Жаһандық жылыну: қазақ қайтіп күн көрер?
Жаһандық жылыну: қазақ қайтіп күн көрер?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
765
оқылды
Бүгінде жаһандық жылыну жайлы ақпарат шаш етектен. Климаттың өзгеруі туралы экологтар ғана емес,  мемлекет басшылары да, халықаралық ұйымдардың жетекшілері де жиі айтатын болған.  Бірақ  қарапайым отандастарымыз үшін жаһандық жылынудың әсері әзірге байқалмайтындай көрінетіні бар. Бәлкім содан да шығар, алдағы 20 жылда Қазақстан табиғатын қалай өзгертуі мүмкін екеніне бұқара да, көптеген атқамінер де назар аудармайтын сияқты. Ал іс жүзінде  табиғатымыздың  қазіргі келбеті  өзгеріп кетуі бек мүмкін. Негізі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климат мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Сөйлеген сөздері мен баян­да­ма­ларының көбінде экология, климаттық өзгерістер жайлы айтады. Бірақ Мемлекет басшысының  бұл мәселеге назар аударуы – оның эколог екенін немесе экологияны өзге мәселелерден жоғары қоя­ты­нын білдірмесе керек. Дегенмен біздің пайымдауымызша, мұндай саяси ұстаным жаһандық үрдістерге ілесудің белгісі болса керек. Оның үстіне жаһандық жылынудың экология ғана емес, эко­номика, демография, миграция қатарлы көптеген салаға, құбы­лыстарға тікелей қатысы бар Суды сұрайтын күн таяды-ау... Өткен айда сенатор Ақылбек Күріш­баев Үкіметке депутаттық сауал жол­даған еді. Сенатор өз сауалында 2030 жылға қарай Қа­зақстандағы су ресурстары 15%-ға тө­мен­дейтінін айтты. Яғни, енді 8 жылдан соң елдегі су ресурстарының көлемі 90 текше ша­қырымнан 76 текше шақырымға дейін тө­мендейтін көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, шамамен 15%-дай азаяды деген сөз. Дү­ниежүзілік банк осындай есеп ұсынса керек. «Бұл елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін жылына шамамен 12-15 км³, яғни 15%-ды құрайтынын білдіреді. Бүгінге дейін эко­номикамызда су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі болған емес, сондық­тан біз әлі судың тапшылығын сезінбей отыр­мыз», – деген сенатор экономиканың түрлі сала­сына қатысты көптеген мемлекеттік бағдар­ла­малар мен ұлттық жобалар қабыл­дан­ғанын, бірақ «оларды жүзеге асыру үшін су ресурстары жете ме?» деген сауалға ешкім назар аудар­мағанын айтты. Сонымен қатар су шаруашы­лығына қатысты бірқатар түйт­кіл­дерді атап өткен сенатор су нысандарында мамандан­дырылған эксплуатациялық ұйым­дардың жоқтығын атап өтті. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, бүгінде елдегі 235 орталықтандырылған сумен және 483 орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері иесіз қалыпты. Ал республикада суару жүйелерінің пайдалы әсер коэффициенті 0,45-0,55-тен аспайды, яғни суармалы судың өнімсіз шығыны 50%-ға жетеді. «Суармалы егістіктің тек 16%-ында ғана тамшылатып суару технологиялары мен жаңбырлатқыш қондырғыларды пайдаланы­лады. Басқаша айтқанда, суармалы судың көп бөлігі құмға кетеді деуге болады. Сон­дықтан суармалы егіншілікті мемлекеттік қолдау саясатын өзгерту қажет», – деді Ақыл­бек Күрішбаев. Оның айтуынша, елі­мізде суы тектен-текке ағып жатқан 2 200 ұң­ғыма бар