Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастамасына орай, өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, «AMANAT» партиясының мүшесі Ғани Ташқараев осы жолғы өзгерістердің ауқымы өте кең екеніне тоқталды. Депутаттың айтуынша, конституцияға енгізілетін түзетулер билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардың оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге көмектеседі. Кездесуде жұмысшылар жер және пайдалы қазбалар мәселесі бойынша сұрақтар қойды. Конституцияда «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп өзгереді.
- Осындай өзгерістерді жұмысшылар қолдап, 5 маусымда референдумға қатысатындарын жеткізді. Сондықтан әрбір азамат референдумға жай қатысып қана қоймай, қандай өзгерістер үшін дауыс беріп жатқанын түсініп, оның мәнін ұғынуы тиіс, – деді депутат Ғани Ташқараев.
- Алдағы референдумда 43 баптың 3 тармағында Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына тыйым салу ұсынылып отыр, – деді депутат.