«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1 000 адам баспаналы болады

«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1 000 адам баспаналы болады

Бұл туралы брифинг барысында қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров айтты, – деп жазады baribar.kz.  Оның айтуынша, Алматының 35 жасқа дейінгі жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 18 мамыр мен 1 маусым аралығында арнайы құрылған «Алматы жастары» сайтында жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру үшін өтініш пен құжат қабылданады. Сайтта өтініштер мен құжаттарды беру электронды-цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Ұпайларды автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Сонымен қатар сайттағы жеке кабинет арқылы берілген өтініштердің мәртебесін өз бетінше қарау мүмкіндігі бар.

"1 маусым сағат 23:59-да өтініш қабылдау толық аяқталады және 2 маусымнан бастап барлық өтініш жүктеледі. Бұдан әрі 20 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтініштердің бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріліп, әр санатта жиналған балл санымен тізім құралады", – деді Ермек Әміров.
Оның айтуынша, «Алматы жастарына» қатысу үшін тұрақты тіркеу міндетті емес. Ең бастысы – мегаполисте жұмыс істесе болғаны.
"Бағдарламаның бюджеті 18 миллиард теңге. Берілетін қарыздың ең жоғарғы шегі – 18 миллион теңгеге дейін, проценттік мөлшері 5%, бастапқы жарнасы – 10%. Бұл бағдарламамен бастапқы және қайталама тұрғын үйді сатып алуға болады. Биыл аталған бағдарламамен 1 000 адамды қамту жоспарланған", – деді Ермек Әміров.
Жолдама алған өтініш берушілерге 15 жұмыс күні ішінде төлем қабілетін бағалаудан өту үшін «Отбасы банк» АҚ кез келген қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Төлем қабілетін сәтті растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үйді дербес таңдайды. Таңдалған тұрғын үйдің құжаттары тұрғын үй қарызын беру мүмкіндігін қарау үшін «Отбасы банкке» ұсынылады. Банк мақұлдауын алғаннан кейін сатып алу-сату шартын және кепіл шартын рәсімдеу және тіркеуді жүзеге асырады. Өтініш бере алатын азаматтар санатына: Алматыдағы мемлекеттік қалалық және республикалық мекемеде еңбек ететіндер, дәрігерлер мен мейірбикелер, педагогтер мен тәрбиешілер, әртістер, жазушылар, мәдениет саласының мамандары, жаттықтырушылар мен спортшылар, ЖОО оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары: журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық), өндірістік салада еңбек ететіндер кіреді.