екен. Сөйтіп өзен-көлдің де, жер ас­тының суын да ысырап етіп жатқан жайы­мыз бар. Әрине, сенатор 2030 жылға дейін болатын өзгерістерді алға тартса, халықаралық бір­қатар сарапшылар жаһандық жылынудың сал­дарынан су тапшылығы алдағы 20-30 жылда тіптен артатынын айтады. Айталық 2050 жылға қарай су тапшылы­ғы сұраныстың 50 пайызына дейін жетеді деген болжам да айтылып жүр. Дегенмен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі біздің ресми сауалымызға берген жауабында өзге­ше дерек келтірді. Министр­лік ма­мандары жалпы су тапшылығы сезіл­генімен тау бас­сейн­деріндегі су көбейетінін атап өткен. «Қа­зақ­станның тау бассейнде­ріндегі су ресурстары 2050 жылға қарай орта есеппен 6%-дан 17%-ға артуы мүмкін, ал 2100 жылға қарай орта есеппен 10%-дан 22,3%-ға төмен­деуі мүмкін. 2050 жылға қарай су ресурста­рының ұлғаюы негізінен мұз­дықтар ағынның қалыптасуына қатыса­тын Оңтүстік бассейн­дердің есебінен бола­ды, ал 2100 жылға қарай азаюы осы мұздық­тар­дың сарқылуы сал­дарынан болады. Батыс, солтүстік және ор­талық Қазақстан өзен­дерінің жазық бас­сейндерінде су ресурс­тары өткен жылғы ағын нормасымен салыс­тырғанда ғасырдың ортасына қарай 3,7% – 15%-ға, ал ғасырдың соңына қарай 9,2% – 23,7%-ға төмендеу үрдісіне ие» делінген жауапта. Шамасы, министрлік пен Дүние­жүзілік банктің есебі бір-бірімен үйлес­пейтін сияқты. Өйткені министрлік ғасыр ортасын межелеп отыр, ол дегеніңіз ша­ма­мен 2050 жылдар, ал Дү­ние­жүзілік банк 15%-ға азаяды деп көрсет­кен мерізімге 8-ақ жыл қалды. Жалпы, су тапшылығы мәселесі өте өзек­ті тақырып. Бірақ оның өзі жаһандық жы­лыну мен қоғамның суға деген көзқараста­рына тікелей байланысты сияқты. Бұл жерде әлбетте өзен-көлдердің тартылуы, транс­шекаралық өзендерге қатысты саясат тәрізді көптеген фактор бар. Дегенмен азаматтардың суды үнемдеуі мәселесін қайта қарайтын кез жақындаған сыңайлы. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында кемі 435, Алматыда 938 көлік жуу орны бар екені жайлы деректер кездесті. Бәлкім, көлік жуу орындарының саны әлде­қайда көп болуы мүмкін. Егер жеңіл көлікті жууға шамамен 40 литр су ке­теді десек, екі қаладағы көлік жуу орындары күніне бір автомобиль жуғанның өзінде 55 тоннаға жуық су шығындайды. Егер әр көлік жуу ор­ны күніне 10 көлік тазаласа, мөлшер 500 тонна немесе 500 текше метрге жетеді. Бәлкім, бұл деректер назар аударарлықтай болмауы мүмкін, бірақ мәселе көлік жуу орын­дарының көбі құбырлар арқылы ке­летін таза суды қолданатынында болып тұр. Техникалық су үшін арнайы құбыр тарт­қыз­ған мұндай нысандар сирек. Біздің пайым­дауымызша, мұның өзі алдағы жыл­дарда суға қатысты жағдайдың ушыға түсуі мүмкін екенін байқатады. Су азайса, оның бағасы да өседі. Демек, нағыз «судың да сұрауы бар» дейтін кезеңге таяп қалдық. Қазақстанда ауа райы жылынып кетті Әдетте бет қаратпайтын үскірік аязымен есте қалатын Арқаның қысы соңғы жылдары тым суық болмай жүр. Елордада төңірегінде болатын ақ түтек боран да азайған. Бұқара бәлкім мұны астанамыздың төңірегіндегі жасыл белдеудің әсері деп ойлауы мүмкін. Бірақ Қазақстанда климат өзгеріп келеді. ХХ ғасырдың ортасынан бері еліміздегі ор­таша жылдық температура әр он жыл сайын 0,28°С жоғарылап келеді. Сөйтіп, Қазақстан­да ауа температурасы 1940 жылдан бері шамамен 2,24°С жылына түсті деген сөз. Бір қызығы, жыл мезгілдерінің ішінде қатты жы­лынғаны күз екен. Күздегі ауа температу­расы әр 10 жыл сайын 0,31°С-қа артып ке­леді. Демек, 82 жыл ішінде күздегі ауа тем­ператуасы 2,48°С жылынды деген сөз. