Сегізінші қабаттан құлай жаздаған 3 жасар қыздың анасы сұхбат беріп, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Еуразия бірінші арнасына сұхбат берген әйел қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын айтты. Айтуынша, екі жерде жұмыс істейді.
"11 мамыр мен үшін өмірімде естен кетпес күн болды. Балам балабақшаға бармайды, өзіммен бірге жұмысқа алып жүремін. Балабақшаға берейін десем, қазір бәрі қымбат. 70 мыңнан төмен емес. Дотациямен берейін десем, менің баламның кезегі келгенше мектепке баратын уақыты болады", – дейді сәбидің анасы.Сол күні анасы алыс жолдан келгендіктен, қызының ұйқысын қимай оны інісіне қалдырып кеткен екен. Айтуынша, сол күні бірінші рет үйге қалдырған. Сосын інісін де жұмысқа шақырып, бала үйде жалғыз қалған. "Жұмысым жақын болған соң, барам да келем деп ойладым", – дейді ол. Қызының сегізінші қабатта салбырап тұрғанын далада шулап жүрген адамдардан естіген.
«Мен өз қызымды өліп қалды деп ойладым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. ...Терезелерді жауып кеткенмін, тіпті оянып қалса терезеге шықпасын деп сақтанып, орындықтарды да балконға кіргізіп кеткенмін", – дейді ол.Айтуынша, қызы аяғының астына жұмсақ ойыншықтары мен жастығын қойып терезеге шыққан. Әйел қызын құтқарып қалған азаматтарға алғысын айтты.
"Кешегі кісіге де көп рақмет! Алладан қайтсын! Ондай нәрсеге екінің бірі бара бермейді", – дейді.Бұл жағдай өзіне өмір бойы сабақ болғанын жеткізді.