Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан ЖОО-лары ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан ЖОО-лары ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды
453
оқылды
Бүгін Алматы қаласында Л. Н.  Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Өзбекстанның мен Қырғызстанның жоғары оқу орындары арасында меморандум жасалды. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөніндегі құжатқа «Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Абдугаппор Қырғызбаев және Қ.Тыныстанов атындағы Ыстықкөл мемлекеттік университетінің ректоры Асқарбек Иманбаев қол қойды. Құжат университеттер арасындағы білім беру, ғылым және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін айқындайды. Тараптар бакалавриат, магистратура бағдарламалары бойынша академиялық ұтқырлық, оқытушылар мен зерттеушілерге арналған тағылымдамалар мен тәжірибелер, жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудағы ынтымақтастық туралы уағдаласты. Меморандум білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын, оның ішінде жоғары, қосымша және кәсіптік білім беру саласындағы бағдарламаларды бірлесіп әзірлеуді, халықаралық, зерттеу және инновациялық жобалардағы ынтымақтастықты көздейді. Сондай-ақ, келісім шеңберінде ЕҰУ-да, Қырғызстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында семинарлар мен практикалық сабақтар өткізіледі. ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов меморандумға қол қою рәсімінде Орталық Азиядағы университеттермен ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Еуразия ұлттық университеті білім беру сапасына ерекше көңіл бөледі, бұған жоғары оқу орындарының халықаралық және қазақстандық рейтингтерінің нәтижелері дәлел. Мәселен, 2022 жылдың нәтижелері бойынша ЕҰУ QS World University Ranking рейтингінде әлемде 328-ші орын алса, QS Top 50 Under 50 нұсқасы бойынша әлемнің жас жоғары оқу орындарының рейтингісіне кірген. Сонымен қатар Times Higher Education жас университеттерінің ТОП 401+ рейтингісіне енген Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. Еуразия ұлттық университеті білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға баса назар аударады. Орталық Азиядан келетін студенттерді сұранысқа ие және жаңа мамандықтарға оқыту үшін қабылдауға дайынбыз. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоя отырып, серіктестік үшін жаңа алаң қалыптастырамыз. Біз сондай-ақ қазақстандық, қырғызстандық және өзбекстандық ғалымдар арасында жемісті байланыстар орнатуға және академиялық ұтқырлықты қолдауға мүдделіміз», - деп атап өтті «Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы -  ректоры Ерлан Сыдықов.
Академик сондай-ақ меморандумда тағылымдамалар, бірлескен зерттеу жобалары, қос диплом беруді қоса алғанда, ынтымақтастықтың басқа да бағыттары бойынша уағдаластықтар бекітілетінін жеткізді.
«Біздің жобаларымыздың ұзақмерзімділігін қамтамасыз ету үшін практикалық бағытта ынтымақтастықты дәйекті түрде жүргізу қажет», - деді ЕҰУ ректоры.
Бүгінде «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ЕҰУ-да шетелдік студенттер білім алуда. Қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында 6 бірлескен білім беру бағдарламасы әзірленді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қырғызстанның 15 жоғары оқу орнымен, Тәжікстанның 4 жоғары оқу орнымен және Өзбекстанның 10 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Жалпы шетелдік жоғары оқу орындарымен 450-ден астам келісімге қол қойды, сонымен қатар 8 халықаралық қауымдастық, 9 консорциум құрылды.