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде орташа жылдық температура 2050 жылға қарай 2,4-3,1°С және 2100 жылға қарай 3,2-6,0°С өседі екен. «Қазгидромет» РМК ғы­лыми-зерттеу орталығының ди­ректоры Нұрлан Абаевтың айтуынша, Қазақ­станға жаһандық жылыну көбірек әсер етіп жат­қанға ұқсайды. Тіпті, Қазақстанда ауа тем­пе­ратурасының жы­лынуы Жер шарын­дағы орта­­ша қарқыннан жоғары екен. «Қазақстан­ның территориясы Еуразияның орталығын­да, мұхиттардан ай­тарлықтай қашықта ор­наласқан­дықтан, Жер шары бойынша орта­ша қарқыннан көбірек жы­лынуда. Орта­ша алғанда Қазақ­стан бойынша орташа ай­лық температура өсуі жалғасуда, 1976-2021 жылдар аралы­ғында өсу жылдам­дығы әр он жыл сайын 0,32° С құрады», – дейді Нұрлан Абаев. Маман тіпті соңғы жылдардың айтар­лық­тай жылы болғанын айтады. Мәселен, 2021 жылы Қазақстан территориясы бойын­ша орташа жылдық ауа температурасы +1,58°С болып, бақылау басталған 1941 жыл­дан бергі ең жылы жылдар қатарында 5-орын­ға шығыпты. Бір атап өтер жайт, ең жы­лы бол­ған он жылдың тоғызы ХХІ ғасыр­ға кіреді екен. Яғни, 2000 жылдан бері ауа темпера­турасының мейлінше жылынғаны тіркелген. Тағы бір атап өтер жайт, Қазақстанның батыс аймақтары, Түркістан өңірі қыста бұ­рынғыдан жылы бола түссе, орталық, шығыс пен солтүстік шығыста қыс әлі суық санала­ды екен. Көктемде барлық облыстардың же­рінде ауа температурасы жылынып кетке­ні байқалған. Яғни барлық аймақтарда көктем жыл өткен сайын ыстық бола түседі деген сөз. Ал жазда батыс аймақтар тіптен ыси түседі. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаз кезіндегі орташа температураның кө­терілуі тым жоғары емес. Солтүстікте көп өзгермепті. Күздегі ауа температурасының өсуі барлық аймақта байқалып, әр он жыл сайын 0,28-ден 0,45°С көтеріліп келеді. Ал ауа температурасының жоғарылауы өзге де мәселелердің туындауына алып келеді. Жер шөлейттеніп барады Жаһандық жылынудың әсерінен Алатау мен Алтай қатарлы таулардың мұздықтары еріп жатқаны жиі айтылады. Кейбір мә­ліметтерге қарағанда, 2100 жылдарға қарай мұздықтардың тең жартысы жойылуы мүм­кін. Ал мұндай жағдай қалыптасса, өзендер тартылатыны сөзсіз. Демек, қоғам жаһандық жылынудың нақты қандай қатер төндіріп тұрғанына назар аударуы керек тәрізді. Жеке азаматқа әсері жоқ сияқты көрінгенімен, алдағы 20-30 жылда қоршаған ортадан бас­тап, тіршілік-салтымызға дейін өзгеруі мүм­кін. Айталық, 2050 жылға қарай Қазақстан үшін аса маңызды дақыл саналатын жаздық бидай­дың шығымдылығы 13-49%-ға қыс­қаруы мүмкін. Тіпті, 2030 жылға қарай елдегі жайы­лымдардың сапасы 10%-ға төмендейді деген пікірлер тағы бар. Оған орман және дала өрт­тері жиі болатыны жайлы болжам­ды қосыңыз. Оның үстіне Қазақстанда барлық