Кілтін беріп, құлпын көрсетпегені қалай?
Кілтін беріп, құлпын көрсетпегені қалай?
257
оқылды
Әр мереке қарсаңында жер­гілікті әкімдік азаматтардың белгілі бір санатына салтанатты түрде пәтер кілтін та­быстап жатады. Тәуелсіздік­тің 30 жылдығы аясында елордада жүздеген адам мемлекеттік бағдарлама бойынша үйлі болған. Алайда 5 ай бұрын пәтер кілтін алған 50 отбасы әлі күнге дейін өздеріне тиесілі баспаналарға қоныстана алмай жүр. Баспананың кілтін бергенімен жауапты мекемелер тұрғын үйді табыстамай, салып келеді. Ашынған азаматтардың аш­паған есіктері, арызданбаған мекемелері қалмаған. Амалы таусылған мәдениет саласының қызметкерлері наразылық акциясын ұйымдастыр­ды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша Тілендиев 38 мекенжайында салынып жатқан тұрғын үй мұғалімдерге, дәрігерлерге, мәдениет және спорт саласының қызметкерлеріне, әлеуметтік осал топтарға арналған. Баспана сатып алу құқығымен 20 жылға былтыр жалға берілуі керек еді. Бір қызығы, Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойында әкімдік арнайы ша­ра ұйымдастырып, бітпей жатқан үйдің кілтін тұрғындарға тапсырған. Алайда пәтер сол күйі берілмеген. Қай үй, қай қабаттағы пәтердің берілетінін азаматтар білмейді. –Бір жыл бұрын бағдарлама талаптарына сай келген театр қызметкерлері Қазақстан Тұрғын үй компаниясына құжат тапсырдық. Бағдарламаға өткеннен кейін кепіл болатын адамды да тауып тіркеп қойдық. Осылайша «Үйдің кілтін күзде, Тәуелсіздік күнінде, Жаңа жылда аласыңдар» деп әкімдіктегілер уәде беріп, уақыт соза берді. Ақыры 6 қаңтарда баспанамыздың кілтін салтанатты түрде табыстап, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан үйдің ішін аралатып көрсетті. «Қашан кіреміз?» деген сұрағымызға қаңтар оқиғасы басылсын, 10 күннен кейін толық тапсырамыз» деген жауап алдық. Кейін ақпан айында барсақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Үйімізді беретін ойлары жоқ екенін білдік, – дейді Қалибек Қуанышбаев атындағы театр актеры Жәнібек Мұсаев. Тұрғындардың «Үйімізге неге кіре алмай жатырмыз?» деген сұрағына құрылыс компаниясының өкілдері: «Біз барлығын дайындап өткізіп қойғанбыз, бірақ әкімдік қабылдамай отыр» деп жауап берген. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бұл мәселеге Қазақстан Тұрғын үй компаниясының жауап беретінін айтқан. Ал бұл компания өкілдері дайын емес үйді табыстаған әкімдікті кінәлап, тұр­ғын үй құрылысында заңбұзушы­лықтар болғанын, сондықтан министрлік мақұлдамай отырғанын тілге тиек еткен. Жәнібек Мұсаевтың айтуынша, компания жауапты мердігерлермен келісімшартты бұзып, азаматтарға басқа баспана бермекші. Дегенмен қазіргі тұрғын үй нарығында бұрынғы бағамен, яғни шаршы метрі 260 мың теңгеге дәл осындай үй табу қиын. Сондықтан келісімшартты бұзу Тұрғын үй компаниясына тиімсіз. – Үй құрылысына жауапты үш мекеме мен азаматтар жиналып, талқылайық деді. Біз жиналдық. Бірақ сонда да бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Ол жерде отырғандар мардымды жауап бермеді,– дейді Жәнібек Мұсаев. Азаматтардың айтуынша, іс осылай ұзаққа созыла беретін болса, тағы да құжат жинауға тура келеді. Өйткені заң бойынша бір рет тапсырған құжат тек 3 айға ғана жарамды. Алайда тұрғындардың арасында қарт әкесі кепіл болып, қазір зейнетке шығып кеткендер мен сол кезде жұмыс істеп, қазір бала күтіміне байланысты демалысқа шыққандары бар. Олар бір жыл бұрын бағдарламаның барлық шарттары бойынша құжаттарын түгендеп өткізсе де, қазір бұл та­лап­тарға сай келмейді. Бұған дейін тұрғын үй компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Алмас Шабдарбаев мұндай жағдайда құжаттары сәйкес келмеген адам­дар үй ала алмайды депті. Тұрғындар істің ұзаққа созылғанына кінәлі жауапты мекемелер болғандықтан салтанатты түрде кілтін алған адам­дарды, енді үйсіз қалдыру әділдік емес екенін айтты. Ал біз хабарласқанда Алмас Шабдарбаев жауап беруден жалтарды ма әлде шынымен де жұмыстан шығып кетті ме: «Мен бүгіннен бастап жұмыстан босатылдым. Сондықтан сізге пікір білдіре алмаймын» деп қысқа қайырды. Осылайша бір жылға жуық уақыт бойы елорда әкімдігінен де, Қазақстан тұрғын үй компаниясынан да бұл мәселе жөнінде нақты жауап берілмеген. Наразылығын білдірген мәдениет қызметкерлері тұрғын үй мәселесінің қалайда тез арада шешілуін талап етеді. Қолжетімді тұрғын үйлерге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындар ұзақ уақыттан бері жалдамалы пәтерлерде тұрып, баспана мәселесінің барлық ауыртпалығын бастан кешкен. Наразы топ талай рет жазылған хаттар мен жазбаша сұраныстардан, ресми кездесулерден нәтиже шықпағанын мәлімдеді. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов мәселені шешу үшін тұрғындардан бір ай сұрап отыр. Алайда тұрғындар оған сенбейді. Өйткені бұған дейін де бірнеше рет берілген уәделердің ешқайсысы орындалмаған. –Үй дайын. Құрылыс жұмыстары бойынша ешқандай мәселе жоқ. Соңғы құжаттары рәсімделіп жатыр. Әкімдік өз міндеттерінің бәрін орындады. Қазір бұл үдерісті жеделдетуге тырысамыз. Тек күту керек, – дейді қалалық Әнуар Сайыпов. Ең қызығы, қуанышы қойнына сыймай желіге жарыса жазып, кілт­терінің суреттерін жүктеген азаматтар істің насырға шабатынын білмеген. Олар мердігерлердің айтқан уақытында көшіп барамыз деп ойлап, жалдамалы пәтерлерін өткізіп, балаларын да жақын жердегі мектепке ауыстырып үлгерген. Үй уақтылы берілмегендіктен осындай әуреге түскен көпбалалы ана Салтанат Ибадуллаева күнде 3 жасар баласын театрға жұмысқа таситынын айтады. – Осындағы азаматтардың бәрі де өз пәтерін алуға лайықты. Әлеу­меттік желіде туысқандарымыз фотомызды көріп, құттықтап жатыр (кілт тапсыру шарасынан). «Құтты болсынға» қашан барамыз деп балам сұрайды. Ашынып, күйініп жүрмін, – дейді Салтанат Ибадуллаева. Наразылық акциясына қатыс­қан мәдениет қызметкерлері – сол үйге орналасуы тиіс азаматтардың бір шоғыры ғана. Шын мәнінде бұл тұрғын үйдің пайдалануға берілуін 297 отбасы асыға күтіп жүр. Негізі, театр қызметкерлері үшін баспана төңірегіндегі мұндай дау таңсық емес. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры былтыр министрліктің балансына өткенде елорда әкімдігі оларға баспана беруден бас тартқан. Тіпті, театр актерлері әкімдік беретін тұрғын үй сертификаттарын алу құқығынан айырылған. Кезінде елордада Иманғали Тасмағамбетов әкім болған жылдары, одан кейін де мәдениет саласының қызметкерлеріне ерекше көңіл бөліп, тұрғын үймен қамтамасыз еткен еді. Ал бүгінде көрерменіне қуаныш сыйлап, қасиетті сахнаға адал­­дық танытып жүрген өнер иеле­рін баспанамен қамтып, бабын табатын жанашыр басшы табылмай тұр.