Халық Қаһарманы, ұшқыш-штурман Хиуаз Доспанованың туғанына биыл 100 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандығымен көзге түскен, 46 гвардиялық Таман әуе полкінің сапында неміс басқыншыларына аяусыз соққы берген даңқты Хиуаз Доспанованың мерейтойына арналған тағылымды ісшаралар елорда мен Алматы қаласынан бастау алды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Қарулы Күштері мемлекеттік әскери-тарихи музейі мен Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейінде Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме ұйымдастырылды. Шараны өткізуге Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мұрындық болған. Нұр-Сұлтандағы көшпелі көрменің ашылу салтанатында Қарулы Күштердің Әуе қорғаныс күштері Бас қолбасшысы бастығының орынбасары міндетін атқарушы, полковник Серғали Әлімқұлов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов қатысып, сөз сөйледі. Олар Хиуаз Доспанованың өмірінен сыр шертіп, мұнайлы өңірден шыққан өзге де қаһармандардың есімі халық жадында мәңгілікке сақталатынын жеткізді. Сонымен қатар ҚР Қарулы Күштерінің құрметті ардагері, авиация генерал-майоры Мұхамеджан Ибраев, Ақмола облысы Целиноград аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Темірбаев, ҚР Қарулы Күштерінің құрметті ардагері, авиация генерал-майоры Алсай Жұманов та қазақтың қаһарман қызының ерлігі дастанын тілге тиек етіп, ақжарма тілегін білдірді. Осыдан соң көпшілікке қазақтың батыр қызы туралы бейнефильм көрсетілді. Көшпелі көрме жұмысына Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Шәкуұлы да қатысып, тағылымы мол жиынның өтуіне мұрындық болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде өткен салтанатты шараға келушілердің қарасы қалың болды. Оған қазақтың қаһарман қызының ет-жақындарымен қатар Хиуаз Қайырқызының көзін көргендердің ұрпақтары келіп, осы тектес көрмелерді өткізу келешек ұрпақ алдында мәні аса зор екеніне тоқталып өтті. – Хиуаз Доспанова менің әкем Вильмергеннің туған апасы. Апамыз өр мінезді болатын. Оның қайсар мінезі жауапты қызметтерде жүргенінде көп көмегін тигізді. Осы көрмеден біз апамызбен қайта қауышқандай күй кештік. Әсіресе, музей қызметкерлерінің көрме маңыздылығын жұртшылыққа таныстыру тәсілі көңілімізден шықты. Апамыздың жерлестері батыр қызын еш ұмытпай жүргеніне, ерлігі мен еңбегін бағалаудағы елеулі жұмыстарына ризамыз, – деді Бахытжан Доспанов. Айтарлығы, көрмеде негізінен қан майданда неміс басқыншыларымен аяусыз соғысқан жылдары Хиуаз апамыз көкте қырандай қалықтап, жаудың негізгі күштік құрылымдарын талқандау үшін әуеге 300-ден көп көтерілгені әр іс-шара барысында айтылып та, көрсетіліп те жатты. Ал арнайы жасалған экспозициялық қабырғаларда «Қанатты қыздың» жеке және отбасы мүшелерімен, тума-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен суреттері, майдан хаттары, еңбек еткен жылдарында иеленген марапат қағаздары келушілердің назарына ұсынылды. Оған қоса, көрмеге жазушы Әбу Сәрсенбаевтың батыр қызға жазған үшбу хаты мен қаһарман тұлға туралы жазылған мақалалар топтамасы ілініп, қазақтың қайсар қызының қан майданда және бейбіт өмірде тұтынған жеке заттары қойылды. Көрмеде сондай-ақ неміс басқыншыларымен болған күресте ерлік көрсеткен Атырау өңірінің перзенттері, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Иван Махориндер және «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Сақып Қызылов, Гаврийл Шаминдер туралы да деректер қамтылды. Тағы бір экспозицияда «Шығыстың қос жұлдызы» Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова жөнінде мәліметтер және олардың мектеп, майдан кезіндегі суреттері қойылды. Сонымен бірге соғыс жылдары Атырау өңірінде майданға пулемет, миномет, атқыштар взводы командирлерін дайындап, жіберіп отырған Гурьев жаяу әскер училищесі мен сын сағатта үздіксіз қызмет еткен әскери госпиталь туралы тарихи деректер мен фотосуреттер, Ұлы Жеңіс шеруіне қатынасушы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегін айшықтайтын мәліметтер де көпшілік назарына ұсынылды. Көрермендер көрмеден соғыс жылдары пайдаланылған әскери киімдер, жауынгер құралдары мен майдан шебінде қолданыста болған радио, телефон, тылдан жіберілген заттай бұйымдарды көріп, тамашалай алды. Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрмесі 18 мамырда Ақтөбе қаласында, 25 мамырда Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтеді.
Атырау облысы