жердің 66%-ға жуығы шөлейттенуге ұшы­рағаны жайлы көңіл құлазытатын мәлі­меттер де жа­рия­ланып жатыр. Қысқасы, жаһандық жы­лыну­дың кері әсері қазірдің өзінде сезіле бастаған сыңайлы. «Қазгидро­мет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаевтың сөзіне қара­ғанда, 2000 жылдан бері құрғақшылық жиі­леген. «Қа­зақстанның негізгі астық егетін облыста­рында ауыл шаруашылығы үшін маңызды орташа құрғақшылықтың қайта­ла­ну ық­тималдығы 3 жылда 1 рет Батыс Қазақ­стан, Ақтөбе, Қара­ғанды, Павлодар және Ақмола облыстарында, 4 жылда 1 рет Қос­танай және Шығыс Қазақстан облыстарында, 5 жылда 1 рет Солтүстік Қазақстан облысында бай­қалады. Қатты құрғақшылық Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыс­тарында жиі қайталана бастады. Яғни, қатты құрғақшылық Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 4-5 жылда бір рет қайта­ла­нады. Ал Қарағанды және Қостанай облыс­тарында 6-8 жылда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында 11-15 жылда, Ақ­мола облы­сында 23 жылда, Сол­түстік Қазақ­стан облы­сында 45 жылда 1 рет құрғақшылық болады», – дейді Нұрлан Абаев. Ал мұндай жағдай алдағы 20-30 жылда Қазақстанның солтүстік облыстары ғана өмір сүруге қолай­лы аймақ қа­тарында қалуы мүмкін екенін айғақтап отыр. Жаһандық жылыну «Ұлы көшке» себеп болады Бүгінде теріскейге күнгейдегі халықты қоныстандыра алмай жүргенде 2050 жылға қарай солтүстік аймақтарға түрлі бағыттан ағылған адамдар қарасы молаюы мүмкін. Тағы сол Дүниежүзілік банктің былтырғы зерттеуіне сүйенсек, 2050 жылға қарай Ор­талық Азияда 2,4 млн адам ішкі көші-қонға қатысуға мәжбүр болады. Олардың көбі Өзбекстанның Ферғана аңғары мен Ташкент маңына, Тәжікстанның оңтүстігі мен Душанбе жаққа қоныс аударғанды құп көр­мек. Сонымен қатар Қазақстан астанасы мен одан солтүстікке қарай орналасқан аймақ­тарға қоныс аударатындар қарасы да мол болмақ. Мамандар климаттық миграция деп атай бастаған мұндай процеске Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының бірқатар аймағының, Ақтөбе, Қарағанды, жаңадан құрылып жатқан Ұлытау облыста­рының кейбір аудандарының тұрғындары қатысуы мүмкін екенін айтады. Өйткені атал­ған өңірдерде су тапшылығы пайда болып, ауыл шаруашы­лығын жүргізу қиындай түспек. Ал мұндай өңірлерден халықтың көшіп кететіні қалып­ты құбылыс.
ТҮЙІН: Бір сөзбен айтқанда, жаһандық жылыну­дың Қазақстанға әсерін әлі толық бағамдай алған жоқпыз. Қыс жылы болса қуанып, су тасыса таңданумен ғана жүрміз. Ал іс жүзінде жаһандық жылыну аса күрделі әлеуметтік, демографиялық, экономикалық, миграциялық, тіпті рухани-мәдени дағдарысқа алып келуі мүмкін. Одан бөлек, ресурстар тапшылығы аймақтық қақтығыстарға да апарып соғуы ық­тимал екенін жоққа шығармаймыз. Демек, та­би­ғаттың сынағына қазірден бастап-ақ даяр­ланған жөн шығар. Рас, жаһандық жы­лынуды сәл де болса тежеудің амалы ретінде әлем жұртшылығы көміртегі қоспаларын ауаға шығаруды азайтудан басқа тәсіл тапқан жоқ. Біздің пайымдауымызша, климаттық өзгеріс­тердің әсерін сезініп, суды, қуат көздерін, тіпті күллі ресурстарды үнемдеу дағдысын қалып­тас­тырудан басқа жол жоқ сияқты.