Көшірме шоулар көбейді
Көшірме шоулар көбейді
490
оқылды
Көк жәшікке санасы солқылдақ жас та, салиқалы сөз күткен салмақты көрермен де көз тігеді. Дегенмен соңғы кездері қазақ телевизиясының құты қашқандай. Көп көрермен көшірме шоулар мен мағынасыз бағдарламалардан шаршаған. Осыған орай, телевизиялық шоуларды сараптап көрдік. Заманға қарай байқаулар да өз­геріп соңғы жылдары телевизиялық шоу қатары көбейді. Солардың бізге етене танысы «Х фактор», «Жұлдызды жекпе-жек», «Топжарған», «Қазақ­стан дауысы», «Егіз лебіз» және «Маска» секілді байқаулар. Әрине, бұлардың әрқайсының өз ерекше­ліктері бар. Дегенмен айырма­шылықтары аса көп емес. Шоудың аты шоу болған соң, мұндай байқаулар нағыз дарынның бабын келтіріп, бағын ашады дегенге сену қиындау. Одан гөрі табыс табуды көздейтін, халыққа дауысыңды бер дейтін телешоулардың дәурені жүріп тұр. Қазақ эстрадасына жаңа есімдер қосу мақсатында ұйымдастырылатын байқаулар халықтың sms дауысы арқылы жеңімпазды анықтайды. Ұялы оператор арқылы бір рет дауыс беру құны – 70 теңге шамасында. Ал апта сайын мыңдаған адамнан келіп түсетін қаржының қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Сонымен қатар бұл тәсілмен әнші өзінің вокал­дық дарынына, актерлік шеберлігіне орай әділ бағаланады деуге де бол­майды. Өнер иелері әлеуметтік желіде жарыса дауыс сұрап, оқырманы көбі оза шабады. Осылайша ұялмағандар әртіс болып, жеңімпаз атанады. Бел­гі­лі тележурналист Арман Сқабыл­ұлы­­ның пікірінше, 2000 жылдардың басында біздің телеарналарда төл шоуларымыз көп еді. Оларды халық сүйсіне көретін. Кейінгі жылдары арналар рейтинг қуып кетті. – Менің ойымша, мемлекет қаржыландырып отырған арналар рейтингке жұмыс істемеуі керек. Қазіргі шоу-бағдарламаларға, музыкалық байқауларға аса назар аудара бермеймін. Оның үстіне біздің телеарналар көбіне шетелдік бағдар­ламалардың көшірмесін көрсетеді. Ондай шоулардың аты қазақша болғанымен, арғы жағынан бәрібір өзге менталитет көрініп тұрады. Теле­арнадағы қызметкерлер еңбектенсе, ізденсе сапалы шоуларды шығаруға болар еді,– дейді Арман Сқабылұлы. Ол рас, «Х фактор», «Қазақстан дауысы», «Маска» шоуларының бар­лығы шетелден алынған бағдар­ламалар. Кей көрерменнің көңілі отандық көшірме шоудың сапасына толмай, ресейлік нұсқаларымен жиі салыстырады. Мәселен, екі маусым «Хабар» арнасынан ұсынылған «Маска» шоуы қатысушыларының костюмдеріне айтылған сын көп. НТВ арнасы қойылым, декорация мен костюмдерге қыруар қаржы жұм­саса, қазақстандық бағдарлама бюд­жетті барынша үнемдеуге тырысқан. Салдарынан қуыршақ, инелік, қызғалдақ сияқты сәтсіз костюмдер телешоудың сапасын түсірді. Мұны өнерпаздар да растап, маскада өнер көрсету адам төзгісіз қиын болғанын мойындады. Дегенмен жоба продюсері Гүлнұр Мамасарипованың айтуынша, «Маска» шоуын Қазақстанға әкелу оңай болмаған. Ол үшін Кореяға елімізден 8 компания өтінім берген. Соның ішінен франшиза продюсердің компаниясына бұйырады. Жалпы халықаралық жобалардың келісімін алу, логотиптен бастап жарық, декорация сияқты көрермен түсіне бермейтін тетіктерін орындау оңайға түспепті. – Қазір велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бұған дейін төл өнім «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының төрт маусымын жасадым. Оған халықтың қызығушылығы жоғары болды. Бірақ «Маска» шоуының ресейлік нұсқасын көріп қызығып, неге бұл жобаны елімізге әкеліп бай­қап көрмеске деп ойладым. «Маска» әлемнің 50-ден астам елінде көр­сетіледі. Мұны музыкалық вирус деп те атайды, – деді Гүлнұр Мама­сарипова. «Маска» шоуында тек қазылар алқасы ғана қатысушыларды бағалайды. Продюсердің айтуынша, шоуды тікелей эфирде өткізуге болар еді. Алайда мұның барлығы бюджетке келіп тірелген. Көпшілік көрермен «Неге ресейдікі сияқты емес?» деп жатады. Екі елдің бюджетін салыс­тыру­ға келмейді. Қазақстандық «Маска» бөлінген қаржыны барынша ұтымды пайдалануға тырысқан. Түркия, Өзбекстан, Молдова елдері­мен салыстырғанда біздің телешоу көш ілгері көрінеді. Иә, біз шоуларды Ресейден кө­шір­сек, Ресейдің телебағдарлама­ларының көбі – Бастыстың көшірмелері. Бірақ олар шеберліктің арқасында оны орыстың өзінің хабары, төл телешоуы етіп жібереді. Телекеңістікте бірдеңені ойлап табу мүмкін емес, бәрі бар, сол барды әркім өз ұлтының рухани сұранысына икемдей алуы керек. Икемделмеген нәрсе көшірме секілденеді де тұрады. Біздегі көп телешоудың халық арасына сіңісіп кете алмауының себебі де осында. Телебағдарламалар кестесін қарап отырсақ, телешоулар мен ән-думан бағдарламалардан басқа эфирлік уақыт жатжұрттық киномен толтырылады екен. Рей­тинг­ті қуып, жеңіл дүниемен халық санасын жаулағаннан гөрі, ұлттық, елдік мұраттармен үндескен салиқалы әңгімеге құрылған телетуындылар шықса құба-құп.