Балапан бағамын деп банкрот болды
Балапан бағамын деп банкрот болды
408
оқылды
Өзге өңірді білмейміз, біз­дің Түр­кіс­тан облысы, яғни оң­түстік өңірде жаңа келген әкімдер алдыңғы әкімді мойындамайды. Жаңа келгені өздері жаңа бағдарламалар жасап, жаңа кадр­лармен жаңадан жұмыс бастайды. Қарап отырса­ңыз, оған дәлел де көп. Бұрын­ғы әкім бастап кеткен ша­руа шатқаяқтап, жарты ортада қалып кете береді. Бір өкініштісі, бастаған жұмысын аяқтай алмай жатып басшылар да жиі ауысады. Жуырда дәл осын­дай аяқсыз қалған бір тірліктің куә­сі болып, биліктің әрекетіне күйіндік. 20 құс фермасы қаңырап тұр Уәдеге алданып, жер сипап қал­ған кәсіпкерлер бүгінде аяқтан тозып, қанша есікті тоздырса да, нә­ти­же көрер емес. Есесіне несиесін жаба алмағаны былай тұрсын, басындағы баспанасынан да айырылып, сотты болып жатыр. 2017 жылы Түркістан облысының әкімі болған Жансейіт Түймебаев салтанатты жағдайда ашқан Төлеби ауданындағы 20 құс фермасы бүгінде қаңырап бос тұр. Төлеби ауданының Киелітас ауылының ай­мағында қаздай тізіліп салынған 20 құс фермасын алыстан көрсеңіз, көз тояды. Өндіріс аймағы сияқты ғимараттардың жанынан өтіп бара жатып: «Пай-пай, мына жерде тіршілік қайнап, қызу жұмыс жүріп жатқан шығар. Ауданның экономикасына едәуір үлес қосар кәсіпорындар ғой» деген ойларыңыз ақиқат. Жеке-жеке кәсіпкерлік емес, мемлекеттің араласуымен арнайы жобамен салынғаны көрініп тұр. Себебі бірнеше ғимарат бірдей формада салынған. Әдетте мұндай ғимараттар мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатады. Алайда өкінішке қарай осынау көз тартар кәсіпорындардың жанына жақын барсаңыз, өзегіңіз өртенеді. Сырты бүтін, іші түтін... Салынғанына небәрі 4 жыл енді болған жаңа ғимараттар мен құс өсіруге арналған жаңа аппараттар сол күйі қаңырап тұр. Обалына не керек, Үкімет барлық сала бойынша жыл сайын түрлі бағдарламалар аясында қыруар қаржы бөледі. Тіпті, жыл сайын ерекше бағдарламалар да іске асады. Бүгінде бағдарламалар мен бөлініп жатқан қаржыдан шатасатын жағдайға жеттік. Мемлекеттен қаралып жатқан қаржының да есебі жоқ... Бүгінгі жыр болғалы отыр­ған кәсіпкерлердің де жанайқайы осы жарты жолда қалған бағ­дарламаның кесірі десек те болады. 2017-2021 жыл аралығында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арнал­ған бағдарламаның жеңілдетілген несие бөліміне өзгерістер мен толық­тырулар енгізілген. Осылайша ша­ғын және орта бизнесті дамытуға бөлінетін несиенің жол картасы дайын­далды. Соның ішінде мал ша­руа­шылығы мен ауыл шаруашы­лығы кооперативтерін құру үшін бөлінген 20 млрд теңгенің 14 миллиарды ауылға бағытталған-ды. Оның 10 млрд теңгесі якорлық кооперативтің құрылуына қаралған. Ал якорлық кооператив дегеніміз –өнімді ірі шаруашылықтан алып, қайтадан сол мекемеге ғана сатасың. Мысалы, бұзауды сатып алып, ірі қара малға айналғанда өткізесің. Бұл «кез келген салаға қатысты болуы мүмкін» делінген министрлік берген мәліметте. Яғни Төлеби ауданында ашылған құс фермасы да дәл осылай якорлық кооператив бойынша жүзеге аспақ ниетте ашылған. Іс бітті, қу кетті «2017 жылы сол кездегі аудан әкімі Бұхарбай Парманов ауыл-ауылды аралап жиналыс өткізіп, якорлық кооператив құруға үгіттеп жүрді. Аудан әкімдігінің арнайы жоба-жоспары да бар екен. Онда якорлық кооператив құрған шаруаларға құсты балапан күйінде сатып алып, өсіріп беру ғана міндеттеліпті. Ары қарайғы оны сою, өңдеу шараларын басқа кәсіпорын атқарады деген-ді. Осы жобадан соң аудандағы әр ауыл округінен жиналған бұрын-соңды құс өсірумен айналысып көрмеген 20 кәсіпкер кооператив құрдық. Әкімдік құс өсіруді үйрету, ары қарайғы дамыту, инженерлік жұмыстардың барлығын өз мой­нына алды. Ал бұл негізінен өңірге белгілі, ірі кәсіпорын «Шымкент құс» құс фермасы арқылы жүзеге асуы тиіс болды. Біз шөжелер мен жемді осы фермадан алуға келісімшартқа отырдық. Аталмыш құс фермасы біздің ферманың жанынан сою цехын да салды. Біз осы фермадан шөже алып өсіріп, қайта өздеріне союға, өңдеуге өткізетін болып келістік. Әкімдік екі ортаны байланыстырушы ретінде кепілдікте жүрді», – дейді «Ленгір құс» өндірістік кооперативінің төрайымы Дина Құралқызы. Мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпкерлер одан соң білек сыбанып жұмысқа кіріседі. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыс әкімі жанынан ашылған «Ырыс» қаржы ұйымынан жеңілдетілген несие, лизингке техника да алады. Әрине, барлығы да кооператив есе­бінен құжаттандырылған. Техника демекші, Дина Құралқызы құс өсіруге қажетті құрылғылардың басым бөлігін «Шымкент құс» құс фермасына қарасты дүкеннен алғанын айтады. Онда «Егер құрылғыларды бізден алсаңыздар, жем мен шөже беріп тұрамыз» деген өзара келісім болған екен. Жалпы, кез келген шаруаны осынау ірі құс фермасымен бірігіп жалғастыру жоспары болған. «2017 жылы басталған келісімшарт, құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталып, біз жобадағыдай фермаларымызға құс кіргізе бастадық. Облыс, аудан көлемінен басшылар келіп, жобамыздың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді. Айтқандай, аудан әкімдігі инженерлік жұмыстарды атқарып береміз деп уәде етті. Таяу уақытта су болатынын, әзірге деп, демеушілер есебінен ұйымдастырып, бұлақтан су тарттырып берді. Өкінішке қарай, 2018 жылы су болғанымен, 2019 жы­лы су мәселесі күрделі күйінде қалды. Ал 2020 жылы пандемия басталып, жұмыс тоқтады. 2021 жылы кооператив мүшелерінің аз ғана бөлігі жұмыс істесе, биыл тіпті мұнда 3 кәсіпкер ғана аз ғана құсты айналдырып отыр. Онда да мақсатын ауыстырып, жұмыртқа шығаратын тауық бағуға көшті. Суды бөшкелермен қайта-қайта әр жерден тасып әкелуде. Ішетін суды ептеп тауып берерміз-ау, ал құс тұратын жерді салқындатып тұруы үшін су жеткізе алмаймыз. Таяу күндері 3 кәсіпкер де тауық бағу кәсібін біржола тоқтататын секілді. Одан бөлек, «Шымкент құс» фермасы уәдесінде тұрмай, сою цехын өзінің Шымкент жақтағы басты фермасына апарып қойды. Сонымен бірге, шөже мен жемі әлдеқайда қымбат болған соң, біз оны «Қайнар құс» фермасынан алатын болдық. Керісінше Шымкент қаласындағы «Қайнар құс» құс фермасы бізге көп көмек көрсетті. Бұл саладан хабарымыз жоқ бізге өсіріп баптау, бағу шараларын толық үйретті», – дейді тағы бірде өндірістік кооператив төрайымы. балапан бағу [caption id="attachment_196187" align="alignleft" width="1200"]балапан бағу © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Сонымен, уәде етілген су да, сою цехы да жоқ кәсіпкерлер абдырап қалған. Өз әрекеттерімен құсты базарға, дүкендерге ауыл-ауылдарға апарып өткізіп жүріпті. Супермаркеттерге, үлкен дүкендерге өткізу үшін оның бірнеше құжаттандыру машақаты бар. Тауарға басатын мөрді сатып алу үшін де қыруар қаржы керек. Осылайша қанатының астына аламын деп уәде берген «Шымкент құс» құс фермасының басшылығы дәл осындай құс өсіру фермасын ашқан. Шығынға батып, банкротқа ұшыраған шаруалар шатқаяқтап не істерін білмей жүр. Әрқайсысында 3 000-5 000 құсы болуы тиіс 20 ферманың дәл қазіргі күйі осындай. Алынған несиені жаба алмай, сергелдеңге түскен. Кооператив төрайымының есепшоты және оның отбасы мүшелерінің есеп­шоты ондағы мүшелерге кепіл болғаны үшін қайта-қайта бұғатталып жатқанын айтып, қынжылды. Тіпті, кейбір мүшелердің ісі сотқа да өткен. Баспанасынан айырылған қария далада қалды Соның бірі – 75 жастағы қария Жолай Қожатаев. Құрылыста жұмыс істеп жүрген ақсақал әкімдіктің үйіп-төгіп берген уәдесіне сеніп, жұмысқа кіріскенін айтады. «Бастапқыда ура-урамен, аудан облыс бас­шылары түгелдей дерлік атсалысып осы жұмысты бастадық. Кейін уәде етілген сою цехы болмай, құсты қайда өткізерімізді білмей