Global Cıty үдеден шықпады
Global Cıty үдеден шықпады
201
оқылды
Қарағандыда бұдан екі жыл бұрын ең ірі Global City көтерме-тарату логистикалық орталығы ашылды. Бұл орталық ауыл шаруашылығы өнімдерін сату үшін «Солтүстік – Оңтүстік» ағындарын байланыстырады» деп сүйіншілегенбіз. Әйтсе де бұл орталық алдын ала жасалған келісімдегі шарттарды орындамаған. Қазақстанда теңдесі жоқ ауылшаруашылық тауарларын сақтайтын заманауи қоймалары мен сату алаңдары бар ірі Global City орталығына 85,5 гектар жерді тегін берген. Тіпті, бюджет есебінен 8 миллион 790 мың теңге қаржыға кәріз құбыры, ал 313 миллион 800 мың тенгеге автожол төселген. «Даму» қоры арқылы жалпы көлемі 8 миллиард 200 миллион теңге болатын несие төмен пайызбен берілді. Кәсіп­кер­лік нысанға «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым зат­тар экономикасы» мемлекеттік бағ­дар­ламалары арқылы да едәуір қолдау жасалды. Нәтижесінде бірегей хаб кө­көніс пен жемістерді делдалсыз саудалап, республиканың басқа да өңірлерінде де бағаны төмен­детуі керек болған. Ауыл шаруа­шылығы өнімдері орталыққа Қырғыз Республикасымен Өз­бек­стан, Ресей сияқты елдерден жеткізіледі. Сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлерінің диқандары да өз өнімдерін көтерме-тарату орталығы арқылы саудалау мүм­кін­дігіне ие болған. Әйтсе де жақында Global City-де өткен Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында көтерме-сауда орта­лығының қоймалары бос тұрға­ны, фермерлермен ешқандай шарт жасалмағаны, логистикалық жүйенің жолға қойылмағаны белгілі болды. Осылайша жарна­масы жер жарған бірегей кешен­нің кәдімгі сауда үйлерінен айыр­масы болмай қалады. Расында қарағанды­лықтар мұнда азық-түлік алуға емес, орталықтың ішіндегі Magnum, Sulpak, LC Waikiki-де сауда жасауға барады. «Қарағандылық диқандар жыл сайын шамамен 200 тонна картоп жинайды. Бірақ Global City-ге жергілікті картоптың ширегі де сақтауға берілмеген. Фермерлер картопты өздері сақтап, өздері өткізетін жол тап­қан. Олардың картобын шетел­діктер егіс даласынан тиеп әке­теді. Есесіне Қазақстанда былтыр картоптың әр келісінің бағасы 500, сәбіздің бағасы 600 теңгеге дейін өсті. Қырғыз Республикасы, Өзбекстан елдерімен логистика орнату тұрмақ, аймақ фермер­лерімен келіссөз жүргізе алмаған мұндай сауда орталық Қазақ­стан­ға керек пе?» – дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ләззат Қожахмет. Мына қызықты қараңыз, осыдан екі жыл бұрын «Көтерме-тарату логистикалық орталығы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы 25 пайызға дейін төмендейді» деп айтылған. Ал қазір бағаны арзандатамыз деген Global City-де жұмыртқа­ның 10 данасы 700, жылқының қазысы келісі 4 000 теңгеден сатылып жатыр. Ал қала ішіндегі дүкендерде бұдан арзанға да алуға болады. Сонымен Орта Азиядағы тұң­ғыш көтерме-тарату логис­тика­лық орталығы салынса фер­мер­лік өнім арзандайды деген үміт те ақталмады. Айтпақшы, «Даму» қоры екі жылдан кейін субсидия­ның тиімді қолданыл­ғанын тексереміз деген болатын. Биыл тексеретін жылы. Қоғамдық кеңес мүшелерін «Бос тұрған қойма­ларды көріп, «Даму» қоры несие дұрыс берілген екен деген шешім шығарар ма екен?» деген сұрақ алаңдатады. Субсидияның тағы бір талабы – жұмыс орнын ашу. «Орталықта қазір мың жарым адам істейді» дейді басшылары. Сірә, жұмыс­кер­лер санына сауда жасап тұрған жалға алушыларды да қосады. Себебі сонша адамды көрмедік. Бірақ Global City оларға жалақы төлемейді, керсінше жалға алушы орталыққа ақша төлейді. Осыдан барып тағы бір «Сонда бұл жұмыс орнын ашып отыр деп есептеле ме?» деген сұрақ туындайды. Қарағанды облыстық Қоғам­дық кеңестің төрағасы Жәнібек Садықанов өткізген алғашқы көш­пелі жиыннан кейінгі түйіл­ген ой бұл. Кеңес төрағасының өзекті сұрақтарынан қаймықты ма, Global City-дің коммерциялық директоры Наиль Мунасипов журналистерге сұхбат беруден бас тартты. «Мүмкін, Global City орта­лығының қожайыны Анвар Осин мырза өзі ел алдына шығып, жур­на­листерге сұхбат берер. Коммер­циялық директоры камерадан қорқады екен. Осин мырза Президентіміз Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатқанда, мемле­кеттік бағдарлама аясында салын­ған жоба туралы айтудан қашпай­тын шығар?» – дейді облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері... Миллиардтаған теңге жұмса­лып салынған Global City неге басты шарттарды орындамайды? Сұрақ көп. Ал сан сауалға жауап берілер түрі жоқ.

Қарағанды облысы