Жол қозғалысына мінсіз жүйе қажет
Жол қозғалысына мінсіз жүйе қажет
© коллаж: Елдар Қаба
225
оқылды
Жол – экономиканың күретамыры. Сонда да болса қарапайым жол ережесінің сақталмауынан болған жол-көлік апатынан жыл сайын 3 мыңға жуық отандасымыз бақилық болды. Бұл статистика жол апаттарының алдын алу жұмыстарына айрықша назар аударуды қа­жет етеді. Өткен жылы ел аумағында 14 мыңнан астам ірілі-ұсақты жол апаты кезінде 2 270 адам қаза тауып, 18 096 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өткен жылы Қазақстан­ды әлем бойынша жол апаты көп болатын бес елдің біріне жатқызды. Біздегі бір жүз мың адамға шаққанда 24,5 адамға теңеске жол бойындағы зім коэффициенті де Еуропа елдерінен 11 есе жоғары. Шынында мемлекет тарапынан жол апатының алдын алу бағытында көптеген жұмыс қолға алынды. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Жол бойындағы қауіпсіздік мәселесіне Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов алқа отырысында баса назар аударып, тәртіп сақшыларына тапсырма берген. Алайда бұл мәселе министрліктен бұрын Үкімет деңгейінде шешілуі керек. Мәселен, қазір ішкі істер органдарында 1936 жылдан бері қауіпсіз жол қозғалысы­мен айналысып келген мемлекеттік автоинспекция, жол полициясы деп аталатын құрылымдар жоқ. Кезінде осы құрылымдар қызмет еткен кәсіби мамандар да саладан кетіп тынды. Жол қауіпсіздігін ұйымдастыру ісіне кәсіби біліктілігі төмен мамандардың келуінен үлкен кемшіліктер байқалып жатыр. Осы орайда сала ардагері ретінде жол қозғалысын реттеу, жолда тәртіп орнатуға қатысты ұсыныстарымды ортаға салғым келеді. Біріншеден, бұл саланы қазіргідей әкімшілік полиция мен жергілікті полиция қызметіне бөлмей нақты бір құрылымға жүктеуге болады. Біле білгенге жол қозғалысын реттеу, қадағалау – техника­лық, кәсіби білімді қажет ететін қызмет. Аталған құрылымға техникалық сәйкес­тікті, жол стандарттарын қадағалайтын бөлімдеріне жоғары техникалық білім бар, жол қозғалысын реттеу әдістерін жақсы меңгерген, техникалық стандарттардан хабардар мамандарды қызметке тарт­қанымыз жөн. Жол қозғалысы мен жол тәртібін қадағалайтын мамандарға арнаулы курстар ұйымдастыру да артық болмайды. Себебі олар халықпен тікелей қарым-қатынас жасайды. Тіпті, халық олардың әрекетіне, кәсібилігіне қарап күллі ішкі істер органдарының қызметіне баға береді. Мұнан бөлек «Жол қозғалысы туралы» заң мен Жол ережесіне сараптама жүргізіп, мемлекетаралық стандарттар мен жол қауіпсіздігіне тікелей әсері жоқ, жұмыс баптарды қысқарту керек. Сол арқылы заң мен ереже жүргізушілер мен жолаушылар тез жаттап, есінде ұзақ сақтай алады. Автокөлік жүргізу құқығын авто­мектепке бармай, өздігінен дайындалып алғандарға беру де тәуекелді қажет ететін шаруа. Біліксіз жүргізуші адамзат үшін дәрігерлер мен ұшқыштар сияқты қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан болашақ жүргізушілерді міндетті түрде арнаулы дайындықтан өткізіп, автомектептерге қойылатын талаптарды күшейту керек. Жол ережесіне атүсті қараған жүргізуші­лерді қайтадан автомектепке жіберіп, біліктілігін арттыруды тәжірибеге енгізуі­міз қажет. Полиция қызметкерлерінің мәртебесін қайта қайтарып, олардың қызметіне кедергі келтіргендерді жауапкер­шілікке тарту мәселесі де назардан тыс қалмағаны абзал. Жол қозғалысы мәде­ниетін ұрпақ санасына балабақшадан бастап сіңіріп, оны мектеп қабырғасында да арнаулы пән ретінде оқыту керек деп білемін. Әрине, бұл ескіні аңсау емес. Сонда да болса бұл шаралар жол бойындағы кісі өлімімен аяқталатын оқиғаларды азайтып, полиция қызметкерлерінің халық алдын­дағы беделін жоғарылатуға ықпал етеріне сенеміз.

Дүйсенбек ГАЙСИН, Қазақстан ІІМ-нің құрметті ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі, Атырау қаласы