қалдық. Артық ауыс қаржым жоқ. 5 миллион теңге жобасында несие алып бас­таған жұмысым шығынға бата берді. Шөжелерге жем тауып бере алмай, көлігімді, одан соң баспанамды да саттым. Қалай жұмыс бастасам, со­лай шығынға ұшырай беремін. Содан қазір үйсіз, жаяу әр баламның үйінде жүрмін. Жұмыс тоқтап тұр. Уәде орындалмады. Әкім ауысып кетті, одан кейінгілері бізбен шаруасы болған жоқ. Жыл сайын жанайқайымызды айтып, аудан, облыс әкіміне барамыз, нәтиже жоқ. Жуыр­да Президентке де хат жаздым. Не­сиеге алған құрылғылардың бар­лығы да жаңа күйінде тұр. Қыруар қаржыға салынған фермаларға да обал. Толық қуатында жұмыс істесе, ауданға едәуір салық төлер едік, біраз адам жұмыспен қамтылар еді», – дейді атай бізбен әңгімесінде. Жолай ақсақалдың ісі несиесін төлей алмағаны үшін сотқа өткен. Былтыр бір жылға шегерілген екен. Биыл тағы іс қозғала бастапты. Төлеби ауданы әкімдігі ауыл­шар­уа­шалық және кәсіпкерлік бөлі­мінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев бірнеше кәсіпкер бірігіп, кооператив құрғанын, алайда кейбір істе бірікпей 20-сы 20 жаққа тартатынын айтып қынжылды. «Әкімдік демеушілер тарапынан уақытша су тартып берген. Бірақ мемлекет жеке­меншік мекемелерге жағдай жасай алмайды ғой. Барынша кө­мек­тесуге тырысып жатырмыз. Был­тыр облыс орталығына бірнеше мәрте барып, несиелерін бір жылға тоқтатып бердік. Жұмысты жүргізе алмасаңыздар сатыңыздар деп біраз инвестор да алып барғанмын. Алайда инвесторлар келіспеді. Жақында аудан әкімі осы салаға жауапты орынбасарына су жеткізу бойынша тапсырма берген. Ферманың жанына су құбыры келіп тұр, бірақ судың қуаты жетпейді. Енді қаржы қаралса, мәселе шешіліп қалар деп отырмын», – деді жауапты тұлға. Ауданның мүмкіндігі мол, алайда... Осы істің басталуына ұйытқы болған ауданның бұрынғы әкімі, қазір Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов шаруаларға обал болды деп отыр. «Жалпы, бұл ауыл шаруаларына өте қолайлы жоба болатын. Негізінен Төлеби ауданының жері шұрайлы, ауасы, суы таза керемет жер ғой. Осы­нау жоба Үкімет тарапынан қозғау болғанда, мен де кәсіпкерлерді жұмылдырып, осы істі бастадық. «Шымкент құс» фермасының басшысы Әбілқасым Досболов шөжені беріп, өскен соң қабылдап алуға келісіп, ортақ шешіммен аш­қан­быз. Кәсіпкерлер осы уәде бол­ма­ғанда, аша алмас еді, ол кісіге сеніп қалды. Жалпы, әлі де кеш емес, қайта қолға алып жандандыруға болады. Бір елді мекенге емес, қалған ауылдарда да осы кәсіпті бастауға жұмыс істеп жатқанбыз. Министрлік те, сол кездегі облыс басшысы Түймебаев та қолдаған. Алайда басқа жұмысқа ауысып кетуіме байланысты бұл жұмыс аяқсыз қалды», – дейді Бұхарбай Рысқұлұлы. Ал «Шымкент құс» фермасының басшысы Әбілқасым Досболов мемлекет тарапынан субсидия берілмегенін, пандемия тұсында қымбатшылық болып, жем ала алмай қалғанын, сөйтіп ол жақтағы бройлер өсіретін фабрика жабылғанын алға тартты. Құс өсіретін алып компания басшысы бүгінде ол жақта бәрінен бұрын су мәселесі күрделі екенін айтады. Әбілқасым Үсіпбайұлының айтуынша, су мәселесіне әкімдік жауапты. «Бар болғаны 11 шақырым жерден су әкелу үшін 4-5 миллион теңге ғана керек», – дейді. Қалай болғанда да, біткен іске ие бола алмай отырған әкімдіктің бұл кәсіпорынға осы уақытқа дейін қызығушылығының болмағаны таңдандырды. Қария айтқандай, басқа мәселені қоя тұрып, дайын кәсіпкерлікті дамытса, әкімдерге жүктелген ең басты мәселе жұмыс орындарының көптеп ашылатыны анық еді. Әрі-беріден соң бюджет қоржынын да қомпитатыны сөзсіз. Әлде басында айтып өткеніміздей, бір әкім бастаған істі екіншісінің алып жүруі өздеріне сын ба екен?! Бұл жалғыз аудан әкімі Төлеген Телғараевқа ғана емес, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке де сын. Одан бөлек, алып кәсіпорынның уәдеден тайқып кетуі тіпті ұят болыпты...

Шымкент қаласы