Өзгерістерді барлық қазақстандықтар сезінеді – Ермек Әбдiрәсiлов
Өзгерістерді барлық қазақстандықтар сезінеді – Ермек Әбдiрәсiлов
182
оқылды
5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін дауысқа салады. Халық қолдауына ие болса, еліміздің басты құқықтық құжатындағы 33 бап өзгеріске ұшырап, толықтырылмақ. Оның барлығын да Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобы кеңінен талқылады. Осы орайда аталған жұмыс тобының мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдiрәсiловпен сұхбаттасқан едік. – Ермек Баяхметұлы, рефе­рен­дум нәтижесінде Консти­туцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың қоғам өміріне ықпалы қандай болмақ? – Бұл өзгерістерді қоғамның әрбір мүшесі сезінеді. Бұл өз­ге­рістер мен толықтырулар тікелей немесе жанама түрде адамның құқығы мен бостандығын қор­ғауға ықпал етеді. Тікелей ықпал етудің мына­дай мысалы бар. Мәселен, Конс­титуцияға сай біз өлім жазасынан толықтай бас тартамыз. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уә­кілдің мәртебесі Конституция­да бекітіледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауда мол мүмкіндікке ие. Бұдан бөлек, Конституция­лық Сот құрылады. Кез келген адам өзіне Конституцияға қарсы норма қолданылады деп есептесе, ол Конституциялық сотқа тіке­лей жүгіне алады. Бұрын қазіргі Консти­туциялық Кеңеске жүгіне ал­майтын. Соттар ғана норматив­ті-құқықтық актілер Конститу­ция­ға сай келмейді деп жүгінеді. Бі­рақ мұндай жағдайлар тәжіри­беде өте сирек кездеседі. Өйткені соттар көбіне азаматтардың өті­ніштерін елемейді. Жаңа өзгертулер мен толық­тырулар азаматтардың сайлау құқығын жетілдіруді көздейді. Аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Сайлаушылар жеке азаматқа да, партияға да дауыс бере алады. Сол арқылы азаматтардың бар­лық санаттардың үні Парламент­ке жетпек. Тіпті, партия қатарын­да жоқ, алайда қоғам алдында беделге ие тұлғалар заң шығару­шы органға депутат болып сай­лануы мүмкін. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың қоғам өміріне жанама түрде ық­пал етуіне конституциялық нор­малардың қатарына Президент­тің саяси партиялардың мүшесі болмауын жатқыза аламыз. Сол арқылы мемлекеттік аппараттың партия құрылымдарымен бірі­гуіне жол берілмейді. Нәтиже­сінде, Парламенттің тәуелсіз­дігіне жол ашылады. Суперпрезиденттік жүйеден бас тарту да демократия прин­циптерімен үйлеседі. Консти­туцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қолдау тапса, Президент өздігінен Консти­туциялық Сот пен Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасын Сенаттың келісімімен ғана тағайындайды. Бұдан бөлек, Президент жергілікті әкімдердің актілерінің күшін жоя алмайды. Әкімдерді қызметке тағайындауда Прези­дент мәслихат депутаттарының қарауына кемі 2 кандидатты ұсы­нуы қажет. Басым дауысқа ие болған кандидат әкім болып та­ғайындалады. Сол арқылы бар­лық деңгейдегі жергілікті мәс­лихат депутаттарының беделі нығаяды. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң Президенттің аудан, ауылдық округтердің халық сайлаған әкім­­дерін жұмыстан босату құ­қығы да шектеледі. – Жұмыс тобының мүшесі ретінде қандай баптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныс бердіңіз? Ұсыныстарыңыз қолдау тапты ма? – Талқылауларда жұмыс то­бы­ның өзге мүшелерімен бірле­сіп, бірқатар ұсыныс пен то­лық­тыру бердік. Ұсыныс­та­рым­ның кейбірі толықтай және жар­­тылай қолдау тапты. Мәсе­лен, Конс­титуциялық Сот ту­ралы норма­ларды жалпы сот­тар­ға арналған бөлімнен тыс жазуды ұсындым. Неге десеңіз, Конституциялық Сот сот ісін жүр­гізудің ерекше және жоғар­ғы формасы. Бұл жұмыс тобы­ның өзге мүшелері бұл ұсыны­сымды қабылдады. Қазіргі Конституцияда «Сот­тар және сот төрелігі» деп ата­латын 7-бөлім бар. Оның ішіне прокуратура органдары да кірген. Бірақ прокуратура сот төрелігін жүргізбейді. Оны бөлек жазуды бұрыннан талап етіп жүргем. Бұл ойымды да жұмыс тобының мү­шелері қолдады. Конституция­ның жаңа мәтінінде «Соттар және сот төрелігі, прокуратура, адам құқықтары жөніндегі уәкіл» деп аталатын бөлім пайда болды. Бұл бөлім тиісті заң нормалары мен баптарды қамтиды. Мәжіліс пен Сенаттың заң қабылдаудағы өкілеттіліктерін жетілдіруге байланысты да ұсыныстарымды білдірдім. – Конституцияның жекеле­ген баптарына енгізілетін өз­ге­ріс­тер мен толықтырулар қанша­лықты өзекті деп ойлайсыз? – Бұл өзгерістер шын мәнінде өзекті. Билік тармақтары ара­сын­дағы өкілеттіліктер реттелді. Суперпрезиденттік респуб­ликадан ықпалды Парламенті, жауапты Үкіметі бар президенттік республикаға көшеміз. Нәти­жесінде, Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты артып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары­ның тиімді тетігі қарастырылады. Ата Заңдағы өзгерістер мен то­лықтыруларға байланысты жаңа заңдар қабылданып, кейбірі өзгертіледі. Халқымыз осы өзгерістерді қолдап, референдумға қатысуы керек деп ойлаймын. Сайып кел­генде, референдум еліміздің қо­ғамдық-саяси, әлеуметтік-эко­но­микалық өміріне үлкен өзгеріс әкеледі. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Шынболат АТЫХАНҰЛЫ