұр. Оның қашан жалғасып, пайда­ла­нуға берілетінін білмейміз. Әсіре­се, аяғы ауыр әйелдерге қиын. Өйт­кені ауылымызда перзентхана жоқ. Аудан орталығына барып жүр», – дейді Сексеуіл кентінің кент тұрғыны Жоламан Жолдасов. Расында, бүгінде құрылыс ба­сында өлі тыныштық орнаған. Кірпіштер бей-берекетсіз ша­шылып, қараусыз жатыр. Кент тұрғындарының айтуынша, ауру­хана құрылысын жүргізуге басқа мердігер компания тартылатын көрінеді. Сонымен қатар емдеу ме­кемесінен гинекология каби­не­ті ашылып, екі мейірбике жүкті әйелдерге емін жасайтыны ай­тылған. Ал Сексеуіл кентінің әкімі Сәкен Төрешов аурухана төңіре­гінде көптен бері түйткілдің түйіні тарқатылмай отырғанын жоққа шығармады. Қаржылық құйтырқылықтан тұралап қалған құрылыс жұмыстарын қайта жандандыру мақсатында тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын алға тартады. «Негізінен, емхана құрылысы 2019 жылы басталған. Алғашқы жылы қажетті қаржының бір бө­лігіне жұмыс жүргізілді. Алайда бертін келе құрылыс қайта тұра­лап қалды. Кент халқы тағатсыз­дана күткен құрылыс жұмыстары­ның аяқсыз қалуы қаралған қар­жының мақсатсыз жұмсалға­ны­нан болғаны жалпақ жұртқа мә­лім. Нәтижесінде, қыруар қар­жы желге ұшты. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жалғастыру мақса­тын­да қайта зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта емхана құрылысы толығымен аяқ­талып, ел игілігіне пайда­ла­нуға беріледі деп үміттенеміз», – деп түсіндірді кент әкімі. Кент әкімінің айтуынша, бү­гінде халыққа ескі емхана қызмет көрсетеді. Алайда 25 төсектік бұл ғимараттың тозығы жеткен әрі халық саны жыл санап артқан өңірге ескі ғимарат таршылық еткен. Оның үстіне, гинекология сияқты медициналық мамандар жетіспеушілігі тағы бар. Сондық­тан да жаңа емхана ғимаратының қажеттігі өзектілігін жоғалтпақ емес. Ал Қызылорда облыстық Құ­рылыс, сәулет және қала құрылы­сы басқармасы тарапынан ауру­хана құрылысы жалғасын тауып, ел игілігіне пайдалануға беріле­тінін жеткізді. «Қазір аталмыш жобаға қайта түзету жұмыстары жүргізілуде. Сосын сараптамадан өткіземіз. Соның нәтижесінде қажетті со­масы нақтыланып, бюджеттен құрылысты аяқтау үшін қайтадан қаржы сұралады», – деп мәлімдеді бізге ведомство өкілі. Негізінен, кентте іргесі қалан­ған емхана 40 төсекке арналған. Облыстық бюджеттен қаржылан­дырылған нысанның бас мер­дігері – «Атамекен» ЖШС. Ал­ғашқыда құрылыстың ұзақтығы нормативке сәйкес 21 ай деп есептелген. Сол кездері облыстық Құрылыс, сәулет және қала құ­ры­лысы басқармасы қажетті қаржы уақытылы бөлінсе, жаңа емхана­ны 2021 жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарланған. Алайда әне-міне пайдалануға беріледі деумен үш жыл уақыт өткен. Бүгінде құрылысы толықтай тоқтаған ғимарат облыс, аудан әкімдері арнайы барып, жай-жапсарын көзбен көрген. Алайда ел игілігіне пайдалануға беру мер­­зімі әлі де белгісіз күйінде қа­лып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы