Жалға берілген жердің «жыры»
Жалға берілген жердің «жыры»
135
оқылды
Алматы облысының тұрғындарын облыстың екіге бөліну мәселесі алаңдатады. Аймақтағылар Мемлекет басшысының жаңа – Жетісу облысын құру туралы Жарлығына сай бір кездегі шекара бойынша болатын бөліністі жүзеге асыруға қатысты жұмыстардың басталуын асыға күтіп жүр. Облыс шекарасына байланысты түрлі болжамдар айтылып жатыр. Қазынаға құйылатын қаржының 85 пайызға жуығы орталығы Қонаев қаласы болатын Алматы облысында орналасқан өндіріс орындарынан түсетінін алға тартатындар жаңадан құрылатын Жетісу облысының ертеңіне алаңдайды. Оның себебі де түсінікті. Аграрлық сала мен туризмді дамыту мүмкіндігі мол, Қытаймен екі арадағы алыс-беріс пен барыс-келісті қамтамасыз ететін екі бірдей шекаралық кеден, теміржол тармағы орналасқан Жетісу облысының болашағы туралы батыл әрі жақсы болжам айтушылар да баршылық. Аграрлық сала демекші, дені шұрайлы да, шырайлы жерге үміт артатын облыс тұрғындары арасында кейінгі жылдары бір кездері өздері кәдеге асыра алмағандықтан, жалға беріп тастаған егістік жерлерін қайтаруға қатысты дау-дамайлар тым жиілеп кетті. Дәл қазіргі кездегі Алматы облысының барлық аудандарында жер дауы өршіп тұр. Талдықорғанның іргесіне орналасқан, Ескелді ауданындағы ірі елді мекендердің бірі Бақтыбай ауылындағы да жағдай осы. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еліміздің барлық аймағында жүргізілген ортақ мүлікті, жерді жекешелендіру кезінде өздеріне тиген жер телімдерін тиімді пайдалана алмаған тұрғындардың басым бөлігі ортақ мүліктен алған үлестерін мүмкіндігі бар жерлестеріне тапсырған. Біреулері жылына бір рет берілетін азын-аулақ ақыға келіссе, екіншілері жер қараусыз қалмасын деген ниетпен тегін пайдалануға берген. Енді, жердің құны қымбаттап, оны игерсе, бала-шағасының нәпақасын табуға болатынына көзі жеткендер сол бір кезде «құтылуға» асыққан жер телімдерін қайтаруға кірісті және жылдар бойы жердің қызығын көргендер тарапынан түрлі кедергілерге кезіккен. Дәл осындай жағдайға ұшыраған Бақтыбай ауылының тұрғындары биліктен даулы мәселеге қатысты араша сұрап, өздеріне тиесілі жер телімдерін қайтарып алуға көмектесуді талап етіп отыр. Өткен ғасырда игере алмайтын болғандықтан шамасы бар адамдарға жерлерін жалға беріп, қайтара алмай отырғандар саны күн өткен сайын артып барады. – Кеңшарды таратқан кезде біздің отбасына 185 гектар жер тиді. Оның 16,6 гектары суармалы жер телімі болатын. Барлығымыз білетіндей, ол жылдары жағдай тым ауыр еді ғой. Игеруге шамасы жетпеген соң әке-шешеміз өз үлестерін шаруа қожалығы бар Зейнеқабыл Құлманбетовке жалға береді. Одан бері де отыз жылға жуықтады, жалға беруші ретінде жерді игеруден түскен пайдадан өтемақы алуға тиіс едік. Ондайды көрмеппіз. Енді міне, жерді өзіміз игеру үшін қайтаруды сұрасақ, жолатар емес, – дейді Бақтыбай ауылының тұрғыны Төлеуғазы Битеміров. Ол бізге Бақтыбай ауылы жанында орналасқан жер телімдеріне қатысты Талдықорған аудандық әкімдігі басшысының 1999 жылы 8 тамызда шыққан №86 шешімін де көрсетті. Жергілікті атқарушы органдардың мәселені реттеуге шамасы жетпейтін­дігіне көзі жетіп, әбден үміт үзгендіктен жер дауын тек сот арқылы шешпек болады. Сот отырысы барысында жауапкер шағымда қойылған талаптармен келіспейтінін білдіріп, жер телімдерін талапкердің әкесі Тынысхан Битеміровтен сатып алғанының дәлелі ретінде 2009 жылы 7 сәуірде жазылған қолхатты көрсетеді. – Менің әкем 2016 жылдың 14 сәурінде қайтыс болды. Әкемнің артында қалған мүліктің мұрагері менмін. Алматы облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілі біздің жер үлесіміздің Құлманбетов құрған шаруа қожалығында екенін анықтады. Соған сай, жауапкердің үлескер емес, тек шаруашылықты ұйымдастырушы екендігі белгілі болды. Сондықтан біздер өздеріміздің жер үлестерімізді қайтарып алуға құқылы екенбіз, – дейді Төлеуғазы Битеміров. Сот талапкердің арызын қанағаттандырды. Алайда жер иеленуіші мұнымен келіспей, жоғары тұрған сот сатысына шағымданып, ондағылар бірінші шешімді жоққа шығарды. Сондағы негіздемесі талапкердің сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтамағандығы. Сонымен бірге марқұм болған әкесінің қолхатын да көлденең тартқан. Талапкер жерді сату және сатып алу кезінде орындалуға тиісті талаптардың сақталмағанына, қажетті құжаттардың жоқтығына қарамастан, бір жапырақ қағазды заңдық негіз ретінде алып отырған соттың шешімін мүлде түсінбейтінін ашына айтады. Қазір Битеміров Жоғарғы Сотқа шағымданып, сол жаққа елеңдеп отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, жалға берілген жер телімдерін қайтара алмай жүрген бақтыбайлықтар қатары көбейіп барады. Олар өздерінің талаптары орындалмаса арыз-шағымдарын арқалап, елордаға дейін баратындарын айтады.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы