Қазақстанда зейнет жасына таяған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» арнайы жобасы жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған азаматтарға арналған жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда жобаны ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын талаптар нақтыланатын нормативтік-құқықтық акті әзірленіп жатыр. Ал біз бұл қандай жоба, оған кімдер қатыса алады, шарттары қандай деген сұрақтарға жауап бердік. Бағдарлама кімдерге арналған? «Күміс жас» жобасы – зейнет жасына жақындаған жұмыссыз адамдарға арналған. Бағдарламаның мақсаты – зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған азаматтарды уақытша жұмыспен қамту. Жобаның шарты қандай? «Күміс жас» жобасына қатысушыларға жалақысының бір бөлігін мемлекет, ал екінші жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік төлемдерді, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін есептегендегі субсидияның ең жоғары мөлшері – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Ал айлығы 200 мың теңге болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі бір жыл. Мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші қатысушыны зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Өтініш беру тәртібі қандай? «Күміс жас» жобасына тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek.kz электронды еңбек биржасы қызметін қолдануға болады. Еnbek электронды биржасы арқылы тіркелу кезеңдері:
- Enbek.kz-те жеке кабинет ашу қажет;
- Жұмыс іздеуші ретінде өтініш толтырып, ЭЦҚ-мен қол қою;
- Өтініш тексерілгеннен соң жеке кабинетке хабарлама келеді.