Интернеті жоқ ауылдар әлі де көп
Интернеті жоқ ауылдар әлі де көп
Фото: ult.kz
311
оқылды
AMANAT партиясы жыл басынан бері 282 мобильді қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау кезінде келіп түскен 3 мыңнан астам өтініштің 150-ге жуығы интернет пен ұялы байланыс қызметіне қатысты шағымдар болған. Сондай өтініштердің бірі Маңғыстау облысында өткен мобильді қоғамдық қабылдау кезінде Баянды ауылының тұрғыны Айгүл Құрмағанбетовадан келіп түскен. Оның айтуынша, ауылда интернет өте баяу әрі белгілі бір жерлерде ғана істейді. Бұл өз кезегінде  балалардың білім алуына кедергісін келтіретінін де атап өтті. Сонымен қатар тұрғынның өтінішіне әлі нақты жауап берілмеген.
«Ауылымызда интернет бірде істеп, бірде істемейді. Осы мәселе бойынша қабылдауға барып, өтінішімді айттым. Сол кезде мәселені жақын арада шешуге тырысамыз деген болатын. Өткен аптаның соңында Мұнайлы аудандық әкімшілігінен хабарласып, алдағы уақытқа әкімнің қабылдауына жазып қойғандарын, кездесуде өтінішімді әкімге жеке білдіруім керек екенін айтты. Ол нақты қай күні болатынын білмеймін. Әзірге өздері хабарласып нақтылап айтар деп, әкіммен болатын кездесуді күтіп отырмын. Осы мәселені шешіп берсе жақсы болар еді», – деп жауап берді Айгүл Құрмағанбетова.
Шынымен бүгінгі таңда көптеген шалғай елді мекенде интернет пен ұялы байланыс қызметіне қатысты мәселелер әлі де өзекті. Әсіресе қазіргідей ақпараттық технология заманында интернет желісінің әрбір азаматқа қолжетімді болуы өте маңызды.